ЕҰУ-да Абай жайлы жаңа кітаптарға арналған ғылыми семинар өтті
Еуразия ұлттық университетінде «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абай мұрасы және Қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары» серияларымен жарық көрген кітаптарға арналған ғылыми семинар өтті.
Ғылыми семинарға танымал абайтанушылар, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен студенттер, магистранттар, докторанттар қатысты.
Іс-шараны ашқан ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір «Абай академиясы» ҒЗИ 2019 жылдың 2-ші желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен құрылғанын және Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» стратегиялық мақалаларында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында академия қазіргі таңға дейін арнайы сериялармен 84 ғылыми-танымдық кітап дайындап шығарғанын атап өтті.
«Академияның ғылыми бағыты – Абай мұрасын жаңа Қазақстанның рухани, мәдени, интелектуалдық дамуымен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету болғандықтан, Абайтану бағытында жетекші ғылыми институтқа айналу негізгі мақсатымыз», – деп атап өтті Жандос Әубәкір.
Ғылыми семинарға қатысушы авторлар өз сөздерінде Абай идеяларының өзектілігі және олардың бүгінгі күнге астасып жатқан үндестігі туралы әңгіме қозғады.
«Абай шығармашылығы – ғасырлар мен дәуірлерде жасалған халық тілінің айнасы, халықтың өмірлік тәжірибесі, ақыл-ой қазынасы. Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абай – мұхит, ол ешқашан сарқылмайды», – деді профессор Серік Негимов.
Келесі кезекте сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор, «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы» сериясының 6 томының авторы Жанат Әскербекқызы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филолгия ғылымдарының кандидаты, «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы» сериясының 10 томының авторы Ербол Тілешов, әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Абай мұрасы және Қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары» сериясының 4 томының авторы Амангелді Кеңшілікұлы Абай шығармашылығын зерттеуге қосқан үлестері туралы айтып берді.
«Абай тақырыбына келуіме менің докторантураға түсуім себеп болды. Сол кезде академик Сейіт Қасқабасов ағамыз маған «Абай шығармашылығындағы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар» деген тақырып берген болатын. Бастапқы кезде бәрі оңай, жеңіл сияқты көрінді, өйткені «Абайда білмейтін не бар?» деген сияқты ой болды менде. Бірақ Абай тақырыбын зерттей келе хакім Абайдың өте терең, өте ұлы ғұлама ғалым, кемеңгер екеніне көзім жетті. Менің кітабымда Абайдың орыс, батыс, шығыс әдебиетімен байланысы және Абай қандай дінді ұстанғаны, қандай шәкірттік жолдан өткені, т.б. жалпыадамзаттық тақырыпқа қатысты жағы зерттелді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының жағдайын ашуға, діннің, сол кезде татар молдалардың елімізге келуін тереңірек қамтуға, Абайдың шығармашылығына, оның ұлы идеяларын оқырманға жеткізу үшін барынша терең бойлауға тырыстым», – деді әдебиет сыншысы.
Ғылыми семинар барысында «Абай академиясы» ҒЗИ атқарған жұмысы туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, филология факультеті студенттерінің орындауында Абайдың әндері шырқалды және өлеңдері оқылды.