Жұмыс берушілер ЕҰУ түлектеріне 1 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі – 2024» шарасы өтті. Бұл іс - шара университет түлектеріне лайықты жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге-өз ұйымдары үшін кәсіби кадрлар табуға мүмкіндік береді.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің негізгі мақсаты - университет түлектерін өңірдегі және жалпы республика бойынша ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.
Жәрмеңкеге 120-ден астам жұмыс берушілер, 2000-нан астам студенттер мен жастар қатысты. Жұмыс берушілер 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Еуразия ұлттық университетінінің Қаржы және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры Назгүл Айдарғалиева жыл сайын 4-4,5 мыңға жуық жас маман түлеп шығатынын, жұмысқа орналасқан түлектердің пайызы жылдан жылға өсіп келе жатқанын жеткізді.
«Биылғы оқу жылында университетімізді 5019 білім алушы, оның ішінде: бакалавриат бойынша – 3236 түлек, магистратура бойынша – 1451 түлек, докторантура бойынша – 332 түлек оқуды аяқтағалы отыр.
Сіздер университет дәстүрін жалғастырып, мемлкектіміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосасыздар деген үміттеміз. Сіздердің жоғары білікті маман болумен қатар қоғамымыздың әділ әрі адал мүшелері болуларыңызға тілектеспіз.
Қадірменді жұмыс берушілер, жыл сайынғы жәрмеңкеге қатысып, арадағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға ат салысып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз», - деді Қаржы және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Назгүл Айдарғалиева.
Іс-шараға ҚР Бас прокуратурасы, Астана қаласының Прокуратурасы, ҚР Цифрлық даму министрлігі, «Астана қаласының еңбек мобильділігі орталығы» КММ, «Астана қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖР КММ, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі, ЖШС Grant Thornton, ЖШС ModeX Астана, Ритц Карлтон, ЖШС «KazAeroSpace», ЖШС «Geodetica», «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК, ҚР ПІБ «Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» ШЖҚ РМК, ҚР Әскери соты, А.Байтұрсынов атындағы Бином мектебі, «Қазгидромет» ШЖҚ РМК, ЖШС «Казахмыс Корпорациясы», ЖШС «Пулково Қазақстан», «BI Group» Холдинг, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы инженерлік орталығы» РМК және т. б. ірі ұйымдар мен компаниялар қатысты.
Бүгінгі жәрмеңкеге білім, әлеуметтік-мәдени және экономика-бизнес саласындағы ұйымдар мен мекемелер және еліміздегі ірі компаниялар қатыcып, олардың арасынан Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Омар Олжас, «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» оқушы және студент жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Атымтай Бағдат сөз сөйледі.
ЕҰУ түлектері бүгінде Қазақстанның беделді мекемелерінде қызмет жасайды. Атап айтқанда, олардың арасында: «Қазақстан Ғарыш Спары», «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, ВI Group Холдингі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ секілді ұйымдар бар.
Университет пен өндірісті жақындатудың маңызды қадамы кәсіпорындар мен ұйымдар негізінде кафедралар филиалдарының қызмет атқаруы. Қазіргі таңда 69 кафедра филиалдары қызмет атқарады.