ЕҰУ-да «Наурыз айтыс» өтті
Наурыз мейрамы қарсаңында Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті мен «Топжарған» жас ақындар ұйымы елорда жастары арасында «Наурыз айтыс» атты жас ақындар арасындағы өнер сайысын ұйымдастырды.
Іс-шара Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғимаратында өтті. Қаланың жоғары оқу орындары мен мектептерінен таңдаулы 10 ақын сахнада сөз сайыстырып, бақ сынады.
«Наурыз - қазақтың төл мейрамы. Бұл іс-шара мерекенің қарсаңында қазақтың асыл өнері айтысты жастардың арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр», - деді Басқарма мүшесі – ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор Жанна Құрманғалиева өзінің құттықтау сөзінде.
Айтысты белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы жүргізді.
Жас ақындардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамы ғалымдар, айтыскер ақындар және журналистерден жасақталды. Сондай-ақ айтыста жас ақындардың жан-жақты білімділігі, айтылған ой-пікірдің ұшқырлығы, тақырыптың ашылуы, қарсыласына табанасты ұтымды жауап қайтарып тойтарыс беруі, сахнадағы мәдениеті, сөзге тоқтауы т.б. шеберлігі сыналды.
Сахна төрінде алғашқы болып Астана қалсының №76 лицей-мектеп оқушысы Абылай Қайратұлы мен №86 мектеп-гимназия оқушысы Науат Жақатаева өнер көрсетті. Келесі кезекте ҚазҰӨУ студенті Нұртілеу Төленбек пен Ерейментау жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Сәттібек Серікболатұлы сөз қағыстырды. Үшінші жұпта аға буын ақындар атынан Нартай Тілеуқұл мен Сырым Әділбек шықты. Төртінші болып ЕҰУ-дың көзайымына айналған 4 курс студенттері Абзал Мақаш пен Бекзат Құлшардың жұбы өз өнерлерін паш етті. Салтанатты кешті тәмамдаған ҚазҰӨУ-нің студенті Ерсұлтан Аушанов пен ЕҰУ-дың студенті Тамаша Рақатқызы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Жоғары деңгейде өткен сөз барымтасын қорытындылаған ұйымдастырушылар, жастар арасында қазақи құндылықтарды насихаттаудың жаңа жолдарын үнемі ізденіп, төл өнеріміздің нақышын бұзбай заманауи келбетін қалыптастыра беруіміз керек деп ой түйді.
Айтыстың соңында журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ қорытынды сөз сөйлеп, қатысушы ақындарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.