
Қырғызстандағы ЕҰУ филиалында қос диплом бағдарламасының студенттері марапатталды

ЕҰУ-дың Қырғыз Республикасындағы филиалында «6В01718 – Орыс тілі мен әдебиеті», «6В02307 – Аударма ісі», «6В01721 – Шетел тілі: екі шет тілі» мамандықтары бойынша қос диплом білім беру бағдарламасының 2 курсын аяқтап, 3 курсқа өткен студенттер үшін мерекелік іс-шара болып өтті. Алдағы уақытта ОшМУ-дың 29 студенті оқуын Астанада жалғастыратын болады.
Оған ОшМУ-дың басшылық құрамы мен Қазақстан Республикасының Ош қаласындағы Бас консулы Мұхтар Кәрібай, кафедра меңгерушілері мен топ кураторлары, ата-аналар және студенттер қатысты.
Арнайы басқосуда Ош мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Кудайберди Кожобеков:
«Біз үздік серік ретінде ЕҰУ-мен бірнеше жылдардан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Таяуда ғана екі мемлекет басшысының қатысуымен ашылған ЕҰУ филиалы білім жүйесіне жаңа күш, серпін береді. Біздің ынтымақтастық жұмысымыздың аясында әріптестік байланыстармен бірге академиялық ұтқырлық, қос диплом бағдарламалары да бар. ЕҰУ-мен бірлесе ашқан қос диплом білім беру бағдарламасы бүгінгі күні жемісін беріп, мамандықтар мен білім алушылар саны ұлғаюда. Биылғы оқу жылында «7M01719 – Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша ОшМУ-дың 2 магистранты қос диплом бағытында магистрлік диссертацияларын сәтті қорғап, диплом алды. Бұл үлкен жетістік. Алдағы уақытта да бұл ізденістер жалғасын табады», – деп атап өтті.
Сонымен бірге Бас консул Мұхтар Кәрібай аталған бағдарламаның елдің бірлігі мен ынтымақтастығы, рухани кеңістігі, білім жүйесіндегі жастар үшін тиімді тұстарын көрсетіп, табыстар тіледі.
Іс-шара аясында филиал директоры Айнұр Найманбай қатысушыларға университеттің ішкі талап-ережелерін түсіндіріп, студенттер мен ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, сапарға шыққан білім алушыларға сәттіліктер тіледі.
