Сенаторлар ЕҰУ-дың ғылыми әлеуетімен танысты
Еуразия ұлттық университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп бастаған депутатар келді.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың бастауымен депутаттар университеттің ғылыми материалдық-техникалық базасымен танысты. Сондай-ақ оларға ЕҰУ ғалымдарының құрылыс, физика, жасыл энергетика, биология, IT және т.б. салалардағы инновациялық ғылыми әзірлемелері көрсетілді.
Сенаторлар ENU-Lab ғылыми-өндірістік орталығында болып, онда ғалымдардың қазақстандық жолдар үшін суперасфальт өндіру жобалары, шу өткізбейтін бетон өндіру технологиясы, өнеркәсіп қалдықтарынан асфальтбетонға арналған минералды ұнтақ құрамы және басқа да әзірлемелерімен кеңірек танысты.
Сондай-ақ депутаттар «Жасыл технологиялар» ұжымдық пайдалану зертханасында болды, онда заманауи қондырғыларды пайдалана отырып, химия, биотехнология, экология салаларындағы жоғары технологиялық зерттеулер туралы толық ақпарат алды.
ЕҰУ «Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және жоғары технологиялар институты» ғылыми-зерттеу институтының директоры Қайрат Күтербеков сенаторларға термоэлектрлік модульдер мен натрий-иондық аккумуляторлар үшін нанокомпозиттік материал өндірісін құру жобасы туралы айтып берді. Ғалым атап өткендей, суперионды материалдың басты артықшылығы – улы компоненттердің болмауы, төмен баға, жоғары энергия тиімділігі, жылу энергиясын электр энергиясына айналдырудың жоғары тиімділігі.
ЕҰУ инженерлік зертханасында депутаттар суды тазарту және зиянды заттарды анықтау үшін мембраналарды модификациялау әдістерін жасау бойынша ғалымдардың ғылыми жобаларымен танысып, DC-60 ауыр ионды үдеткіштің жұмысынан хабардар болды, сондай-ақ физика және химия
саласындағы басқа да инновациялық зерттеулер туралы білді. 2022 жылдан бастап ЕҰУ коммерцияландыру бойынша әлеуетті идеялары бар жас ғалымдарды қолдау мақсатында өз қаражаты есебінен «JANA ASU» ішкі грантын құрды. Екі жыл ішінде университеттің 15 ғалымы сәулет, құрылыс, медицина, ауыл шаруашылығы, IT-технологиялар, экология және т.б. салалардағы инновациялық әзірлемелерін коммерцияландыру үшін ақшалай гранттарға ие болды. Сондай-ақ сенаторларға университеттің Jana Asu грантын жеңіп алған ЕҰУ ғалымдарының ғылыми-техникалық әзірлемелері көрсетілді. Олардың ішінде атмосфераға зиянды шығарындыларды өлшейтін «Электронды мұрын», шетелдіктерге күнделікті форматта қазақ тілін үйренуге арналған «Sana» қосымшасы, қазақтың ым-
ишара тілін танудың Қазақстандағы тұңғыш интеллектуалды жүйесі, қалдықтарды сұрыптаудың ақылды жүйесі және басқа ғылыми жобалар бар.
Сондай-ақ, ЕҰУ жанындағы Ядролық технологиялар паркінің радиациялық өңделген кабельдер, өнімділікті 30%-ға арттыратын инновациялық «Beta sorb» гидрогелі, жоғары сапалы гидрогельді өндіру,
жылуды жоғалтуды 30% төмендететін жылу және шу оқшаулағыштары, мұнай-газ өнеркәсібі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшін жылумен тарылатын оқшаулағыш және коррозияға қарсы таспалар және т.б. ғылыми-өндірістік жобалар депутаттардың қызығушылығын тудырды.
«Мемлекет басшысы ғылымға үлкен көңіл бөлуде. Соңғы жылдары ғылымды дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаржы үш есеге өсті. Университетіміздің ғылыми әлеуеті де кеңейіп келеді. Бүгінде Еуразия ұлттық университеті жалпы сомасы 7 млрд теңгеге ғылыми гранттарды жүзеге асыруда. 2023 жылы университет ядролық және сутегі энергетикасы, молекулалық биология, гендік инженерия,
биомедицина және т.б. сияқты маңызды салаларда 249 зерттеу жүргізді. Ғылыми қызмет 13 факультетте және 31 ғылыми-зерттеу орталығында жүргізілуде», - деді ректор Ерлан Сыдықов.
Сондай-ақ ЕҰУ ректоры ғылыми-зерттеу университеттеріне зертханалық құрал-жабдықтар мен материалдық-техникалық база сатып алу үшін мемлекет тарапынан бөлек қаржы бөлуді ұсынды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп:
«Қазір қазақстандық ғылымның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған заң жобаларын дайындау бойынша нақты идеяларыңызды енгізуге мүмкіндік бар. Ұсыныстарыңыз болса, қазір ҚР Парламенті Сенаты жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылып, кейбір заң жобалары сынақтан өтіп жатыр», - деп түйіндеді сөзін спикер.
Сапар соңында депутаттар университет ғалымдарымен кездесіп, отандық ғылымның әлеуетін дамытуға қатысты пікірлерін тыңдады.