Foundation бөлімінің тыңдаушыларына арналған Ашық есік күні
Foundation бөлімінің тыңдаушылары үшін Ашық есік күні өтті. Кездесуге қатысушы «Отандастар қоры» өкілдеріне, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және қабылдау комиссиясының қызметкерлеріне арналған ауқымды бағдарлама дайындалды.
Іс-шара Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Серік Мақыштың құттықтау сөзімен басталды. Проректор өз сөзінде білім беру сапасының жоғары екендігін, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерінің кеңдігін және оқудың барлық бағыттары бойынша білім гранттарының қолжетімділігін атап өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләззат Егеубаева биылғы жылға ҰБТ тапсырудағы жаңашылдықтар туралы және де шетел азаматтарының университетке түсу ережелерін түсіндірді.
«Отандастар қорының» менеджерлері Еркебұлан Меңлібай мен Лашын Жанарбек Қордың тарихи Отандарында оқуын жалғастыруға тілек білдірген этникалық қазақтарды қолдайтындығын жеткізді. Өтініш білдіруші талапкерлерге алдағы уақытта Қазақстанда қалған жағдайда азаматтықты қалай алуға болатындығын кезең-кезеңімен түсіндіріп өтті.
Ашық есік күні ары қарай оқу бағыттарының презентацияларымен жалғасын тапты. Факультет декандары мен оқытушылар өз білім салаларының ерекшеліктері мен қабылдау емтихандарының бағдарламалары туралы айтты. Бүгінгі таңда ұлттық компанияларда, мемлекеттік басқару жүйесінде, экономика және білім беру салаларында еңбек етіп, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ атағын мақтанышпен алып жүрген түлектердің жұмысқа орналасуына көп көңіл бөлінді.
Сондай-ақ шараға қатысушылар талапкерлердің оқу бағытын таңдауға және оқуға түсуге қатысты сұрақтарына жауап берді. Осы бағыттағы іс-шаралар жыл сайын өткізіліп отырады және де талапкерлерге оқу бағдарламалары, университетке түсудің ережелері мен талаптары туралы толыққанды ақпарат алуға, көкейлеріндегі барлық сұрақтарына жауап алуға өз көмегін тигізеді.