Әл-Жазира Media Network бас директоры ЕҰУ- ға келді
Еуразия ұлттық университетінде Әл-Жазира Media Network халықаралық телекомпаниясының бас директоры Мостефа Суагамен кездесу өтті.
Кездесу барысында Мостефа Суага телекомпанияның қалыптасу тарихы мен оның құндылықтары туралы айтып, қауымдастықтың корпоративтік құрылымының қыр-сырын түсіндірді және көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
Мостефа Суага ЕҰУ түлектерін жұмысқа орналастыру, сонымен қатар журналистика және саясаттану факультеті студенттерінің телеарнадағы тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, студенттер телеарнаның ақпараттық бөлімінде ағылшын тілінде тәжірибеден өте алады.
Сондай-ақ, ғалымдар мен университет оқытушыларының да телеарнамен ғылыми зерттеу бағытында байланыс жасау мүмкіндігі бар.
"Әл-Жазираның отаны – Арабия түбегінің аймағы және мұндай ақпараттық орталық бұл жерде пайда болады деп ешкім ойлаған жоқ. Телекомпания құрылған күннен бастап, көптеген қиындықтарға тап болды және оның бәріне төтеп берді. Алғашқы алты жылда Әл-Жазира тек араб әлеміне ғана таратылды. Бастапқыда телеканал бір ақпараттық арна болды, оның атауының кеңеюіне байланысты арнаға қойылатын талаптар артты. Уақыт өте келе телекомпанияның түрлі филиалдары ашылып, жаңа жобалар пайда болды", - деді Мостефа Суага.
Компанияның бас директоры атап өткендей, қазіргі таңда Әл-Жазираның тек ағылшын тіліндегі арнасын 400 миллионнан астам көрермен көреді. Қонақ сонымен қатар компания қазіргі кезде телеарнаның Қазақстандағы қатысуын кеңейту мәселелерін талқылап жатқанын айтты.
Кездесу соңында еуразиялықтар арнайы атбасын бұрған қонаққа алғыс айтып, алдағы уақытта арадағы ынтымақтастық арта түсетініне сенім білдірді.