«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының мұражай-кабинеттері

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізінде құрылған. Аталған ғылыми орталықтың мақсаты ретінде еліміздің тарихы мен рухани мәдениетіне, қолжазбалық кітаптар мұрасын, заттай жәдігерлерді бір орталыққа жинап, мәдени құндылықтарымызды дамыту әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Бұл жер сирек кітаптар қорының басты орталығы болып табылады.

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры – белгілі жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай. Ғылыми орталықта барлығы 13 ғылыми қызметкер жұмыс атқарады.

Орталықтың қызмет аясы ғылыми ұйымдастыру, ғылыми-мәдени қызмет көрсету, ғылыми ағарту салаларын үйлестіруге бағытталған.

Сирек қолжазбаларды, сирек кітаптарды, түркі, қазақ жазу үлгілерін, ғылыми басылымдарды және заттай жәдігерлерді жинау, оларды сақтау тұрғысында бұл орталықтың маңызы зор. Негізгі құрылымдары: ғылыми зерттеу бөлімдері; сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинақтау және жүйелеу бөлімі; кітаптану бөлімі.

Ал орталық қорының жалпы саны – 42839, соның ішінде 5033-і сирек кітаптар болса, қолжазбалар саны – 1657. 6 мыңнан астам көне түркі, соғды, көне қыпшақ, араб, парсы, қазақ тілінің крирлл, төте, латын қаріптеріндегі қолжазбалар мен кітаптар сақталған.

Құнды әрі сирек кітаптар қатарында В. Томсон 5 томдығының түпнұсқасы, Әл-Фарабидің 11 ғылыми трактаттары қолжазбасының көшірмелері, Қытайдың Сун патшалығы кезіндегі философтары Шың-Гу мен Жоу Цзянның «Жоу дәуіріндегі даналардың шешендік сөздерінің түсіндірмесі» қолжазба кітабының түпнұсқасы, Г.Гейкелдің «Орхон Енисей ескерткіштері» атласының ғылыми көшірмесі және тағы да басқа әлемдік жәдігерлер қатарына жатқызылатын тарихи қолжазбалары мен кітап үлгілері бар.

Орталықта сонымен қатар электронды каталог, аудио-видео, фото құжаттар, мерзімді басылымдар, Германия Федеративті Республикасының сыртқы істер министрі Н.Д. Геншердің, Қазақстан композиторлар одағының қоры бар. Композиторлар одағының қорында Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев сынды сазгерлердің қағаз бетіне түсірген ноталары, шығармаларымен танысуға болады.

Қазақ ғалымдары мен жазушылар, қоғам қайраткерлерінің жеке арнайы мұражай-бөлмелері де ұйымдастырылған.

Академик Кемел Ақышевтің мұражай-кабинеті (102 бөлме).

Қазақ археология ғылымының негізін салушы ғалым, қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Кемел Ақышевтың мұражай кітапханасы ғалымның шығармалары мен зерттеулеріне бай. Оның мұрасының негізі ретінде археологиялық сызбалар мен карталар, суреттер, қолжазбалары да сақталған.

Академик Ә.Марғұланның мұрағат кітапханасы (202 бөлме).

Археолог ғалым, ғылым қайраткері, Қазақ ССР ҒА-ның академигі Әлкей Марғұланның жеке қорында кітаптары, зерттеу жұмыстары, өзі пайдаланған заттары сақталған.

Әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы, академик Мұхамеджан Қаратаевтің кітапханасы (203 бөлме). Оның жеке кітапханасында 1500 кітап пен қолжазбалар, ескерткіш заттары сақтаулы тұр.

Жазушы Сапарғали Бегалиннің мемориалдық мұражай-кітапханасы (202 бөлме).

Балалар жазушысы С.Бегалиннің қорында 500-ге тарта қолжазбалары мен шығармалары жинақталды.

Академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың мұражай-кітапханасы (303 бөлме).

Академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Қирабаев Серік Смайылұлы мен жаратылыстану ғылымдарының докторы, профессор Әлия Бейсенованың жеке қор мұражайы да орталықтың негізгі мұрасы саналады. Мұнда Серік Қирабаевтың шығармалары, қолжазбалары сақтаулы тұр, қор саны 5800-ден асады.

Академик Рабиға Сыздықованың кітапханасы (203 бөлме);

Тілші-ғалым, ф.ғ.д., профессор Рабиға Сыздықованың орталықтағы мұражай-кітапханасында 2000-нан аса құнды анықтамалық, сөздіктер, қазақ тілінің тарихына қатысты кітаптар жинақталды.

Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің кітапхана қоры (203 бөлме).

Ғалымның мұрасында кітаптар, шығармалар, сирек кітаптар мен қолжазбалар бар. Қордың жалпы саны 5000-нан асады.

Профессор, филология ғылымдарының докторы фольклортанушы Оразгүл Нұрмағамбетованың кітапхана қоры (203 бөлме) да бай. Оның зерттеу еңбектері, шығармалары, қолжазбаларының жалпы саны 700-ден асады.

Ақселеу Сейдімбектің мұражай-кітапханасы (203 а бөлме).

Ғалым, жазушы, ф.ғ.д., профессор Ақселеу Сейдімбекке арналған арнайы залда оның қолжазбалары, жазған шығармалары, кітаптарының бай мұрасымен танысуға болады. Барлығы 1200-ден асатын қорда Ақселеу Сейдімбектің ұлттық мәдениет, әдебиет пен өнерге қатысты еңбектері, пайдаланған заттары да сақтаулы тұр.

Профессор Тұрсын Жұртбайдың қоры (202 бөлме).

Жазушы, ғалым, ф.ғ.д., профессор Тұрсын Құдакелдiұлының кітапхана қорында қолжазбалар мен мұрағаттардың көшірмелері, қазақ тарихына қатысты 700-ден аса кітаптар бар.

Мұндағы сирек қордағы кітаптар қолға берілмейді. Бірақ, оқырмандардың бұл кітаптарды кітапхананың ішінде оқу мүмкіндігі бар және аталған қазақ ғалымдарының жеке заттарымен де таныса алады.

Рухани орын саналатын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы мен «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы барша оқырмандарын қуанышпен қарсы алады.



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 07.12.2016 / 21:12 ): www.enu.kz/gylym/gylymi-zertteu-instituti/сentr-otyrar-kitapkhanasy/murazhay.php?print=Y