Профессор Е.М. Абайдельдинов "Блищенко оқулары" мерейтойлық халықаралық конгресіне қатысты
2024 жылғы 13 сәуірде Ресей халықтар достығы университетінде "Блищенко оқулары" мерейтойлық ХХ Халықаралық конгресі өтті.
Конгресс жұмысына 355 адам қатысты, оның ішінде 283 баяндамашы, 25 модератор және 28 мемлекеттен келіп қатысқан 47 тыңдаушы. Қатысушылар арасында 37 ғылым докторы және 86 ғылым кандидаты болды, оның ішінде 19-ы профессор және 49-ы доцент.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті атынан конгреске Халықаралық құқық кафедрасының профессоры Е.М. Абайдельдинов қатысты.
РУДН-да болған алғашқы күні Ербол Мусинович "Халықаралық құқық" мамандығының студенттері мен аспиранттары үшін "Мемлекеттердің халықаралық құқық бойынша міндеттемелерін іске асыру мәселелері (Қазақстан Республикасының мысалында)" атты ашық дәріс өткізді. Сонымен қатар тыңдаушылардың арасында 7 ел өкілдерінің көптеген сұрақтарына жауап берілді.
Аталған күні профессор Е.М. Абайдельдинов РУДН Халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, БҰҰ экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитетінің мүшесі, профессор Абашидзе Аслан Хусейновичпен бірге кадрлар даярлау және ғылыми жұмыстар жүргізу мәселелерін талқылады, РУДН заң институтының директоры, доцент Сергей Борисович Зинковскиймен кездесті.
Конгресс жұмысы барысында Ербол Мусинович пленарлық отырыста 90 жасқа келген көрнекті Халықаралық заңгер, профессор Владимир Алексеевич Карташкинді құттықтап, алғыс білдірді; Екі "Дөңгелек үстел" отырыстарында сөз сөйледі; РУДН баспасөз қызметіне сұхбат берді; елдердің бірқатар ірі университеттерінің атынан қатысатын әріптестермен, халықаралық профессорлармен кездесулер өткізді, ТМД-да бірлескен ғылыми іс-шаралар мен зерттеулер жүргізу, ЕҰУ-те шығарылатын "Еуразия халықаралық құқық журналын" ілгерілету мәселелері талқыланды.
Мәскеуде болған соңғы күні профессор Е.М. Абайдельдинов докторант Арлан Алмасұлымен бірге Панфиловшы батырлардың құрметіне тұрғызылған Дубосеково разъезінің жанындағы мемориалдық кешенге барып, монументке гүл шоқтарын қойды, сонымен қатар іздестіру тобының қатысушыларына қазақстандықтардың Волоколамск маңындағы шайқастарға қатысуына байланысты сұхбат берді.
Профессор Е.М. Абайдельдиновтың ірі халықаралық ғылыми іс-шараға қатысуы көрнекті ғалымдармен шығармашылық өзара байланысты нығайтуға, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық құқық кафедрасының РУДН және тағы басқа ТМД елдерінің ЖОО-мен одан әрі бірлескен шығармашылық жоспарларын белгілеуге мүмкіндік берді.