Мекен жай:
Қазақстан Республикасы
010008, Астана
Мұңайтпасов көшесі 5
Тел.: 8 (7172) 35 38 06
Факс: 8 (7172) 35 38 08

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы 23 мамырдағы бастамасымен құрылды. ЕҰУ Елбасының жіті бақылауында болатыны тегін емес. 2001 жылғы 5 шілдедегі Жарлығымен университетке «Ұлттық және жалпыадамдық құндылық, ғылым мен техника жетістіктері негізінде тұлғаларды дамыту мен кәсіби қалыптастырудағы елеулі үлесі» ерекше мәртебесі берілді.
Президенттің жаңа астаналық университетке ұлы ойшыл, түрколог, шынайы еуразияшыл Л.Н.Гумилевтің атын беруінде терең мағына бар. Мұндай ерекше бітімді қадам жалпыхалықтық көшбасшының ойлау құлашының кеңдігін көрсетеді.
2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да болған кезінде: «...Еуразия ұлттық университеті - таңдаулы жоғары оқу орнының талабына сай болу қажет» деп айтқан болатын.
Бүгінгі таңда ЕҰУ – еуразияшыл ойдың нақты көрінісі, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастар, экономика және саясат, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер салалары бойынша мамандандырылған элитарлы кадрларды дайындаудың болашақтағы университеті.
Соңғы жылдар ішінде университет өз құрылымын жаңартып келеді. Қазіргі таңда
ЕҰУ-де 12 бейінді факультет жұмыс істейді. Қазір оның құрамында бакалавриатта - 61 мамандық, магистратурада - 64 мамандық, Ph.D докторантураcында - 29 мамандық бойынша мамандар даярлануда. 2011-2012 оқу жылында студенттер саны – 11 300 құрады. Сондай-ақ, грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша биыл Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 3075 студентімен көш бастады. Оның ішінде 906-сы «Алтын белгі» иегері, 132-сі республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Сонымен қатар университетте екі әскери-оқу мамандығы бойынша запастағы офицерлерді дайындайтын әскери кафедра жұмыс істеуде. Университет құрамында жалпы саны 25 ғылыми мекемені құрайтын түрлі ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, зертханалар бар. Елбасының бастамасымен ЕҰУ-де М.В.Ломоносов атындағы ММУ–дің қазақстандық филиалы ашылған. ЕҰУ шын мәнінде Қазақстанның ірі білім және ғылыми орталығы болып табылады. Кафедраларда, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарда 900–дей оқытушы сабақ береді, олардың 65 пайызы ғылым докторы, профессор, түрлі академиялардың корреспондент–мүшелері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлық иегерлері, ғылым кандидаттары мен доценттер. Италия, Испания, Иран, Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Жапония сияқты шетелдерден келген оқытушылардың болуы білім беру сапасын арттыра түседі.
Университетке шетелдік мемлекет басшылары, жоғары мәртебелі қонақтар жиі келіп тұрады. Бұл сапарлар ЕҰУ-дің жоғары беделінен хабар береді. Мемлекет басшылары, жоғары дәрежелі қонақтар университетпен танысады, студенттер мен оқытушылар алдында баяндама оқиды. Мұндай кездесулердің маңызын айтып жеткізу оңай емес. ЕҰУ-дің студенттері халықаралық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын саясаткерлер мен елшілерден білім мен тәжірбие алу мүмкіндігіне ие. Бұндай кездесулер студенттер мен оқытушылардың жалпы мәдени, интеллектуалдық және саяси деңгейін көтеруге әсерін тигізеді, университеттің халықаралық деңгейдегі беделін көтереді.
2011 жылдың мамыр айында Еуразия ұлттық университетінде Нобель сыйлығының лауреаттары : Роберт Ауманн (2005 жылдың Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы), Роджер Корнберг (2006 жылдың Химия саласы бойынша Нобель сыйлығы), Джон Нэш (1994 жылдың Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты) және Джеймс Миррлис (1996 жылдың Экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы ) дәріс оқыды. ЕҰУ-де жиі өткізіліп тұратын мұндай ғылыми-практикалық конференциялар мен «дөңгелек үстелдердің» жиі өткізіліп тұруы – студенттер мен оқытушылардың білімділігі мен біліктілігін арттыруда, университеттің Халықаралық деңгейде беделін көтеруде маңызы зор.
Университетте докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғататын диссертациялық кеңестер жұмыс істейді, магистратура мен докторантура бар. 2005 жылдан бері шетелдік жетекші оқу орындарының бағдарламасы бойынша шетелдік кеңесшілермен бірге РһD докторларын дайындау басталды.
Университеттің ғылыми кітапханасы - Қазақстан Республикасындағы
университтеттік ірі кітап жинағының бірі болып отыр. Кітапхана қоры 1 миллионнан астам бірлікке ие. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 шілдедегі жарғысымен ЕҰУ-дің ғылыми ктіпхана базасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы құрылды. Бұл орталықтың мақсаты – еліміздің жазба рухани-тарихи мұраларын сақтау, жинақтау, жүйелеу, қазақстандық тарихи жазбалар қолжазбаларын және сирек кітаптарды кеңінен пайдалану, кітапхананың ғылыми базасын дамыту және кеңейту, мәдени және ғылыми мұраларды насихаттау.
Кез-келген ғылыми мекеменің маңызды көрсеткіші қазіргі заманғы компьютерлік және телекоммуникациялық базаларының болуы. Қазіргі кезде Еуразия ұлттық университтетінде 1700 заманауи компьютер орнатылған, олардың 360-ы ғаламторға қосылған. Университтеттің қызметкерлері мен студенттері күнделікті жұмыстары мен оқуларында ақпараттық жүйеге тегін қол жеткізу құқына ие.
Біртұтас телекоммуникациялық желі құрылады. Бұл жобаны іске асыру - білім беру үдерісіндегі алға басу. Біртұтас ақпарттық кеңістік оқудың қазіргі заманғы тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді: мультимедиялық және электрондық дәрістер, білімді тексерудің тестік формалары, шетелдік белгілі ғалымдардың қатысуымен бейнеконференциялар мен бейнедәрістер.
Материалдық–техникалық база табысты дамуда. «Студенттер үйі» пайдалануға берілді. Онда ыңғайлы бөлмелер және көлемі 20 мың шаршы метрлік оқу – зертханалық корпусы бар. Ең соңғы техника жетістіктерімен қамтамасыз етілген телестудия ашылды.
Университетте спорттың әр түрінен 20 секция бар. Жыл сайын оқытушылар мен қызметкерлердің спартакиадасы өтіп тұрады. Спорттық секцияларға қатысып жүрген көптеген студенттер жоғары дәрежелі жарыстарға қатысып, өздерінің Альма-Матеріне, астанаға және бүкіл елге үлкен даңқ әкеліп, табыстарға жетуде. Біз әлем, Еуропа, Азия және Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері болып жүрген біздің студент-споршыларымызбен мақтанамыз.
Элиталы университет бұл тек қана ғылыми, мәдени білім беру орталығы ғана емес. Сондықтан Еуразия университеті студент жастардың ұлттық-мәдени, рухани, эстетикалық, ұлтжандылық, адамгершілік тәрбиелеріне зор көңіл бөледі.
Осының барлығы елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың университет ұжымының алдына қойған маңызды мақсаттары орындалып және табысты іске асырылып жатқандығына дәлел.
Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛЬМІ