Қазақстан жасыл энергетиканың экспорттаушысы бола алады
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Энергетика министрлігі мен «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» орталығының қолдауымен «Сутегі энергетикасы: Қазақстандағы сутегі энергетикасының болашағы және тұжырымдамасын іздеу» атты дөңгелек үстел өтті.
Өзекті тақырыптағы пікірталасқа мемлекеттік органдардың, салалық және ғылыми-зерттеу институттарының сарапшылары, ғалымдар, ЕҰУ студенттері қатысты. Модераторы «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» орталығының директоры Алмаз Әбілдаев болды.
Дөңгелек үстелді ашқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университет ғалымдарының сутегі энергиясын зерттеу бойынша жүргізіп жатқан ғылыми жұмыстары туралы хабардар етті.
«ЕҰУ ғалымдары 15 жылдан астам уақыттан бері сутегі энергетикасы саласында ғылыми қызметпен айналысып келеді, өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауаны ластау деңгейін төмендету үшін ғылымды қажетсінетін және экологиялық жаңа технологияларды құру бойынша жұмыс істеуде. Университетіміз ғалымдардың ғылыми ізденістерін барынша қолдап, қажетті жағдай жасап отыр», – деді Ерлан Сыдықов.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов атап өткендей, сутегі энергетикасы тақырыбы көптеген елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де өзекті болып табылады.
«Бүгінде Қазақстанда республикадағы сутегі энергетикасының болашағын айқындайтын құжат әзірленуде. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және Қазақстан экономикасын декарбонизациялау бойынша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр», - деді ол.
Германияның сутегі энергетикасын дамытудағы тәжірибесі туралы Германия Сыртқы істер министрлігінің Қазақстандағы сутегі дипломатиясы кеңсесінің басшысы Мануэль Андрес айтып берді. Оның айтуынша, Германияда Германияның ұлттық сутегі стратегиясы әзірленген, сонымен қатар стратегиялық менеджментпен, мақсат пен міндеттер, іс-қимыл жоспарын құрумен айналысатын мемлекеттік хатшылардың сутегі жөніндегі комитеті жұмыс істейді.
Шетелдік сарапшы өз презентациясында Қазақстанда және басқа елдерде жасыл сутегін пайдаланып декарбонизация және климатты қорғау әдістерімен таныстырды. Мануэль Андрес атап өткендей, Қазақстанның жасыл сутегі арқылы елдегі парниктік газдар шығарындыларын азайту мүмкіндігі бар.
«Біз жасыл сутегінің Қазақстандағы климатты қорғауға қалай ықпал ететінін түсіну үшін ғылыми жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оны қай секторларда және қаншалықты тиімді пайдалануға болатыны, СО2 шығарындыларының қаншалықты алдын алуға болатыны сарапталады. Ал бұл зерттеу өз кезегінде түрлі министрліктер үшін де өзекті.
Әрине, Қазақстанның энергетикалық ресурстарды экспорттауда үлкен әлеуеті мен тәжірибесі бар. Дегенмен, көптеген басқа экспорттаушыларға қарағанда, Қазақстанда сутегімен декарбонизацияланатын сала да бар. Бұл декарбонизациялау кезінде экономиканың өсуіне және әртараптандырылуына мүмкіндік береді», - деді Германия Сыртқы істер министрлігінің Қазақстандағы сутегі дипломатиясы кеңсесінің басшысы.
Ол сондай-ақ ағымдағы жылдың мамыр айында Орталық Азия мен Еуропаның сутегі дипломатиясы форумы өтетінін айтты, онда ұлттық экономикалар үшін жасыл сутегінің келешегі, сутегі саясатын үйлестіру, проблемаларды талқылау және еңсеру үшін Қазақстанда көміртексіздендіру бойынша мүмкіндіктер мен кедергілерді анықтау және парниктік газдар шығарындыларын азайту әлеуетін талдау тақырыбы бойынша дөңгелек үстел мен семинарлар ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ іс-шарада Қазақстанның жасыл энергетикасындағы атом электр станцияларының рөлі туралы «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин, Жоғары тиімді сутегі энергетикалық технологиялары және H2 хабын құру жайлы ЕҰУ профессоры, Еуразиялық физика институты ғылыми-зерттеу институтының директоры Қайрат Күтербеков және Қазақстанның сутегі энергетикасын дамыту перспективалары туралы «КМГ Инжиниринг» ЖШС Баламалы энергетика департаментінің директоры Дәулет Жақыпов сөз сөйледі.