Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы
Әлеуметтік ғылымдар факультеті, №111 аудитория, телефон: 37-67-83
Кафедра меңгерушісі –ф.н.к., доцент Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов
Кафедра туралы мәлімет:
Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы 2009 жылдың 26 ақпанында университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Қазақстан медиарыногының заманауи талаптарына сай мамандар даярлау мақсатында ашылды. Студенттер телерадиохабарлардың тілі мен телемәтіндердің драматургиялық негіздері, теледидар мен радиодағы ақпараттар өндірісі, интернет-журналистика, жарнама технологиясы, PR-бағдарламаларды жобалауды оқып-үйренеді. Кафедраны бітірген түлектер қазіргі күні теле-радио арналарында, республикалық басқару органдары, ұлттық компаниялар және ірі кәсіпорындардың жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті мен баспасөз қызметтерінде жұмыс істейді.
Кафедра меңгерушісі - Ғаділбек Мінәжұлы Шалахметов. Белгілі қоғам қайраткері, «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының бірінші президенті, Қазақстан Мемлекеттік кино кәсіпорнының бас редакторы, Қазақстан телевизия және радиохабарлары жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің тұңғыш баспасөз хатшысы және баспасөз қызметінің директоры, Қазақ ақпарат агенттігінің президенті қызметтерін атқарды. Ғ.М.Шалахметов – КСРО Журналистер одағы, Ленин комсомолы сыйлықтарының иегері. ҚР «Парасат» орденімен марапатталған. Ол магистратурада «Журналистика және жаһандану үрдістері», бакалаврда «Ақпараттық агенттіктер жұмысының ерекшеліктері» деп аталатын курстарды оқиды.
Дәрістер мен тәжірибелік сабақтарды жоғары деңгейдегі тәжірибелі мамандар жүргізеді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Ш.Нүриден, көп жылдар телерадио саласында жұмыс істеген Р.К. Аманжолова, Ш.Қазығұлов, Ұ.М.Есенбек, Т.М.Тампаева, К.Қ. Жұмағұлов, Ш. Қанашева, М. Құмарова сияқты мамандар дәріс береді.
Кафедраның оқытушы – профессорлық құрамы шетелдік ЖОО орындарымен үнемі байланыс жасап келеді. Қазіргі кезде кафедра Мәскеу ЖОО телерадиожурналистика және жұртшылықпен байланыс кафедрасы арасында, радио және телевизия халықаралық Академиясымен ынтымақтастық орнатқан. Жаңа кафедраның дүниеге келуі оқу-тәрбиелік үдерістерді оңтайландырып, оны тәжірибеге жақындата түсуге мүмкіндік береді.
Кафедрада РR, телерадиожурналистика мамандарын қатыстыру арқылы семинар, конференциялар, тренингтер өткізу қолға алынған.
Тәжірибелік сабақтар университеттің телерадиокешенінде өткізіледі. Арнаулы жабдықталған телерадиостудияда сабақтар өткізу болашақ журналистер даярлап, олардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне қолайлы ықпал жасайды.