Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан ғылымын дамытудағы рөлі
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы» академик, қоғам және мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қ.Сәтбаевтың Қазақстан ғылымын дамытудағы рөлі» атты ғылыми - танымдық дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысы «Қазақ ғылымының негізін қалаушы» көрмесімен танысудан басталды және онда ғалымдарға жиналған сирек қолжазбалар мен еңбектер ұсынылып, геолог Қаныш Сәтбаев туралы бейнеролик көрсетілді.
Бейнежазбада қазақтың жер асты байлығын әлемге танытқан көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев бейнеленген. Атақты ғалым 1926 жылдан бастап Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар және Есіл кен орындарын зерттеді. Ол тапқан минералдардан химияның барлық элементтерін табуға болады. Қ.И. Сәтбаев Қазақ Ғылым академиясын, сондай-ақ Геология институтын құрды. Ол тек геолог-ғалым ғана емес, жазушы, тарихшы-математик, қазақтың тұңғыш академигі болды.
Дөңгелек үстелге ЕҰУ тарих факультетінің профессоры Задаш Дүкенбаева модераторлық жасады.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұрағат, құжаттама және кітап ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мұрағаттар, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан қатысты.
Сондай-ақ тақырыпты талқылауға «Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының» директоры Жандос Болдықов, ЕҰУ профессоры Күлзира Ысқақова, шығыстанушы Мұхамедқали Баймұханов, «Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының» ғылыми қызметкерлері, А. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының профессоры Самат Есқалиев және Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қызметкері Гүлфира Өтепова, ЕҰУ тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының студенттері мен магистранттары: Райян Кенжебекқызы, Ақбер Қуаныш, Ислам Қалдар қатысып, өз ойларын ортаға салды.