ЕҰУ-да түрік профессоры Невзат Тархан кітабының тұсаукесері өтті
Кітап әлеуметтік психология призмасы арқылы адамзаттың жеке, топтық және әлеуметтік құндылықтарының табиғатын ашады. Оқырманға жол тартқан еңбек әлеуметтану, философия, психология, білім беру, денсаулық сақтау және саясат салаларындағы мамандар мен студенттерге арналған.
Еуразия ұлттық университетінде психиатрия, нейропсихология, неврология саласындағы белгілі сарапшы Невзат Тарханның «Психология құндылықтары және адам. Адамның дұрыс моделі» атты кітабы таныстырылды.
Тұсаукесер Қазақстан Республикасындағы Түркия елшілігінің өкілдері, университет оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен «Өзгермелі әлем және адамдар» конференциясы аясында өтті.
«Профессор Тарханның өмірі жастарға үлгі. Ғалымның зерттеу еңбектері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Бүгін университетіміздің қабырғасында тұсауы кесілген кітап көпшілікке пайдалы болады деп ойлаймын», - деді студенттер алдында сөз сөйлеген ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Өз кезегінде сөз алған доктор Невзат Тархан адам өзінің материалдық және рухани бақыты үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды тауып, арттыруы керек екенін атап өтті.
«Бұл кітапта мен дұрыс өмір сүру және бақытты болу үшін қажетті материалдарды беруге тырыстым. Бұл жұмыс бүкіл әлемдегі адамдардың жақсы және мейірімді мінез-құлқының дамуына ықпал етеді деп сенемін. Түптеп келгенде, бұл құндылықтар, олардың қайта жаңғыруы қоғамның қазіргі дағдарысын еңсеруге көмектесетін бағдар болуы керек», - деп түсіндірді автор.
Шара барысында ғылым докторы Невзат Тархан заманауи адам проблемалары туралы дәріс оқыды. Профессор қазіргі заманда адами құндылықтардың жойылып жатқанын атап өтті. Сарапшының айтуынша, жаһандық қауіптердің ішінде депрессия, жалғыздық, нарциссизм және т.б. проблемалар басым.
«Материалдық байлық көбейгенімен, рухани құндылықтар азаяды. Қазіргі уақытта көптеген адамдар өздерінің эгосының құлы болып табылады. Сондай жаман қасиеттердің бірі – адамның әлеуметтенуіне кедергі келтіретін және оны жалғыздыққа әкелетін нарциссизм сияқты қасиет», - деп атап өтті Невзат Тархан.
Студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, профессор жасанды интеллект тақырыбына тоқталды:
«Жасанды интеллект – бейтарап технология. Мұның бәрі оны қандай мақсатта қолданатынымызға байланысты. Оны адамзат игілігіне бағыттасақ, тек жақсылық аламыз, ал зиян үшін пайдалансақ, керісінше», - деп түсіндірді ғалым.
Сондай-ақ Невзат Тархан жастарға болашаққа бағытталған өмір философиясына ие болуға кеңес берді. Ол сонымен қатар студенттерді болашақ туралы қазірден бастап ойлануға және осы бағытта дамуға шақырды.
Кездесу барысында Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капучу, ЕҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Тансель Терджан және Ускудар университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Абулфаз Давуд оглы Сүлейманлы да сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша профессор Невзат Тарханға «Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Құрметті профессоры» атағы берілді.