Қазақстандық және испандық жоғары оқу орындары ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да Қазақстан мен Испанияның жоғары оқу орындарымен байланыс жөніндегі «Жоғары білім саласындағы ынтымақтастық: Испания-Қазақстан» халықаралық семинарының екінші бөлімі өтті. Кездесу 30-дан астам қазақстандық және испандық университет өкілдері мен Испанияның Қазақстандағы елшілігінің өкілдерінің қатысуымен өтті.
Семинарға қатысушылар Қазақстан мен Испания арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызды аспектілерін талқылады, бұл екі елдің студенттері, ғалымдары және зерттеушілері үшін жобалар мен бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға жаңа бағыттар ашуға көмектеседі.
Испаниядағы университеттердің өкілдерін қарсы алған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Нұрқатова Еуразия ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары білім беру көшбасшыларының бірі екенін, сонымен қатар QS рейтингі бойынша Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына кіретінін атап өтті.
«2015 жылы шет елдердің шет тілдері мен мәдениеттерін зерделеу мақсатында ЕҰУ-да Руй Гонсалес де Клавихо атындағы испан тілі орталығы құрылды. Студенттерімізге испан тілін үйретуге жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Бүгінгі таңда біздің университетте мыңнан астам студент испан тілін оқиды.
Қазіргі уақытта ЕҰУ Испанияның Наварра Мемлекеттік Университеті, Гранада университеті, Аликанте университеті, Кордова университеті, Барселона Университеті және т.б. сол сияқты жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыста. Бүгінгі шара жоғары білім және ғылым саласындағы достық қарым-қатынасты дамытуға септігін тигізеді деп сенемін», - деп түйіндеді сөзін проректор.
Семинарға Испания атынан Аликанте университеті, Альмерия университеті, Гранада университеті, Уэльва университеті, Хаен университеті, Лерида университеті, Саламанка университеті, Севилья университеті, Вальядолид университеті, Сан Хорхе университеті және Испан-араб қоры қатысты.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова екі елдің жоғары оқу орындары арасында 69 келісімге қол қойылғанын атап өтті.
«Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына студенттердің академиялық ұтқырлығы, бірлескен білім беру бағдарламалары және білім алмасуға қызмет ететін басқа да салалар кіреді. Біздің ынтымақтастығымызда ғылыми жобалар аса маңызды рөл атқарады. 2023 жылы біз Испания университеттерімен бірнеше ғылыми жобалар жасадық. Біз ғылыми, құрылыс, машина жасау және басқа да стратегиялық салалардағы қарым-қатынасты кеңейтуге ниеттіміз. Біздің университеттер қос дипломдық бағдарламаларға қосылуға дайын», - деді спикер.
Испанияның Қазақстандағы елшісі Хорхе Урбиола Испания университеттерінің Қазақстанға жоғары білім, ғылыми-зерттеу және студенттер әлеуетіне тәнті болып келгенін атап өтті.
«Испания университеттерінің тартымдылығы Испанияның тарихи тұрғыдан Еуропадағы Эразмус бағдарламасы бойынша студенттердің бірінші баратын жері екендігімен расталады. Бүгінгі кездесудің арқасында біз университеттеріміз арасындағы қарым-қатынасты дамытып, тереңдеткіміз келеді. Қазақстан – мүмкіндіктер елі. Испандық жоғары білім беру орталықтары сіздердің жобаларыңыздың бір бөлігі болуға ниетті. Испания мен Қазақстан географиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс болуы мүмкін, бірақ бізде өнімді ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеует бар», - деді дипломат.
SEPIE директорының орынбасары Фатима Терол өз сөзінде инновациялар, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа векторларының қалыптасуына үміт білдірді. Ол бұл кездесу бірлескен зерттеулердің белсенді дамуына ықпал ететінін атап өтті.
Қазақстандағы Эразмус+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова осы бағдарлама аясындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы айтты.
Кездесу барысында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғылыми-зерттеу кеңсесінің жетекші ғылыми қызметкері Самамбаева Айжан мен Вальядолид университетінің интернационалдандыру жөніндегі проректоры Палома Кастро Испания және Қазақстан университеттері арасындағы ынтымақтастықтың озық тәжірибелеріне кеңінен тоқталды.
Семинар Қазақстан мен Испания университеттері өкілдерінің жеке кездесулерімен жалғасты.
Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Испания ғылым министрлігі және Испанияның Білім беруді интернационалдандыру қызметі SEPIE ұйымдастырды.