Ғылыми жоба аясында халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушылары Мадрид қаласында іс-сапарда болып қайтты
2024 жылдың 19-23 наурызы аралығында Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті С.М.Нурдавлетова, доцент м.а. А. Далелхан және аға оқытушы А.Н.Чаукерова «АР14870606 Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын өзгермелі геосаяси жағдайлар контекстінде зерттеу» жобасы аясында Мадрид (Испания) қаласында іс-сапарда болып қайтты. Сапар барысында Испанияның Орталық Азияны зерттеуші ғалымдарымен кездесіп, испандық студенттерге дәріс оқыды.
Халықаралық қатынастар білім беру бағдарламасы бойынша Сан Пабло университетінде оқып жатқан студенттерге ғалымдарымыз Орталық Азия елдерінің ішкі-сыртқы саясаты туралы және Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастардың жағдайы мен жаңа мүмкіндіктері жайлы кең көлемде баяндап берді. Дәріске қатысқан студенттер үлкен қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойды. Қойылған сұрақтарға қарап, еуропалық студенттерді қазіргі Орталық Азияда болып жатқан саяси-экономикалық реформалар және Ресей мен Украина арасында болып жатқан соғыстың Орталық Азия аймағына әсері қандай екені көбірек ойландыратынын байқауға болады. Ғалымдарымыз, жаңа сын-тегеуріндермен тек Орталық Азия елдері ғана емес, жалпы әлем елдері бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, жаңа сын-тегеуріндердің өзімен бірге жаңа мүмкіндіктер ала келетінін айта келе, Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ жаңа стратегия аясында үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатындығын алға тартты.
Сонымен қатар, ғалымдарымыз Испания сенатында болып, сенат өкілдерімен қазақ-испан және ЕО жаңа стратегиясы аясындағы Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың даму мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Іс-сапардың келесі күні университет ғалымдары «ЕО-Орталық Азия қарым-қатынастары: мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер» атты дөңгелек үстелге қатысты. Аталмыш дөңгелек үстел Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Сан Пабло университеті (Мадрид, Испания), CASA ASIA орталығы (Мадрид) және Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен өтті. Сан Пабло университетінің профессоры Антонио Алонсо модератор ретінде дөңгелек үстел жұмысын бастап, бірінші сөзді Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаевке берді. Елші мырза өз баяндамасында Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттарымен терең таныстыра келе, бүгінгі жаһандық жағдайдың сипатына және Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынастардың даму перспективаларына тоқталып өтті. Мадридтегі Casa Asia орталығының директоры, Төтенше және Өкілетті Елші Эмилио де Мигель Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы саяси-экономикалық және гуманитарлық саладағы қарым-қатынастарының бүгінгі жағдайын айта келе, болашақ даму мүмкіндіктерін атап өтті.
Өз баяндамасында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті м.а. доктор PhD Далелхан Айболат қазіргі жаһандық деңгейде болып жатқан геосаяси толқыныстардың Орталық Азия үшін қандай сын-тегеуріндер мен жаңа мүмкіндіктерін алып келіп отырғанын сараптап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саяси ұстанымының маңыздылығына тоқтала келе, өзге де Орталық Азия мемлекеттерінің қазақстандық сыртқы саяси тұжырымдаманың тиімділігін түсіне бастағанын атап өтті. С5+1 форматының соңғы жылдардағы өзектілігінің артқандығы әлем қауымдастығының Орталық Азияны тұтастай бір геосаяси аймақ ретінде танып, аймақ елдерімен саяси-экономикалық қарым-қатынастарында бірізділік қалыптастырып келе жатқандығын айтты. Сондай-ақ, Орталық Азия мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар туралы кеңінен баяндап өтті.
Өз кезегінде с.ғ.к., доцент С.М.Нурдавлетова 2019 жылы қабылданған Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының басым тұстарымен ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Еуропалық зерттеушілер тарапынан бірқатар сынға ұшыраған 2007 жылғы Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты бірінші стратегияның екіжақты қатынастарды дамытудағы рөлін нақты дәйектермен сараптай келе, бірінші стратегияда кеткен олқылықтардың жаңа стратегияда қайталанбауы үшін қандай жағдайларды ескеру керектігі жайлы айтып өтті.
Халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы А.Н.Чаукерова Орталық Азия елдерінің энергетикалық саясаты жайлы баяндама жасады. Аймақ елдерінің энергетикалық мүмкіндіктерін талдай отырып, қазіргі Орталық Азияда қолға алынып жатқан ортақ энергетикалық кешен құру мәселесіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, Еуропалық Одақтың сирек кездесетін металдар бойынша Орталық Азиямен қарым-қатынастарын жетілдіруге қатысты саясатын бағалай келе, бұл бағытта әсіресе Қазақстанның мүмкіндіктерінің үлкен екенін айтты. Сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынастарда жетілдіруде Транскаспий көлік дәлізін дамытудың қаншалықты маңызды екеніне кеңінен тоқталып өтті.
Университет ғалымдарының іс-сапары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне тұстас келгендіктен, ҚР Испания Корольдігіндегі елшілігімен бірлесіп, дөңгелек үстелге қатысушыларға арнап дастарқан жайды. Келген қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дән таттып, күй тыңдап қайтты.