Ректор дарынды жастармен кездесті
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республикалық және халықаралық көлемде түрлі ғылыми, спорттық, шығармашылық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген дарынды студенттермен кездесті.
Кездесуге шахматтан Қазақстан чемпионы Әлімжан Аяпов, паралимпиадалық жүзуден ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Жанат Нышаналы, «Еуразия аруы – 2024» байқауының жеңімпазы Даяна Жақыпова, «Ер жігіт – 2024 » байқауының жеңімпазы Сарбай Нұрмаханбет, «Шығыс маржаны» халықаралық фестивалінің жеңімпазы «Дала сазы» оркестрі, «Sand of Sharm» халықаралық таланттар фестивалінің жеңімпаздары «Самұрық» би тобы мен «Е-студио» әншілері, каратэден әлем чемпионы Назар Кавазов, бокстан әлем чемпионы Әлмұхамед Ахметов, ЕҰУ «Үздік староста» байқауының жеңімпазы Ақнұр Сейсембаева және басқалар қатысты.
Кездесу барысында университет басшысы талантты жастарды жеңісімен құттықтады.
«Сіздер – біздің мақтаныш. Әртүрлі байқауларға қатысқан сайын біз сіздер үшін қатты уайымдаймыз. Жеңіске жетіп жатсаңдар, өздеріңмен бірге қуанамыз. Себебі ЕҰУ сіздер үшін екінші отбасы, мұнда бақытты сәттерді өткізесіңдер. Студенттік шақ – бұл адамның жеке басы толығымен қалыптасатын кез. Сондықтан бұл уақытты барынша тиімді, өздеріңді жеке тұрғыдан толық дамыту үшін пайдаланыңыздар. Сіздердің жеңістеріңіз университеттің дамуына да, бүкіл елдің өркендеуіне де ықпал етеді», - деп атап өтті ректор.
Сонымен қатар, Ерлан Сыдықов әділ қоғам құру тақырыбын да қозғады, онда әрбір азаматтың дамуы үшін тең жағдайлар болуы тиіс. Ғалымның айтуынша, бұл жаңа шынайы көшбасшыларды құруға серпін береді.
Сондай-ақ, академик жастарды отбасында және қоғамда бірлікке, ынтымақтастыққа шақырды. Бірлік болса, елімізде тыныштық та, өркендеу де болатынын айтты.
Өз кезегінде сөз алған студенттер ректорға алғыс айтып, ЖОО-ны дамыту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.
«Осындай кездесудің ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Ректорға өз ойларымызды, ұсыныстарымызды айттық. Ректор бізді тыңдап, идеяларымызды жүзеге асыруға көмектесті», - дейді филология факультетінің студенті Дана Қайрақбаева.
«Мен осында болғаныма өте қуаныштымын. Кездесу қызықты өтті. Көптеген студенттер өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл кездесу біз үшін құнды болды. Ректор басқа да көптеген ойлар айтты, оның бәрі бізге өмірлік сабақ және ертеңімізге көмектеседі», - деп атап өтті экономика факультетінің студенті Әлімжан Аяпов.