Мекен жай:
Қазақстан Республикасы
010008, Астана
Мұңайтпасов көшесі 5
Тел.: 8 (7172) 35 38 06
Факс: 8 (7172) 35 38 08
Насихат Оспанова
ЖК-21 тобының студенті
МЕН БАҚЫТТЫ СТУДЕНТПІН
Мен ЕҰУ-ға оқуға түсіп, группаластарыммен танысқан сәттен бастап өз таңдауымның, өмірлік жолымның дұрыс екендігіне көзім жетті. Себебі, нағыз сапалы, білікті маман тек қана ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұжымнан шығады. Менің тобым – соның айғағы десем, артық айтқандық болмас.
«Бос жіберме өміріңді – шалып қал, кетер күннен керегіңді алып қал» - деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқан ұлы сөзді ұстанған группаластарым өздерінің алтын уақыттарын бос өткізбей, бар ынта-жігерін оқуға қойып, үлкен талпыныс үстінде. Олардың әрбірінің көкейінде көз жетпеген қияға апарар асқақ арман, көздеген мақсаты бар. Сол арманға апарар орасан зор күш – төгілген тер, біздің бір-бірімізге деген сыйластық, мейірімділігіміз, тобымыздың ұйымшылдығы деп білемін. Өйткені, қандай да болмасын қиын-қыстау сәттерде қасыңнан табылып, демеу болар, жүрегіңді жылы сөзімен емдеп, көңіліңді көктемнің шуақты күндеріндей жадыратар – осы группаластарым. Мұнда өзіндік ұстанымы қалыптасқан, тек мықтылар ғана жиналаған секілді. Сөздерім құрғақ болмауы үшін тобымның ұйымдасып, жұмыла жасаған айтулы істерінен біреуін айта кеткенім жөн болар. Мысалыға, жуырда ғана халықаралық студенттер күніне орай барша студент қауымына арнап ұйымдастырылған мерекелік іс-шара. Аталмыш шараның өткізілуіне журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс студенттері атсалысты. Кештің негізгі мақсаты – студенттік өмірдің қызықты сәттерін еске алып, туған жер мен туысқан бауырды сағынып еңсесі түскен студенттердің көңіл-күйін көтеру мен жан дүниесін серпілту. Өнерлі студенттер сахнада ән мен биден шашу шашса, көңілді тапқыр жігіттер әзілдерін ортаға салып, аудиторияның ішек-сілесін қатырды. Сондай-ақ, көремен қауымы толығымен қатысатын қызықты ойын-жарыстар өткізіліп, жолы болғандар кішігірім сияпатқа ие болды. Көрермендері бағдарлама қызған сайын қаптаған шараға факультетіміздің бірқатар оқытушылары да көзайым болды. Думанды кеш соңында факультетіміздің бапасөз және баспа ісі бөлімінің меңгерушісі С.Қайрат Өмірбайұлы ұйымдастырушы студенттерге ризашылығын білдірді. Қайрат Өмірбайұлы: «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар. Біздердей болған кездеріңізде сіздердей болған кездеріңізді сағынып, еске алып жүріңіздер»,- деп жаңылтпаштай сөздермен тұжырымды ойын аяқтаған болатын.
Тобымызда әртүрлі пікір қайшылықтар орын алып жатады. Бұлай болғаны да дұрыс. Себебі адам қиялы дамып, өсіп-өркендеуі үшін бәсекелестік болғаны абзал. Бәсекелестік болған жерде ғана адам ретінде қалыптасып дами аламыз деп ойлаймын. Тек бәсекелестікті бақталастықпен алмастырып алмасақ болғаны. Әрине, білімді адам қашанда өзгенің пікірімен санасып, өзін сабырмен тыңдатып, кез келген істі ақылмен шешіп жататын қасиетімен ерекшеленеді ғой. Группаластарымның көпшілігінен осындай әрекеттерді көріп, ішім жылып сала береді. Сондай-ақ, біздің топта студенттермен ғана емес, оқытушылармен де жақсы қарым-қатынас орнаған. Ол да біздің топтың студенттерінің саналы, білімді екендігін көрсетеді.
Қызығы мен шыжығы мол осынау студенттік өмірімді жүрегінде Отанына деген махаббаты өшпеген, елім, жерім деп жалындаған жас қырандар, біліктілікті өз ұраны етіп ұстаған – ЖҚ-21 тобында оқитыныма өзімді бақытты жан деп санаймын. Көгінде көк туы желбіреген Тәуелсіз Қазақстанымның маңдай алды азаматтарының қатарына келешекте өз тобымның да қосылатынына кәміл сенемін!
Жанар КЕУЛІМЖАЙ
БІ-21 тобының студенті
Бір тойда екі жар жоқ немесе келіннің беті қанша рет ашылады?!
![]() | Екінші рет келін бола отырып, келін бетінің қайта ашылуы қазақ қыздарына тән қасиет пе? Дүркіретіп той жасап, сол тойға куәгер болған балаларынан ұят емес пе? Осыған: «жоқ, бұл мүлдем ұят емес, олар тек бақытты болып , баянды өмір кешсе» деген пікірлер айтылып жүр. Дегенмен, бұл дұрыс емес. Олардың осы қисынсыз қылығымен: «ата-бабадан бері келе жатқан салт-дәстүрді қорлай отырып, ел-жұртқа масқара болғаны» деп түсінемін.Қазақ қыздары 18-20 жасқа толған кезінде тұрмыс құрып, бір отаудың аяулы анасы, сүйікті жары болады. Бойжеткеннің бағы жанып, мінезі жарасып, тату-тәтті отбасылық өмірін кешсе, онда одан асқан бақыт жоқ. |
«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, осы сөзді ата-аналарымыз біз жастарға емес, өз замандастарына жиі айтып жүр. Бұл нені байқатады? Жастардың емес, алдыңғы буынның берекелі отбасы бола алмауын көрсетеді. Бір үй, кішігірім мемлекет қалыптастыра алмауы. Олар тұтатқан оттың ұзаққа шейін жана алмағандығы. Әрине, өкінішті жағдай. Амал қанша. Осылайша, бағы жанбай қаншама жас отаулар, керек десеңіз ата-әже атанайын деп отырғандар да ажырасып, өмір оларды екі жаққа алып кетіп жатыр. Осының бәрі неліктен деп ойлайсыздар? Әркімнің басында әр түрлі жағдай болады. Біреулері жастықтың қызуымен, сезімге беріліп немесе үйленуге мәжбүрлейтін түрлі себептермен отау құрады. Бір-бірін толық танып білмеген ерлі-зайыптылар арасында көптеген кикілжіңдер туады. Мінездерін, бұрын соңды көрсетпеген қырларын да байқатып жатады. Осылардың кесірінен олардың мінездері сыйыспай, шаңырақтың шырқын бұзады. Бұл бір мысал. Ал екінші жайға келетін болсақ, бұл мүлдем басқа жайт. Отау құрып, отағасы деп сыйлап, оны құрметтеп журген әйел заттың маңдайына жазылған қасіреті. Ол қасіретті Алла ешкімнің басына салмасын. Бұрындары жетім-жесірлер көп болушы еді, қазірде олардың саны азаяр емес. Жесір қалған ананың тағдыры өте қиын. Ізінен ерген балапандары кейін үй болып, әркім өз басымен шаңырақ құрып кетеді. Ал жесір ана жалғыз қалады. Ата-бабаларымыз жесірлерді жылатпас үшін,жесірлікті сездірмеу үшін, қайын інілеріне алып берген. Яки мұнда той жасау міндетті емес. Олар кішігірім, сол әулеттің ең жақын дегендерін жинап, олардың қуаныштарын атап өткен. Ал қазір ше? Жағдай мүлдем басқа.
Өмірдің ағысы әрқилы. Бірде қатты болса, бірде баяу. Өмірден бір мысал келтірейік осы төңіректе.
Екі баласы бар күйеуінінен ажырасқан әйел екінші рет тұрмысқа шықпақ болады. Бұл деген сөз басқа әулиетке келін болу. Ескере кетсек, балалары 19-20 жасқа келген ер жігіт пен бойжеткен. Аналарының қайта тұрмысқа шығуына қарсы болмаған балалары, қайтсе де өгей әкесімен анасының қуаныштарына ортақ болады. Ол айдан анық. Той думанға қаражаты жеткілікті кісі, оның беташарын, тойын, бал айын да өткізеді. Ендігі түртпек ойым: Басқа әулиетке келін болған, яғни есік көрген, одан қалсы ізінен бала еріткен, жасы 40-қа таяп қалған ана бетін қалай ашпақ?Бұл дегеніміз адамзаттың, яғни сол ананың ар-ожданнан айырылғандығын көрсетеді. Сонда, қазақ әйелдері қанша рет тұрмысқа шықса, сонша рет бетін аша бере ме? Ар-намыс, ұят қайда? Әлде осы таңда ұят деген қасиетті, қастерлі дүниеден айырылғанымыз ба?!
Қорыта келгенде, «екі жарты бір боламыз» дегендер қазақ салтын қорламай, ашылған ана бетін қайта ашпай, кішігірім отбасы көлемінде той жасаса жарар еді.
Үйлену ойында журген жігіттерге: «есікті көрген емес, бесік көрген қыздарды» алғандарыңыз әлде қайда дұрыс деп ойлаймын. Ал жас отау құрған ерлі–зайыптыларға отбасылық бақыт тілеймін. Отбасылық өмірлеріңіз берекелі де, бақытты болғай...
Атама деген сағынышым......
Менің атама деген сағынышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені менің сағынышымды тек қана жүрекпен сезе білу керек. Сонда гана сағыныш сезімі сіздерге сезіледі.
Өмірдегі ең қымбатты ата-анамнан да қымбат ата-әжем. Менің оларға деген махаббатым Қапшағай көліндей терең де, әрі шексіз. Неге мен аяқ-астынан Қапшағай теңізін менің шексіз махаббатыма теңедім? Өйткені, менің туған да, кіндік қаным тамған, самал желі ескен, көлдің жағасында дүниеге келген едім. Сол үшін ол мекен- мен үшін әрдайым ыстық. Көзімді ашып, өмірді тани бастаған сәттен-ақ, ата-әжемнің махаббатына бөленіп, сол кісілердің әр жылдың жаз айларында тәрбиесінде болдым. Атам балық аулағанды ұнататын. Балық аулау атамның кәсібі десек те болады. Ол кісі Қапшағай көлінде балық аулап, өз отбасын және ауыл кісілерін де балықпен қамтамассыз ететін. Менің аташымның ауланған балықтарын әжем кешкі самалмен, үйдің алдында ағаштан жасалған үлкен сәкі де сол балықтарды аршыйтын еді. Мен сол кезде қызығып, әжемді көптеген сұрақтардың астында қалдыратынмын. Сол сурақтарға ерінбей жауап беріп, қарапайым балықтың барлық мүшелерімен таныстырған әжем еді. Кейін шамалы өсіп, бойжеткен кезімде, сол шамасы 7-ші сыныпта оқып жургенімде маған балық ашуды да үйреткен. Бірақ ол кезде атамның аулағандары емес, ауыл кісілерінің, әжеме әкеліп берген шабақ, сазан, шортандары еді.
Атамның аяғынан айырылғанын білгенде, маған ол хабар өте ауыр соқты. Әр жазда шауып, мал ды да жанды да басқарып, әрдайым ұл-қыздарының қателерін түзеп, ауылда ақсақалдармен шешім қабылап жүрген менің атамның аяғының жоқтығын, төсекте тартылып жатқандығын көру, менің жүрегіме біреу қанжар тығып алғандай болды. Осындай халге әкеп соқтырғаны, сол бір балықты аулаған кезде, қайықтың ішінде сынған кішкене әйнек, аяғына кірген дейді. Қараңыздаршы, кішкентай әйнектің неге әкеп соққандығын?! Бойындағы күш-қуаты, қайсарлығы өмірді әрі қарай жалғастырып, ұл-қыздарымен немерлерінің ортасында аман-есен отырып, өмір сүруіне үлкен үміт берді.
Жаз айларында ауылда, ата-әжемнің үйінде жан-жақтан жиналған немерелері толып, үбірім-шүбірім болып жүреді. Сол уақыттағы есімде қалған ең қызықты сәттер.....
Ауылда той-томалақтың көп болатыны айдан анық. Той-томалақта ақ жаулықты әжелерімізбен, ақ сақалды қарияларымыз қатыспаса,онда ол тойдың мәні жоқ.... Әжем тойға барып, тойдан әрқашан сарқыт немесе сыбаға әкелетін. Сол сарқытты барлық немерелер жиналып, ауланың жанында күтіп жүретін едік. Әкелген сарқытты, әжем бәрімізге теңдей бөліп береді де, бәрін сәкіге қарай қуады. Сосын мені жаймен шақырып алып, қалтасына салып алған, бір уыс тәтті кәмпиттерін қолыма ұстатады. Менде баламын гой, ол кәмпиттерді алып-ап бәріне мақтанып , оларды жылатушы едім. Күзде балаларын алып кетуге келген аға-тәтелерміз, оларды қойш, менің ата-анамда әжеме үнемі ұрысушы еді. « мама, сіз неге барлық немерелеріңізді бірдей көрмейсіз?» - деп әкем ренжуші еді. Сонда әжемнің айтқаны : « Жанарға, ешкім жетпейді. Ол атасы мен әжесінің ерні тиген қыз!» - деп. Бұл сөздерді естіген, менің жаным көкте ушады. Міне, мен атам мен әжемнің ерке де қара қызымын....
Мырзабек Түсіпов
ЖК-21 тобының студенті
Түн – тылсым сыр
|
| Түн. Айлы түн... Қара түн... Түн дегенде, алдымен, көз алдымызға айлы түндегі қол ұстасқан қос ғашық елес береді. «Желсіз түнде жарық ай» соның куәсіндей. Бұл – баршаның ойы. Ал, мен үшін, түн – қорқынышқа толы түнек басқан қара түн. Сол бір түнді есіме алсам, өзгеше күйге бөленіп, ұзақ сонар ойға батамын. Алайда, ойлаған ойымның шешімін таба алар емеспін. Осынша терең ой соңына салған сол бір түн жайынан сыр шертейін. |
Балалық шағым. Бірде ата-анамды жолдастары қонаққа шақырады. Мені амалсыздан ерте кетеді. Қал десе де, қалмаймын. Өздері де менің жыламсыраған жүзіме қарап, тастап кетуге қимайды. Ата-анамның тұла бойы тұңғышымын. Алғаш көрген қызықтары...Түнделетіп қонақтан кеш қайттық. Аяндап келеміз. Жол ұзақ емес. Анам мен әкем қонақта болған жайларды сөз етісіп келеді. Мен қолдарынан қатты қысып, қорқып келемін. Қорыққанымды білдірмеуге тырысамын. Ұйқы қысып, жүргім келмей келеді. Аяқ істен шықты. Анам сәл аялдап, демалып алайық деді. Сол бетпен жол бойы мен оқитын мектептің алдындағы аялдамаға қарай тақала бердік. Орындыққа отырып, иланып алдық. Кенет анам айқай салды. Әкем «не боп қалды?» дегендей ишарат еткендей еді, сәлден соң оның да жүзі бұзыла бастады. Анам мені құшағына алып, жүзімді омырауына басты. Ештеңе түсінбедім. Анамды қатты қысып, мойынына асыла түстім. Баяғы бәсең жүрісті қойып, жорғалата бастадық. Әкем анам екеумізді құшақтап келеді. Анам мен әкем біреуден қашқандай болды. Байқаусыз артыма қарап қалдым. Көзіме қара түнде бір нәрсе шалынғандай болды. Жүрегім дүңкілдеп қоя берді. Көзімді тарс жұмдым. Аялдама ішінде жас бала жатыр. Басына тақия, үстіне қамзол киген. Кішкентайлығына қарап, бала деп ойласам, бала болмай шықты. Қарт кісі деуге де келмейді. Жын ба, пері ме? Білмеймін. Әйтеуір, адам тектес бірдеңе. Жүзінен жалыныш білінеді. Жалынып, көмек сұрағандай. Бар аңдағаным осы. Ал, ол болса бізді аңдамады. Жатқан қалпы қозғалмады. Қорқып келемін. Қорыққанымды айта алар емеспін, тілім күрмеліп, дауысым шықпайды. Үйге жеткенше көзімді ашпадым. Қайта көруден сескендім. Бөлмеге кіріп, төсегіме жаттым. Анам жарықты сөндіріп, есікті тарс жауып кетті. Төрт қабырға, төрт бұрыш. Жалғызбын. Қорқып жатырмын. Көзімді қайтадан тарс жұмдым. Түпсіз қараңғы. Ұзақ жаттым. Тұла бойым қалшылдап, өзмді-өзім ұстай алар емеспін. Дөңбекшіп жатырмын. Түн өтер емес. Көз ілінер емес. Таң атар емес. Не деген ұзақ күн?! Өмірімнен де ұзақ , неткен түн! Қара түн. Тылсым түн... Бетіме жылы леп сезілді. Көзімді ашсам, таң атыпты. Үй іші абыр-сабыр. Даңғыр-күңгір. Жамыраса сөйлеген дауыстар. Арасында анамның «Тұрсаңшы, ботақаным! Сабағыңнан қаласың?» деген сөздері еміс-еміс естіледі. Басым мең-зең. Сабаққа барғым келмей жатыр. Түндегі елесті есіме алсам, бойым түршігеді. Қорқамын. Ақыры сылтауратып бармадым. Сол түнннен бастап, аялдаманың қасынан айналып өтетін болдым. Арада біраз жылдар өтті. Ер жетіп, азамат болдым. Аялдама баяғы бәз қалпы. Талай рет күндіз барып, қарап, бақылап жүрдім. Елесті қайта көре алмадым. Түнде баруға батылым бармайды. Уақыт өткен сайын оны көруге деген ынтығым арта түсті. Оны қайта көрсем қорықпастан қасына барып, сөйлесіп, мән-жайын білер едім. Бір күні бар күш-жігерімді жиып, баруға бел байладым. Кеш батып, түн болды. Қорықпастан бардым. Тас қараңғы түн. Аялдама ішінде жалғыз отырмын. Елесті күтіп отырмын. Келмеді. Көрінбеді. Өзімді-өзім ұмытып, терең ойға баттым. « Ол өзі кім? Одан сонша неге қорқамын? Оның адамдарға қорқыныш сыйлайтын қандай қасиеті бар? Мейлі ол жын, мейлі елес болсын делік, онда олар неге күндіз көрінбейді? Бәлкім, күндіз болғанда қасына қорықпай барар ма едім? Түннің тылсым сыры неде? Түн неге адамдарға қорқыныш сыйлайды?» Осы сындас сан алуан сұрақтарға жауап таба алмай ұзақ отырдым. Әлі күнге таба алмай жүрмін. Сол қара түндегі елесті тосып жүрмін...
АЙДАНА БАЙТҰРСЫНОВА
ЖК-21 тобының студенті
«Көз жасым – көңіл бұлтымның нөсері...»
![]() | Өмір... Осы төрт әріптен тұратын сөздің тұңғиығында көптеген ой, тұжырым, терең мән – мағына жатыр. Бұл сөздің құдіреттілігін әр адам әрқалай түсінеді...Өмір – бұл баға жетпес сыйлық. Өмір – тұңғиық теңіздегі «Ақ кеме» секілді, ал біз кеменің капитандарымыз. Өз жолымыз бен ағысымызды таңдап, «Өмір» атты кемеде тіршілік етеміз. Бұл кеме біз қалай ойласақ, сол ағыспен бағыт алады. Кей кездері сол теңізде адасып, толқын екпінімен жарға да соғылып, теңіз түбіне бататын кездер де болады. Сондай сәттерде өмірге деген құштарлық оянып, «ақ кемеңді» аман алып қалу үшін күрес, арпалыс басталады. Қиындыққа мойымай, соңына дейін күресе білгендер жарты жолда қалмай, теңіздегі бағыттарын әрмен қарай жалғастырады.Өмір сонысымен де қызық. Бірде керемет күйге бөлеп, тәтті қуаныш сыйласа, ал бірде мұңайтып, жаныңды ауыртады. Өмір алма – кезек деп осыны айтса керек. Кей адамдар өмірдің кішкентай ғана сынағын ауырсынып, көтере алмай, бақытсызбын деп сандарын соғып жатады. |
Сонда бақыт деген не? Бақыттың құнын немен өлшеуге болады? Меніңше, күресе білудің өзі бақыт және ол ешнәрсемен өлшенбейді. Барлық адам бақытты және бақытты болуға лайықты. Кішкентай бүлдіршіннің қолына тәттіні ұстатып қойсаңыз одан асқан бақытты адам жоқ сияқты көрінеді. Мен де сол кішкентай сәби секілдімін. Мен бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті де жоқ. Маған шын ниет, таза жүрекпен жымисаңыз жеткілікті, мен бақытқа кенелем. Менің көңілімді кез – келген нәрсе жұбата алады. Біз бақытты іздемеуіміз керек. Бірақ, қонған кезінде ұшырып алмай, қадір – қасиетін түсіне де білген жөн. Кей кездері ең қымбат, жаныңа жақын адамдар көңіліңді су сепкендей етіп, қалдырып жатады. Бәлкім ашу мен ызаға берілер, бәлкім қателесіп сондай қадамға барар... Өкінішті – ақ... Көңілім шалқып, тебіреніп, жүрегім өртеніп, жанып, күлге айналып кетердей халге тап боламын. Менің әлемім – қиял. Ал сол әлемде менің екі жан досым бар. Бірі музыка болса, екіншісі жаңбыр. Қатты қиналған сәттерімде өз әлеміме кетіп, достарыммен мұңдасып, сыр бөлісемін. Олар мені жігерлендіріп, күш береді. Мен өз сырымды сыртқа жайып, шығара бермейтін адаммын. Менің жан дүниемді, ішкі күйзелісімді тіпті, адам баласы сезіп, түсініп, қолдай да алмаған. Олардың қатарына анамды да жатқыза аламын. Әрине, ана сияқты адам жанын ешкім ұға алмас. Қу ана әрқашан да кең пейілді, мейірімді және кешірімді жан ғой... Бәлкім, менің жан дүниемді түсіну қиын да шығар?!
Сол күні... Ия, дәл сол күні... таяқ етімнен ғана өтті... Жаныма шоқ басқандай ішкі дүниемді күйдіріп жіберді. Жүрегімдегі ауыр орны... Жара жазылыр, дегенмен орны мәңгіге қалады емес пе?! Сол күні, сол сәтте... Далаға шығып, жаңбырдың жауғанын қатты қаладым... Ақ жауын... Жаңбыр құйды. Барлық адамдар үй шатырының астына тығылып, үлгере алмағандары жүгіріп... Ал мен... мен керісінше, ақ жауынның астына қарай ұмтылдым... жаныма шипа, жүрегіме жылы сезім сыйлады. Тіпті, бақыттан басым айналып, шылқыған су болғанымды да сезбей қалыппын. Көңіл бұлтымның нөсерін жаспен шығарып тастадым. Шатыр астындағылар жан дүниемді түсінгендей, көз алмай тамашалап тұрды. Кейбіреуі суретке түсіріп жатты. Сол күнгі жауын бұлақ суындай мөлдір, әрі тұнық еді. Жаңбыр құйған сайын ішкі дүнием керемет күйге бөленді. Сабалап жауған осы ақ жауын – 9 қабатты үлкен тұрғын үйді нысанаға алғандай, басқа еш жерге дарымай, тек осы тұрғын үйдің үстіне ғана құйып тұрғандай көрінді. Сол сәтте өзімді үй маңында емес, жапан далада, боз селеулі сахара төсінде шөлдеп жатқандай сезіндім. Көктен нұр боп құйылған нөсер – үйдің тат басқан қаңылтыр шатырын емес, өне бойымды жуып жатқандай көрінді. Сыртым су болғанымен, ішім, бүкіл жан дүнием, сезімімнің ең нәзік, ең құпия пернелерін түгел пәк тазалыққа, хош иіске толтырып, барлық күл – қоқыстан, күйкі ой, кірбең көңілден тегіс тазартып, жылы сәуле, шұғылалы шапағатқа бөлегендей еді. Сол себептен де мен жаңбыр досымды шынайы сүйем...
Салтанат Сүгірова
ЖК– 21 тобының студенті
Адастырған ащы су
![]() | Өмір-ащы, өмір-тәтті...Өмірді ащыға айналдыратын сұмпайы адамдардың бейнесі. Заманның теріс қырынан өзгеруіне ықпалын тигізген адамдар саны жылдан-жылға толығу үстінде. Қу тіршіліктің арбауына алданып, «жынды судың» септігінен айналасын улағандар қаншама?
Арақ-имансыздың анасы. Иә, расында ащы судың демеуімен отбасынан айырылып, ата-анасының теріс батасын алған, балаларын жылатқан, қоғамнан аластатылған пенделерді көзіміз шалып жүр. Тіпті мұндай жандарды көргенде, күннің өзі ата-ананың көзіндей елжірейді. 1975 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы арақты адам ағзасы мен психикасын бұзатын есiрткi заты ретiнде жариялады. Алайда, арақтың қоғамды аздырушы екенін мойындайтындар кемде-кем. |
Денсаулық сақтау ұйымы жүргiзген зерттеулер нәтижесiнде, Қазақстан арақ-шарап өнiмдерiн тұтынуда 8-орынға бiр-ақ көтерiлiптi. Бiзден 14 саты кейiн қалған ресейлiктер болса, 22-орында болғаны жайлы басылымдар жарыса жазған болатын. Мұндай дәрежеге жеткеннің себебі, адам бойынан иманның азайғанының нышаны. Көпке топырақ шашуға болмас, бірақ имансыздың қолымен өндірілген өнім екенін баса айтуымыз керек. Әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан болып түсері ақиқат емес пе? «Ұят кімде болса, иман сонда»-деп Абай атамыз нысанаға дөп тигізген. Самайын ақ шалған аналар мен сақалы қылаң тартқан ағалардың да аузынан арақ үзілмейді. «Той-томалақтар арақ- шарапсыз қызық болмайды» деп байбаламға салатынын қайтерсің. Ал,той-думанды қымызбен өткізіп жүрген жандарды көргенде ішің жылып сала береді. Ішімдік ішкеннен соң, шаршауларынан басылатынына өздерін сендіріп алған сыңайлы. «Кемшіліктің кебін киіп ешкім тумайды. Кемшілікті көрсететін үлкендер, ішімдікке салыну, ана тілінен жирену, дәстүр мен салтты саудалау... тағысын тағыларды солар ...үйретеді, үйренеді...» -дейді жазушы Оралхан Бөкей. Өздері ішіп отырған ата-ана балаларына «Арақ- адам организміне зиян, оны татпаңдар»деп айтуға қалай дәті барар екен? Қартайғанда баласы басына әңгір таяқ орнатып отырса, өздерінің кінәлары деп білген жөн шығар. Балаға тәрбие беру ананың ішінде жатқанынан басталу керек екені тегін емес. Дарыны мен қарымы ұштасқан зиялыларымыздың өзі талантының жарыққа шығуын арақпен байланыстырып жүргеніне таң қалмасыңа болмас. Нағыз ішкіштердің көпшілігі дәрігерге бармайды. Сонда бұл арақ деген бәлекет бұл елге ұлттық қасіреттей болып отырғаны даусыз. Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылдан бастап алкогольдік ішімдік пен темекіден зардап шеккен адамдарды тегін емдеуден бас тартатынын 15ақпан күні министр Жақсылық Досқалиев Солтүстік Қазақстан облысында іссапарман жүргенде мәлімдеген болатын. Ендігі кезекте «алкоголизмге» душар болғандардың дәрігерлерді жағалайтынына күмәнім бар. Айта кететін тағы бір жай, «ішімдіктен қойдырамын» деп адамдардың ақшасын жымқыратын дүмше- молдалар көбейді. Бір молдадан жазылмаса, екіншісіне барып өз өмірлерін өздері қорлауда. Егер адам миының бір бөлігін ішімдікті тастауға арнаса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз қолымыздан келгенше көмегімізді аямауымыз шарт. « Жәрдем көңілдің бірлігі» деген емес пе? Бөтелке бетiнде қалқыған қазақ жастарының ертеңгi күнi бұлыңғыр болмас үшiн ұрпақ рухын өлтірмейік! Шөліркегенде бал қымызбен басып отырған ата-бабамыздың аманатын дұрыстап жеткізсек болғаны.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ
ЖК-21 тобының студенті
Күн күледі екен-ау, жылайтыны тағы бар,
Көк жартастың жүзінен лай сулар ағылар.
Мөлдір тамшы өткен соң жуып-шайып көк белді,
Көк күмбез тау көгіне алуан айдар тағылар.
Тағыларда сол айдар жоғалады бірдемде,
Сұлулықтан бір ләззат бағыштап ап біздерге.
Адасқан бір адамдай кете барам белгісіз,
Түсіп алып баяғы бабам жүрген сүрлеуге.
Сұрлеу жолы соқпақты соқпақсыз ал жол барма,
Соқпақсыз жол апарар қоң-қопалы сорларға.
Желдің жирен айғырын азынатып арқалы,
Тебінгіме тер қатып, түн түнесем жондарға.
Ақ мамықтай ақ бұлтты алдыма алсам өңгеріп,
Жер жаһанның жондарын жортып өтсем жел болып.
Бабаларым аңсаған жел қайықтар бүгін бар,
Құлағына жармасып ай аруға өрледік.
Бабьаларым аңсаған жел қайықтар бүгін бар,
Еркіндікте жарысар желідегі құлындар.
Қасқыр көрдім мен кеше көздеріне қан толған,
Байқамасам ай боздың ақ тамағын жұлындар.
Алқымына жармасып арқыраған ай боздың,
Адам тектес қасқырлар аттап өтіп айға оздың.
Жылқы отарын торыған қасқырларға қаратып,
Адырнадан атылған көбе бұзар сайгезбін!
Сол таулық әуендер...
Қамалып отырам,
Қайғының қарыңғы үйінде.
Жанарым әлде бір сұлулық іздейді,
Қабырға сұп-сұық қара тас күйінде.
Тоналған кеудеге сағыныштарынан,
Бір мұрсат бермейсің,
Алқара аспанын,
Көк сеңгір тауларын сүюге.
Қапаста қамалған қабылан секілді,
Тірсегім қиылды,
Көк желкем кесілді.
Қабырға.
Қара түн.
Әттең, болса егер қанатым!
Табарем таулық бір досымды.
Қабырға.
Қара түн.
Әттең, болса егер қанатым!
Айналып ұшарем, Аспанын алашым!
Күн барма?
Құмдарға нөсер боп жауатын,
Бөлтірік ғұмырды талатып сұмдарға,
Жаза алмай келемін жанымның жарасын.
Таулықтың баласы еркіндік аңсаған,
Сен қайдан табасың,
Бостандық өлкесін,
Майырлмай қабырғаң,
Қайырылмай қанатың.
Айтыңдар, айт кәні, құтылар күн барма?
Қаларма ақ қайың,
Тұл күйде бүр жармай.
Оғылан ұлдары алты арыс алаштың,
Шалынып құрбанға.
Қып-қызыл шаһит қан,
Сіңіп те жоқ болар,
Белгісіз құмдарға.
Бұлбұлы бақшаның,
Сайрайды бұлбұлдық әуенмен,
Әттең-ау,
бұлбұлсыз оянар таң өлген!
Болмаса шығандап шырқалар,
Бұлбұлдың төл үні-ән өлген.
Таулықтың баласы…
Сол таулық әуендер,
Таудай өр мінездің қоймасы.
Ей, қазақтың өскіні тау емген,
Қазақтық салтыңды жоймашы...
Өтінем!!!
ГҮЛНҰР КӘКІМЖАНОВА
ЖК-21 тобының студенті
Ертіске сыр
Ерке Ертіс, мен де сенің тамшыңмын,
Ғұмыр қысқа, сабындай ғана қамшының.
Табынып саған қарап тұрмын тамсана,
Адасып жүрген оғынан сақта аңшының.
Ерке Ертіс, төгілді саған бар сырым,
Сенде қанша қазына жатыр жасырын.
Өзіңменен бөлісем деп ойымды
Жайлап басып жағаңа келдім ақырын.
Өзіңменен ақын тағдыр табысты,
Толқындарың ойларыммен қабысты.
Ағыстарың алға қарай ұмтылған
Зымыраған уақытпенен жарысты.
Ақын қыз ем, арман қуған ақмаңдай,
Тағдырымызда бір ұқсастық жатқандай.
Өр Алтайдан бастау алған бұлақ ең
«Мұхит» деген өмірден тұрақ тапқандай.
Осылайша мен өзіңмен сырластым,
Сен мәңгілік, ал мен мәңгі тұрмаспын.
Балалықтың базарынан аттанған
Жағаңдағы өрімталмен құрдаспын.
Тіл мұңы
Тіл едім мен арнасы кең, бір ағым
Адамзаттың көкірегі тұрағым.
Дүниенің кілті болдым құпия
Сан өмірдің сынықтарын құрадым.
Кесек кесек ой толғадым дестелі,
Көңілдерге өрек салдым кестелі.
Хан қаһары адам басын кессе де
Батыл жетіп тілді бірақ кеспеді.
Шерілері сырын шерттім ғасырдың
Шешендікпен құдіретімді асырдым.
Үш бидңғ де жүрегіне жол тауп
Үш жүздің де басы болып қосылдым.
Төрден орын ала білдім тойдан да
Тілі барт елің басынан бағы тайған ба.
Найзаның ұшы, білектің күші алмаған
Жеңісті де иелендім майданда.
Салмақты ой саналарда жаңғырмақ
Шешуін таппай жүректе жатыр сан жұмбақ.
Аталы сөздің қадірін ұқпас мәңгүрттер
Баталы сөздің бағын қалай жандырмақ?!
Тағылғанда тарландарға босқа айып,
Тұрған кезде бастарынан бақ тайып.
Замананың тас жүрегін жібітіп
Ханға да дат айтқан тілмін қасқайып.
Мен қазаққа азаттықтай үн берем,
Мен гүлденсем ұрпақпенен гүлденем.
Жанындамын, қанындамын қазақтың,
Егер өлсем, халқымменен бірге өлем.
Түн.
Түн.
Жұлдыздар тұр жымыңдап,
Жалғыз Ай тұр,
Мына менен сыр тыңдап.
Жұлдыз әне ағып түсті аспаннан,
Уақыттай тоқтамайтын зымырап.
Түн.
Жұлдыздар тұр жыласып,
Жалғыз Ай тұр,
Әжім бетін мұң басып.
Табиғаттың сыры барын білмеппін,
Тұрмағанша мына түнмен сырласып.
Түн.
Жұлдыз үні баяулап,
Ай барады аяңдап.
Сонда ұқтым мәңгі емесін өмірдің,
Таң да атты тіршілікті баяндап.
Ай мәңгілік, күн мәңгілік болғанмен
Мен мәңгілік тұра алмаспын аялдап.
Түн.
Келгенде қайта жай табам,
Айды көріп жайнаған.
Жұлдызды мржан байқаам,
Түн қайта бірақ туғанмен
Мен тумаспын қайтадан.
Табиғат әлемі.
Уа, табиғат, құдіретіңнен айналдым,
Сәні болдың таусылмайтын ойлардың.
Әсемдігің, сұлулығың елжітер
Серігіндей күндіз Күннің, түнде Айдың.
Өзен көлдер жылғасымен жарасқан,
Сырын айтып бір-бірімен қарасқан.
Мөлдір көлдің сағым ойнап жүзінде
Арайланған аспандаймен таласқан.
Жұлдыздар да тізіліпті маржандай,
Сезім жібі қалай тұрар жалғанбай.
Тылсым түнде аспаннан сыр тамғандай,
Есі кетіп еіз жүрек жанғандай.
Тау мүлгиді, орман терек сақалы,
Табиғаттың ерекше бір мақамы.
Етегінде еркелеген бұлағы
Сырға толы сылдырап тіл қатады.
Қарай алмай қайыңдар да мақтанып,
Тербеле алмай теректер де бапталып.
Сұлулықтың сырын ұқпай пенделік,
Шалғандары табанда жатыр тапталып.
Ұғар ма табиғаттың нарқын адам,
Дей ме екен : «Кереметін тартып алам!»
Тамшымын жанарыңда мөлдіреген,
Мен де бір жапырағың қалтыраған.
Сезімім менің солды ма?....
Арманымды алып,
Ақ қар барады алыстап,
Сезім деуменен
Жүріппін ғой мен қар ұстап.
Қар еріп жатса,
Көздегі тамшы – жаңбыр бар...
Ол қалай бірақ қалыспақ?!
Көктемді сенсіз
Қарсы алдым күннің нұрымен,
Қыста да жаным қасымда бірақ тұрып ең.
Сезімді намыс – пердеге буып,
Тұншықтап,
Ұр тоқпақпенен ұрып ем....
Жүрегім қыста көктемдей гүлдеп жүріпті,
Жүрекке сонда жылулық қайдан кіріпті?!
Бәлкім ол – аяз,
Жүрекке барып гуілдеп,
Ашты ма екен түрулі тұрған түндікті?....
Сағынып жүрмін аспанда ұшқан кезімді,
Көктемде жылы салқындық сенен сезілді.
Қысты мен бәлкім
Ұстап қалар ем білгенде,
Өзімен бірге алып кетерін сезімді.....
Басыма менің көбелек мұңды қонды ма?!
Айыра алмай
Оңды да жүрмін, солды да.
Бәйшешек енді әлемде гүлдеп жатқанда,
СЕЗІМІМ МЕНІҢ СОЛДЫ МА?
Жүргенде аңдар терекпен ғана таранып,
Қыс болып дала, жатқанда аққа оранып.
Жүргенде құстар күншырай жақта жол алып,
Ақ қар боп тием бетіңе....
Гүлдесе терек, күлімдеп дала, айнала,
Мен екен деумен гүлдерді бар да, аймала.
Толқындар тулап жатқанда жаным,
Жай ғана,
Жаңбыр боп сүйем ерніңнен.
Көңілің сенің кіршісіз таза, ақ болып,
Айнала саған біртүрлі суық, жат болып,
Жүрегің тоңып, ызғарға суық тап болса,
Күн болып сені жылытам....
Ойларың сенің жазылса сонар, ақ қарда,
Көңілің сенің басқаға ауған шақтарда..
Жүректің барлық сырларын үнсіз ақтара,
Түн болып маза бермеймін..
Түн батса егер, сүйсініп қарап алыстан,
Іздеймін сені бейтаныс пенен таныстан.
Адассаң егер тірлікте мынау алысқан...
Ай болып жолды нұсқаймын..
Қара бұлт сені айналып іздеп тапқанда,
Жүрегіңе сенің жараның отын жаққанда..
Көзіңнен сенің тамшылар көл боп аққанда
Жел болып сені жұбатам.
Өмірде мынау әсемдік қана сай маған,
Түсіңе енем, гүл болып сұлу жайнаған.
Арай болам мен, аймалап сені қоймаған,
Сәуле боп әркез оятам....
Іздейді жүрек, күтеді жүрек сағына....
Қиялдың барып бұлтартпас әсем бағына.
Бейтаныс бейне күлім қағады қол бұлғап,
Шақырып мені сезімнің алтын тағына....
Іздейді жүрек, күтеді үзбей сол жанды,
Болашағыма үмітім менің қол жазды.
Тәтті қиялға ерік беремін әрдайым
Қиялымдағы күтумен жүріп сол жазды.
Іздейді жүрек бейтаныс пенен таныстан,
Санаммен менің жүрек лүпілім алысқан.
Мендік көңілдің, мендік өмірдің патшасы
Келеді бәлкім жақыннан, мүмкін, алыстан.
Бәлкім сол жанды көріп жүрмін бе күнде мен?! -
Қиялмен шарлап, шартарапқа да үлгерем.
Жүрегім жылап, көңілім мұңсыз шақта да,
Өзгені алдап, көзіне қарап күлген ем.
Қиялды кезіп, серуен құрам түнде мен,
Белгісіздікте адасып кейде жүрген ем.
Жүрек үздіксіз күткенде арман-адамды
Күлім қағам да, Табиғат енген күйге енем.