Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


16.04.2014

Түркі академиясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзара әріптестік жайлы меморандумға қол қойды

Бүгін Түркі академиясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзара әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Салтанатты жиынға Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және академия мен университеттің ғалымдары, академик, профессорлар құрамы қатысты. Бұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар меморандум аясында ғылыми жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу, түркология мәселелері бойынша бірлескен конференциялар, семинарлар және симпозиумдар өткізу, түркітану саласы бойынша мамандар даярлауда екі тараптың профессор-оқытушылар құрамы арасындағы ғылыми-әдістемелік байланысты орнықтыру, түркітану бойынша магистратура және докторантура жүйесінде мамандар даярлауда университеттің аудиториялық қорын бірлесе пайдалану, сонымен қатар, түркітану мамандығы бойынша студенттер мен магистранттарды, докторанттарды өндірістік және оқу тәжірибесі мен ғылыми тағлымдамадан өткізуге мүмкіндік жасауға келісті.

Д. Қыдырәлі өз сөзінде Түркі академиясының қазірдің өзінде көптеген шетелдік белді университеттермен, ғылыми институттармен тығыз ынтымақтастық орнатқанын алға тартты. «Бүгінде Қазақстандағы түркология мамандарының шоғыры орын тепкен Еуразия ұлттық университетімен әріптестік орнату Еуразия кеңістігінде түркология ғылымының соны серпінмен дамуына негіз болады», - деді ол.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов тікелей төрт елдің басшыларының бастамасымен құрылған Түркі академиясының маңыздылығын атап өтті. «Жуырда халықаралық мәртебе алғалы отырған Түркі академиясымен түркология саласында көптеген білікті ғалымдары бар Еуразия ұлттық университеті бірігіп жұмыс істесе, бүкіл түркі жұрты үшін пайдалы болады», - деді ол.

Айта кетейік, Түркі академиясы 18 мамыр күні Көне түркі жазуы күніне арнап халықаралық форум өткізбекші. «Түркі жазуы күнін атап өту туралы Қазақстанның игі шешімін Түркі Кеңесі қуана құптап, түгел түркіге ортақ мереке ету жайын бірауыздан қолдады», - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.


Источник:  http://www.inform.kz/kaz/article/2644225

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 02.04.2020 / 16:17 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/27952/index.php?print=Y