Мекен жай:
Қазақстан Республикасы
010008, Астана
Мұңайтпасов көшесі 5
Тел.: 8 (7172) 35 38 06
Факс: 8 (7172) 35 38 08
Әбдіраш Ақылбеков: «Мектеп оқушыларының математикалық білімдерін жетілдіру қажет»
Бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Білім ордасының мемлекеттік және халықаралық дәрежедегі жетістіктері жайында көптеп айтуға болады. Білім мен ғылым саласындағы жеткен көрсеткіштер осында еңбек етіп жатқан білікті мамандар мен оқытушы-профессорлардың арқасында жүзеге асуда. Жаңа 2010-шы оқу жылы қарсаңында біз оқырман қауымын Еуразия ұлттық университетінің бүгінгі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты хабардар ету мақсатында факультет декандарымен сұхбаттар топтамасын ұсынамыз.
- Әбдіраш Тасанұлы, өзіңіз басқарып отырған факультетіңізде білім берудің басым бағыттары туралы айтып берсеңіз?
- Қазіргі кезде біздің факультетімізде «Есептеу техникасы», «Ақпараттық жүйелер» және «Информатика» кафедралары жұмыс істеуде. Онда жоғары білікті мамандар - докторлар, ғылым докторлары және PhD докторлары қызмет етуде. Олардың ішінде «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор А.А.Адамов, «Есептеу техникасы» кафедрасының меңгерушісі, ҚР білім, ғылым және техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, техника ғылымдарының докторы, профессор А.А.Шарипбаев, «Информатика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.С.Малибекова, техника ғылымдарының докторы С.С. Боранбаев, физико-математика ғылымдарының кандидаттары, доценттер С.С.Заурбеков, Л.Л.Ла, Е.Н.Сейткулов, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент М.О.Мукашева, Ph.D докторлар С.А.Алтынбек, Н.А.Адамов, Г.Т. Бекманова, М.М. Муратбеков және тағы басқа белгілі ғалымдар бар. Факультетте 20- дан астам ғылым докторы, 50- ден аса ғылым кандидаты және доценттер қызмет атқарады. Факультет студенттеріне ақпарат теориясы, информатика, компьютерлік жүйелердің интерфейстері, алгоритмдеу және программалау тілдері, визуалды программалау, жүйелік программалау, кодтау және алгоритмдер теориясы сияқты базалық пәндер оқытылады.
- Биыл факультетке қанша талапкер құжат тапсырады деп есептейсіз? Өткен жылдармен салыстырғанда олардың саны қаншаға өсті? Бұл үрдісті Сіз немен байланыстырасыз?
- Биыл қабылданатын студенттердің саны жоғары болады деген болжам бар. Себебі факультеттің ұйымдастыруымен Астана қаласында ғана емес, жалпы, республика бойынша көптеген мектептерде талапкерлерді біздің университетке кеңінен тарту жұмыстары үздіксіз жүргізілді.
- Мектептен келіп жатқан талапкерлердің білім деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
- Мектептен келіп жатқан жастардың білім деңгейі қанағаттанарлық. Олардың математика бойынша алған білімдерін жетілдіру қажет.
- Алдағы оқу жылы талапкерлер үшін қандай жаңалықтармен басталмақ?
- Биыл математикалық контентті тереңдету, студенттердің және магистранттардың аналитикалық дайындалу деңгейін арттыру, программалық қамтаманың жетекші инструменттерін енгізу және басқа да пәндік жұмыстарды енгізу жоспарланып отыр.
- Студенттерге білім берудің практикалық жағы қалай жүргізіледі?
- Факультетте білім алатын студенттер терең теоретикалық дайындықты практикамен ұштастыра біледі. Олар бірнеше программалау тілдерін біледі. Біздің студенттер Ломоносова атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалында, ҚР Білім беру және тестілеудің мемлекеттік стандарттарының халықаралық орталығында, ҚР Қаржы министрлігінде, Салық комитетінде, ҚР Ақпараттық байланыс агенттігінде, «КазМұнайГаз» ұлттық компаниясында, ҚР Білім және ғылым министрлігінде және тағы басқа мемлекеттік органдарда өндірістік іс-тәжірибеден өтіп тұрады..
- Сіздің факультетіңізді бітірген түлектерге еңбек нарығындағы сұраныстың деңгейі қандай?
- Біздің факультетті бітірген түлектерге еңбек нарығындағы сұраныстың деңгейі өте жоғары. Олар ақпараттық жүйелерді эксплуатациялау, өңдеу және енгізу үшін әртүрлі деңгейдегі ұйымдар мен мекемелерде қызмет етеді, сонымен қатар, факультет түлектері аппараттық қызметті жобалау, эксплуатациялау, әкімшілік қызмет атқару, тестілеу, жетектеу және қамтамасыз ету бойынша табысты еңбек етіп келеді.
- Факультетте оқып жатқан студент - жастардың университеттің ғылыми және мәдени - қоғамдық өміріне араласуы жайында айтып берсеңіз?
- Факультет студенттері көптеген мәдени іс-шараларға қатысады. Бізде көңілділер мен тапқырлар командасы, әртүрлі клубтар мен үйірмелері бар. Факультетте салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды көздейтін мәдени-спорттық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Осының нәтижесінде профессорлық- оқытушылар және студенттер құрамы университет ішіндегі спартакиадаларда жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!