Мекен жай:
Қазақстан Республикасы
010008, Астана
Мұңайтпасов көшесі 5
Тел.: 8 (7172) 35 38 06
Факс: 8 (7172) 35 38 08
Пернебек Өмірзақов: «Біздің түлектер жоғарғы мемлекеттік қызметте еңбек етуде»
Бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Осы білім ордасының мемлекеттік және халықаралық дәрежедегі жетістіктері жайында көптеп айтуға болады. Оның бәрі осы жерде еңбек етіп жатқан білікті мамандар мен оқытушы-профессорлардың арқасында жүзеге асуда. Жаңа 2010-шы оқу жылы қарсаңында біз оқырман қауымын Еуразия ұлттық университетінің бүгінгі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы жан-жақты хабардар ету мақсатында факультет декандарының сұхбаттар топтамасын ұсынамыз.
- Пернебек Құрашұлы, Экономика факультетінде білім берудің басым бағыттары туралы айтып берсеңіз?
- Бүгінгі таңда біздің факультетте оқитын жастар жаңа технологиялар негізінде дәрістер тыңдап, лингафондық және мультимедиялық кабинеттерде жұмыс істейді. Білім беру жұмысы екі бағытта жүргізіледі. Бірінші, мамандық бойынша, екіншісі, тілдік бағыт, яғни студенттердің шет тілдерін меңгереді. Әрбір студент өзі қалаған бағыт бойынша тілді таңдап, сол елдің тарихын, саяси жағдайын және халықаралық қарым-қатынастарын жан-жақты зерттейді. Студент-жастарға жоғары білікті мамандар - ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлар, сондай-ақ шетелдік ғалымдар, елшілер және дипломаттар дәріс оқиды.
Факультетте «Халықаралық қатынастар», «Аймақтану», «Шығыстану» бағыттар бойынша маман даярлау жұмысы жүргізіледі. Оған қоса, бізде шет тілдер кафедрасы жұмыс істеуде. Онда АҚШ-тан - У.А. Конвей., Италиядан - Э.Канетта, Р.Б.Фадда, Испаниядан - Д.Н. Архона Перес, Оңтүстік Кореядан -Ли Юн сияқты шетелдің ғалымдары қызмет етуде. Кафедрада 5 шет тілі - ағылшын, неміс, француз, испан, итальян тілдері оқытылса, «Шығыстану» мамандығы бойынша қосымша қытай, жапон, түрік және араб тілдері беріледі.
- Биыл факультетке қанша талапкер құжат тапсырады деп есептейсіз? Өткен жылдармен салыстырғанда олардың саны қаншаға өсті? Бұл үрдісті Сіз немен байланыстырасыз?
- Биыл біздің факультетке құжат тапсыру деңгейі өсіп отыр. Егер 2008 жылы талапкерлердің саны 115 адам болса, 2009 жылда олардың саны 240-қа дейін жетті. Биыл болса, бұл көрсеткіш 300-ге дейін жетеді деген болжам бар. Бұл үрдіс, әрине, жаңа талаптарға сай маман дайындап жатқан біздің университетіміздің атақ-абыройына тікелей байланысты.
- Мектептен келіп жатқан талапкерлердің білім деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
- Жалпы, мектептерден келіп жатқан талапкерлердің басым көпшілігі – «өте жақсы» деген бағаға оқитын балалар, өйткені бізге көбінесе, «Алтын белгі» иегерлері және олимпиада жеңімпаздары оқуға түседі. Ал ақылы оқуға құжат тапсырып жатқан талапкерлердің білім дейгейі орташа болып келеді. Жалпы, бірінші курсқа түскен көптеген студенттердің білімін дүниежүзі тарихы және саяси пәндерден жетілдіру қажет.
- Алдағы оқу жылы талапкерлер үшін қандай жаңалықтармен басталмақ?
- Алдағы жаңа оқу жылында талапкерлерді көптеген жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Факультет оқытушылары университет студенттеріне арнап итальян, испан және корей тілдері бойынша ақысыз факультативтік курстар өткізеді. «Серіктестер жұмысы бойынша Консорциумы» (АҚШ) “English club” ұйымымен бірлесе отырып, студенттерге ағылшын тілі бойынша ақысыз факультативтер ұйымдастырмақ. Бүгінде Италиядан келген лектор Р.Б.Фадда итальян тілі бойынша “CILS” халықаралық емтиханды өткізу жұмысы қолға алынды. Сондай-ақ, ағылшын тілі бойынша қалалық олимпиадалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
- Студенттерге білім берудің практикалық жағы қалай жүргізіледі?
- Біздің факульетте студенттердің өзіндік жұмыстарды жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Студенттердің практикалық білімін сан алуан клубтарға қатысу арқылы сөз саптау қабілеттерін дамыту жұмыстары жүргізіледі.
- Сіздің факультетіңізді бітірген түлектерге еңбек нарығындағы сұраныстың деңгейі қандай?
- Біздің факультетті бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс бар. Көптеген түлектер жоғарғы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуде. Мәселен, 2005 жылдың түлегі Әнуар Қалқаманов бүгінде ҚР Сыртқы істер министрлігінде департамент басшысының орынбасары қызметін атқаруда. 2002 жылдың түлегі Александр Синяговский осы министрлікте Сараптама және ақпарат бөлімінде кеңесші қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар Динара Қасымова деген түлегіміз - Сараптама және ақпарат бөлімінің бірінші хатшысы. Аймақтану мамандығының түлегі Азамат Тойымбетов - «НИТ» АҚ-сының бөлім бастығы. Сондай-ақ, 2008 жылы оқуды тәмамдаған Камила Баймағанова Иордания елінің Қазақстандағы Өкілетті және төтенше елшісінің көмекшісі болып жұмыс істеуде.
- Факультетте оқып жатқан студент-жастардың университеттің ғылыми және мәдени-қоғамдық өміріне араласуы жайында айтып берсеңіз?
- Факультетте оқып жатқан студент-жастар университеттің ғылыми және мәдени-қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып келеді. Студенттер қалалық қана емес, республикалық деңгейдегі іс-шараларға да жиі қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүр. Мәселен, 4-курс студенті Әсет Кәкімжанов Ресейдің Мәскеу қаласында «Ломоносов -2010» халықаралық ғылыми конференциясында бірінші орынға ие болды. «Халықаралық қатынастар» мамандығының 4-курс студенттері И.Арипова (МО-4-12), М.Уәлиева (Мок-4-11) және А.Молдашева (Мок-2-11) Италияда білім алуға мүмкіндік беретін арнайы гранттың иегері атанды. А-1-11 тобының студенттері Е.Әбсаттаров және А.Қайырғали «Болашақ» бағдарламасының грантын иеленіп, 2009 жылдан бастап Англия елінде оқуларын жалғастыруда. ХҚ-2-13 тобының студенті Марис Панов АҚШ-тың Техас штатында оқуда. 2010 жылы Ш-1-11 тобының студенттері С.Сәрсемалиев және Е.Югай (В-1-12) арнайы конкурста жүлдегер атанып, бүгінде Бейжің қаласында білім алуда. Ал В-1-14 тобының студенттері Е.Сағатбек, Х.Хамитова және Д.Айшуақова Иорданияда өз білімдерін шыңдауда
- Факультеттегі оқу үрдісін жетілдіру бойынша қандай шаралар қолға алынған, қандай жоспар бар?
- Біздің басты жоспарларымыз жаңа қурстарды енгізу, пәндер бойынша қазақ тіліндегі оқу құралдарды шығару, оқу-әдістемелік негізді нығайту және іс-тәжірибелік базаларын арттыру болып табылады.
- Әңгімеңізге рахмет!