ЕҰУ ректоры Мәскеуде өткен «Университеттер және болашақ» форумына қатысты
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Еуразиялық университеттер қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің президенті Ерлан Сыдықов М.В. Ломоносов атындағы ММУ-да (Мәскеу) өткен «Университеттер және болашақ» халықаралық форумында сөз сөйледі.
Форумға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Өз сөзінде Ерлан Сыдықов Еуразиялық университеттер қауымдастығының желілік ынтымақтастығын тереңдетудің негізі рөлі туралы айтты. Еуразиялық университеттер қауымдастығы шеңберінде Орталық Азия жоғары оқу орындарының жұмысын жандандыру қажеттігі туралы сөз еткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры осы жұмысты жүргізу үшін хаб (үйлестіруші) ретінде, сондай-ақ әртүрлі елдерде, соның ішінде Орталық Азияда ЕАУ-дың көшпелі съездерін өткізуді ұсынды.
Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы еуразияшылдықты одан әрі ілгерілету бойынша ұсыныстарын да енгізді.
«Еуразиялық университеттер қауымдастығы аясындағы қалыптасқан нәтижелі ынтымақтастықты және оны дамыту қажеттілігін ескере отырып, Еуразиялық өңірдің климаты өзгеруіне байланысты ғалымдардың еңбектерінің ғылыми базасын құруды ұсынамыз, бұл зияткерлік ресурсты және осы саладағы пәнаралық білімнің перспективаларын шоғырландыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ерлан Сыдықов.
Ректор атап өткендей, қоғам мен университеттер әрбір аймаққа және әрбір елге әсер ететін жаһандық жылынуға байланысты жаңа сын-қатерлерге тап болады. Осы орайда ЕҰУ ректоры бұл тақырып бойынша сарапшылар мен ғалымдарды тарта отырып, жаһандық жылыну салдарымен күресу және Еуразия аймағындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесіп жүргізуге қаржы бөлуді ұсынды.
Ерлан Сыдықов М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен ынтымақтастықты дамытуға ерекше тоқталып, оның жаңа жобаларда, соның ішінде жасанды интеллект, робототехника және өнеркәсіптік экологияны енгізу бойынша мамандарды бірлесіп даярлауда одан әрі қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, ЕҰУ ректоры форумға қатысушы жоғары оқу орындарының студенттерін «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасына
қатысуға шақырды, олар қауымдастықтың жоғары оқу орындары арасындағы тұрақты ынтымақтастықты дамытудың драйвері және мотиваторы болып табылатынын айтты.
Айта кетейік, ЕҰУ Қытайдың жоғары оқу орындарымен де ынтымақтастықты дамытуда. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы гуманитарлық алмасулар мен ынтымақтастық жөніндегі 6-шы Халықаралық форумның, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның баспа ынтымақтастығы форумын өткізу алаңына айналды.
Орталық Азия елдері арасындағы аймақтық ынтымақтастық нығайып, бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Ош мемлекеттік университетінде (Қырғызстан) және М.Осими атындағы Тәжікстан техникалық университетінде ЕҰУ филиалдары құрылды.
Форум аясында Еуразия ұлттық университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және Пекин политехникалық институты арасында үшжақты диплом бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау мақсатында келісімшартқа қол қойылды.
Форумның пленарлық отырысында М.В. Ломоносов атындағы ММУ ректоры Виктор Садовничий, Пекин университетінің ректоры Гун Цихуан, Араб университеттері қауымдастығының Бас хатшысы Амр Эззат Салама (Иордания) , Беларусь мемлекеттік университетінің ректоры Андрей Король, ханзада Мохаммад бен Фахда университетінің президенті Исса Х.Алансари сөз сөйледі.
Форумның пленарлық сессиясына ҚХР, Вьетнам, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Ливан, Сауд Арабиясы, Оман, Индонезия, Эфиопия, Египет және басқа да елдердің 100-ден астам ректорлары мен шетелдік университеттердің өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірлескен жұмыс үшін басым бағыттарды белгіледі.