Мекен жай:
Қазақстан Республикасы
010008, Астана
Мұңайтпасов көшесі 5
Тел.: 8 (7172) 35 38 06
Факс: 8 (7172) 35 38 08
Неге мен журналистика мамандығын таңдадым?
Мен, Мықтыбаев Нұрсұлтан Ертуғанұлы, республика көлеміне өзінің өнер өкілдерімен, сүлейлерімен даңқы шыққан, топырағына өнер мен өлең түнеген, алтын құрсақ топырағынан жүз жиырма жырауды дүниеге әкелген Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан келдім. Бала кезімнен от ауыз, орақ тілді журналист болуды армандап өстім. Әрине, журналист болу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ол үшін тынбай еңбектену, талмай іздену, айналаңда болып жатқан нәрселерді көзбен көре білу қажет. Мені осы мәселелер бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімнен-ақ ойландырды. Болашақта аузымен от көсеген мықты журналист болуға бейімделіп, сол бағытта жұмыс жасай бастадым. Алғашқы мақалаларым, өлеңдерім 4-сыныпта оқып жүрген кезімде республикалық «Ұлан», аудандық «Қармақшы таңы» газеттерінде жарияланды. Бала кезден басталған тырнақалды мақалаларым кейін келе зерттеу мақалаларына ұласа бастады. Топтама өлеңдерім де кең ауқымда жарияланды. Сөйтіп жүріп, облыстық, республикалық байқауларда бағымды сынай бастадым. Бұл қадамдарым да өзінің оң нәтижесін берді. Ең үлкен бағындырған жетістігім деп 2008 жылы Астана қаласында «Жас Қаламгер» ІҮ халықаралық фестивалін айта аламын. Мен бұл байқауда Гран-При жүлдесін жеңіп алған едім.
Биыл елордамыздағы көшбасшы университет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетіне құжаттарымды тапсырып, бағымды сынаудамын. Мен шығармашылық емтиханға облыстық, республикалық баспасөздерде жарияланған 250-ден аса мақалаларымды, өлеңдерімді, ғылыми жұмыстарымды, түрлі байқаулардың сценарийлерін, марапаттауларымды әкеліп өткіздім. 2 шілде күні бірінші жазбаша түрдегі шығармашылық емтиханға қатыстым. Нәтижесі жаман емес. Бүгін екінші шығармашылық емтиханға қатыстым. Оның да нәтижесі жақсы болады деген үміттемін. Бір айта кетерлігі, жалпы қабылдау комиссиясындағы, факультеттегі ұстаздардың бәрі бізді алғашқы күннен бастап жатсынбай, ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс жол-бағыт сілтеуде. Шығармашылық емтихандар әділ түрде өтіп жатыр. Емтиханнан алған бағасына көңілі толмаған талапкер жазған жұмысының бағалануын өз көзімен көруге болады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда біздер, яғни, талапкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Сол үшін университет ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз. Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін таңдағаныма өкінбеймін.
Болашақта халқымның мақтанышына айналған, шындықты шырқырап жүріп айтатын журналист болғым келеді. Мен өзім таңдаған мамандығымды мақтаныш тұтамын. Алға қойған мақсатыма жету жолында кез-келген асуларды бағындыруға, қиындықпен бетпе-бет келуге әркез дайынмын!
Мен, Айдана Қуанышева, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектебінің түлегімін. Бала кезімнен болашақ мамандығыма алғашқы қадамым облыстық «Сарыарқа самалы» газетінен бастау алды. Журналист мамандығына Осы газет бетіндегі «Айналайын» қосымшасымен достығым 6 жылға созылып, бүгінде сол қосымшаның жас тілшісімін. Мақалаларым аудандық «Баянауыл баурайы» газетіне, республикалық «Айгөлек», «Мөлдір булақ», «Дос» журналдарында жарық көрді.
Журналист мамандығы-оңай мамандық емес. Журналист болу үшін асау тайдай тулаған жүрек, ақ жүректен лүпілдеген тілек, сағы сынбайтын білек керек деп білемін!
«Сарыарқа самалы» газеті ұйымдастырған «Арманым-ел президенті болу» , «Мен-тәуелсіз елдің ұланымын», Ұлы жеңістің 65 жылдығына орай жазылған шығарма сайысының жеңімпазы атандым. Бұл- мен үшін үлкен жетістік деп білемін.
Арманшыл қиялмен жазылған тырнақалды еңбектерім, жоғарғы сыныптарда өзекті мәселелерді қамти бастады. Мен өз талабым мен талантымды сынап, жастар, ауыл мәселесін қамтитын мақалаларымның арқасында өз оқырмандарым көбейе бастады. Осыдан бастап мен қаламның құдіреттілігін сезіндім. Болашақ мамандық таңдауда Алла берген талантым мен талабымның арқасында, сүйікті оқырмандарым барда журналист мамандығынан бас тарта алмадым.
Мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетін таңдап отырмын. Жаңа қаламыз Астанамен бірге өскім келеді. Осы Университетте талабымды одан әрі шыңдап, қарымды ұшқыр ойдың иесі Журналист атансам деп армандаймын. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» дейді халық даналығы. Ал, журналист-халықтың баласы. Менің басты мақсатым- халқыма қалаулы, еліме елеулі журналист атану. Сол себепті мен елімнің жас ұланы ретінде, осы мамандақтың қыр-сырын игеріп, елімнің қызы атануыма кәміл сенім білдіремін!
Мен, Молдатай Сымбат Халимқызы, ХХ ғасырдың Гомері, өзін «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деп жырлаған, қазақ поэзиясының алыбы Жамбыл атын иеленген Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көктал ауылының түлегімін. Алтын белгі иегерімін. Таңдауым – журналистика саласы. Журналист болуды мен кішкентай кезімнен армандадым. Бұл мамандықты таңдауыма менің әдебиет пәнімен достасуым сеп болды. Ең алғашқы қиял мен армандаудан туған мақалаларым аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде жарияланды. Көп іздену мен талмай еңбектенудің арқасында 9-сынып оқып жүргенімде мені осы газет штаттан тыс тілшісі атандым. Ал қазіргі таңда менің мақалаларым облыстық «Ар-Ай», «Ақ жол», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланып тұрады. Сондай-ақ журналист мамандығын игеруге деген менің талабым күннен-күнге арта түсті. Мен көптеген пәнаралық олимпиадалардың жүлдегері ретінде танылдым. Атап айтқанда, әл- Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырған олимпиаданың жүлдегері, «Жыр алыбы – Жамбылым» атты шығарма байқауының жеңімпазы, 2008-2009 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұйымдастырылған облыстық олимпиаданың жүлдегері атандым. Бұл мен сияқты жас журналист үшін үлкен қуаныш, зор жетістік деп білемін.
Менің бүгінгі таңдауым - Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетіне түсті. Болашақта осы университеттің үздік түлегі атанып, еліміздің жүрегі, елордамыз - Астана қаласымен бірге өсемін деп үміттенемін.
Жалпы, төртінші билік иесі - журналистердің баспасөз бен телерадиодағы қажырлы еңбектері қызықтырады. Мен де болашақта осындай зор талап пен мол еңбекті қажет ететін мамандық иесі болатынымды мақтан тұтамын. Халқым мен Отаныма адал қызмет етіп, аз да болса еліме пайдам тисе, соның өзі маған берілген зор бақыт. Ал мұндай бақытқа жету үшін биік белестерді бағындыруға дайынмын.
Мен, Оразалы Бағлан Дүйсебекұлы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, № 14 Алғабас орта мектебінің 2010 оқу жылының түлегі, Алтын белгі иегерімін. Әр тасы тарихқа толы, қойнауы байлыққа толы, небір нәубаттың куәсі, ақын жырларына арқау болған, Арқаның асқары, ұлт ұясы Ұлытаудың перзентімін. Алға қойған мақсатым – дарынды журналист болу. Сөз зергері, тілі өткір, ойы ұшқыр, кез келген жерде ащы шындықты ашып айтатын перзент қана журналист бола алады деп ойлаймын. Мен негізімді мектептен қаласам, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне білімімді тереңдету мақсатында келдім. Егер болашақта дарынды журналист болып жатсам, менің алға қойған мақсаттарымның бірінің жемісі деп білемін. Журналист – қоғамның көлеңкесін көруге бейім халық. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Елімізде болып жатқан істердің мінін айтып, сынын түзеп жатсақ, халықтың жырын жырлап, мұңын жоқтап, ақпарат бетіне шығып жатсақ, оның несі айып? Ақпарат - өмірдің айнасы. Ал сол айнадан кез-келген шындықты көрсете білсек, біз үшін үлкен мәртебе. Әзірге арман көп, мақсат біреу. Болашақта осы талаптарға сай журналист болу. Мен журналистиканы үкімет басындағы төрттікке ғылыми түрде енгізгенін қалаймын.
Мен, Мұрат Меруерт, Астана қаласындағы №15 мектеп-лицейінің түлегімін.Таңдаған мамандығым журналистика. Журналист болу бала кезгі арманым. Бұл мамандықты таңдағандағы мақсатым бұғып жатқан алмас қылыштай шындықты сыртқа шығарып, халыққа адал қызмет ету. Қоғамда орын алған оқиғаларды ой елегінен өткізіп, таным таразысына тартып, ойымнан түзіліп, қаламнан қаланған сәулетті маржан сөз оралымдарын халыққа тарту ету. Осы мақсатымды жүзеге асыру үшін алғаш қадамымды жасап, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің табалдырығын аттағалы отырмын. Осы университетте елімізге танымал Ғаділбек Шалахметов, Намазалы Омашев, Рабиға Аманжолова сынды ұлағаты мол ұстаздардан дәріс алып, болашақта өз кәсібімнің маманы болам деген нық сенніммен қадамымды аттадым.
Мен, Жамбыл облысы Төле би атындағы №8 гимназияның түлегі, Алтын белгі иегері - Анкетова Айгеріммін. Болашақтағы арманым - мызғымас берік қамалдай, қоғамда өзіндік орны бар,зор тұлғалы журналист болу. Қолжазбаның басылым бетіне жарияланғанға дейінгі барлық үдерісін меңгеру мақсатында қызығы мен шыжығы мол журналистика саласын таңдадым. Тәуелсіз сын айтып, еліміздің даму жолына дұрыс бағыт-бағдар беретін, шырылдаған шындықты желбіреген ту қылып ұстап, әрқашан жалғандықпен күреске тоймайтын нағыз маман иесі болғым келеді. Мен журналистердің сөзді еркін қолдана отырып тындарманның көкейіндегі ойды тап басып, тауып айтқандарына, қазақы намысыңды қоздырар жалынды сөздеріне, жүрекке жеткізе айтқан тіл шеберліктеріне сүйсініп, шынымен риза боламын. Мен өзімді қызықтырған алдыңғы толқын журналист ағларымның барлық жақсы қасиеттерін бойыма сіңіріп, елім үшін елеулі еңбек еткім келеді. Мен өз арманымның орындалатындығына сенімім мол. Өйткені мен Елордамыздағы ең беделді оқу орнын таңдадым. Менің кәсіби өсу жолыма дұрыс бағдар беретін ұстаздарымның шеберлігі менің өткірлігімді одан әрі шыңдай түседі деген сенімдемін.