Журналистика мәселелерін зерттеу институты

Құрылымы: институт қазақ журналистикасының қазіргі заманғы өзекті мәселелері мен тарихи тәжірибесін зерттеушілер тобынан құралған.

Институт директоры – Н.Омашев, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары

ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің гранттары мен тендерлеріне қатысу және оны орындау; журналистиканың бүгінгі мәселелері мен тарихына арналған ғылыми-көпшілік кітаптар шығару; халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар мен форумдар, дөңгелек үстелдерге қатысу және оларды ұйымдастыру; журналистика саласы бойынша ғылыми еңбектерді жинақтап, жүйелеу, қорғалған диссертациялардың картотекасын жасау, осылардың негізінде журналистика ғылымының жүйелі дамуына ықпал ету, т.б.

Ғылыми жетістіктері мен зерттеме нәтижелері

2008 жылы «Қазақ журналистикасы» атты үштомдық еңбек жарыққа шықты. Бірінші томы – «Қазақ баспасөзі», екінші томы – «Қазақ теледидары», үшінші томы – «Қазақ радиосы» деп аталады. Журналистиканың бүгінгі мәселелеріне арналған бұл академиялық еңбектер студенттер мен зерттеушілер, жалпы журналистер қауымы арасында зор резонанс тудырып, кең қолданысқа ие болды.

Журналистика мәселелерін зерттеу институтының алғашқы өнімі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұжымы мен студенттері жоғары бағалап, ерекше ықыласпен қабылдаған «Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» атты оқулық. Ол соңғы бекітілген типтік оқу бағдарламасына орай шығарылды. Онда кредиттік технология талаптарына сәйкес әр тараудың модульдері көрсетіліп, сол бойынша қойылатын сұрақтар мен қажетті әдебиеттер ұсынылған. Курс жобалары, семинар сабақтарының тақырыптары, оған берілген жауаптардың кешенді түрде қамтылуы болашақта жазылар оқулықтар үшін де үлгі.

2010-2011 жылдары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Алаш көсемсөзі» атты академиялық 10 томдық жарық көрді. Оған өткен ғасыр басында араб қарпімен жарық көрген «Шолпан» (1-2 том), «Жас Түркістан» (3-4 том), «Сана» (5 том), «Таң» (6-7 том), «Абай» (8 том), «Сарыарқа» (9-10 том) басылымдарының жарияланымдары енгізілді.

10 томдыққа енген басылымдардың бірде бірі еліміздің мұрағаттарында толық күйінде сақталмаған. Мәселен, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың бас редакторлығымен 1929-1939 жылдары Францияда, Берлинде шыққан «Жас Түркістан» журналының түпнұсқасы Американың Колумбия университетінде, көшірмесі Түркияда сақталған. Осыған дейін Мұстафа Шоқайдың жеке-дара мақалалары ғана қарастырылса, бұл томдарды шығарушылар «Жас Түркістандағы» жарияланымдарды тұтас жарыққа шығаруды мақсат етті.

Ғылыми жобалар

2007-2009 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты даму негізі» атты бағдарлама аясында «Ұлттық идея қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйелеу, талдау және жариялау» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Үш жылда «Алаш мұрасы: әліпби мәселесі», «Алаш мұрасы: жер мәселесі», «Алаш мұрасы: дін мәселесі» тақырыбында ХХ ғасыр басында жарық көрген Алаш баспасөзінің материалдары жиналды.

2010-2011 жылдары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Алаш баспасөзі тігінділері мен нөмерлерін іздеп табу, жарияланымдарын араб әліпбиінен кириллицаға аудару, академиялық жинақ етіп шығару» атты ғылыми жоба орындалды. Мұнда ғасыр басында араб қарпімен жарыққа шыққан қазақ басылымдары: «Шолпан», «Жас Түркістан», «Сана», «Таң», «Абай», «Сарыарқа» басылымдарында жарияланған Алаш қайраткерлерінің құнды көземсөз мұралары кириллицаға түсіріліп, «Алаш көсемсөзі» атты академиялық 10 томдық кітап шығарылды.

«Алаш көсемсөзі» сериясымен жарық көрген бұл құнды еңбектер қазақ әдебиеті мен төл журналистикамыз үшін және қоғамдық, гуманитарлық ғылымдар үшін де маңызы орасан зор.

Халықаралық байланыс

ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ORBICOM ұйымына ТМД елдері ішінен екі-ақ ғалым ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, әрі профессоры болып қабылданған. Оның бірі – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің байырғы деканы, профессор Я.Н. Засурский. Екіншісі – журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашұлы. Халықаралық мәртебелі ORBICOM ұйымы жыл сайын әлемнің әр жерінде журналистиканың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырып отырады. Намазалы Омашұлы осы ұйымның 1995 жылдан тұрақты мүшесі ретінде Лас-Вегаста (АҚШ), Париж (Франция), Монреаль (Канада), Барселона (Испания), Сеул (Оңтүстік Корея), Москва (Ресей) және т.б. қалаларда Қазақстан мен Орталық Азия журналистикасының жай-күйі туралы ғылыми баяндамалар оқыды. Ол баяндамалар осы дүниежүзілік ұйымның «Orbicom» басылымында жарық көріп тұрды. 



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 11.12.2018 / 16:19 ): www.enu.kz/gylym/gylymi-zertteu-instituti/institut-po-izucheniyu-problem-zhurnalistiki/index.php?print=Y