Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


21.10.2014

Елімізде тұңғыш "Білім тарихы" музейі ашылды

2014 жылғы 26 қыркүйекте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тәуелсіздік мұратына қызмет ететін тұңғыш «Білім тарихы» музейі ашылды.

Қазақстан «Білім тарихы» музейінің тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, кешегі Кеңес одағы кезеңінде республиканың оқу-ағарту саласын он жылдан аса басқарған Қожахмет Балахметов, парламент депутаттары, ғылым және қоғам қайраткерлері қатысты.

Тұсаукесер рәсімде жазушы Әди Шәріповтың зайыбы Клара Мыңжасарова Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа «Білім тарихы» музейі үшін қаламгердің жеке мұрағатынан құнды жәдігерлерді тапсырды.

Мұражайға профессор Кемел Ақышевтың компасы, Абай Құнанбаевтың 1939 жылы шыққан жинағы, Ахмет Байтұрсынұлының латын әрпімен басылған «Әліпбиі», Ыбырай Алтынсариннің алғашқы хрестоматиясы, 1922 жылы Орынборда ашылған қазақ қыздарының білім курсы туралы фотосуреттер, жалпы 905 жәдігер қойылып отыр. Бұған қоса Дихан Хамзабекұлы, Сұлтанхан Аққұлы, Нұрдәулет Белекұлы сияқты ғалымдардың жеке қорынан және Семей өлкетану мұражайынан, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтынан алынған құнды кітаптар мен фотосуреттер де бар.

Сан мың жылдың шежіресі жазылған «Білім тарихының» жаңа беті ашылып отыр. Мұражай Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен ЕҰУ-дің ректоры Ерлан Сыдықовтың идеялары бойынша жасақталды. «Елімізде білім тарихына арналған мұражай жоқ. Сондықтан ақпарат беру үшін осындай музей ашу туралы ой келді. Бүгін сол идеяны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырып отырмыз», – деді министр Аслан Сәрінжіпов.

Музейді ашудағы мақсат – ұлан-ғайыр территориялық аймақта ғасырлар бойы қалыптасып, сақталған мол мәдени-ағартушылық құндылықтарды жинақтай отырып, жұртшылық назарына ұсыну. Және жастардың бойына ізгілікті, білімге құштарлықты, тарихқа құрмет пен мақтаныш сезімін дарыту. Бағалы музей заттары мен мәдени құндылықтар жинақтамасын көпшілікке көрсету арқылы өткен тарихқа оң көзқарас қалыптастыру.


Источник:  http://alashainasy.kz/bil/elmzde-tungyish-blm-tarihyi-muzey-ashyildyi-54951/

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 25.02.2020 / 21:31 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/31928/index.php?print=Y