Мекен жай:
Қазақстан Республикасы
010008, Астана
Мұңайтпасов көшесі 5
Тел.: 8 (7172) 35 38 06
Факс: 8 (7172) 35 38 08
06.09.2011
Намазалы, ОМАШҰЛЫ:
Алаш арыстары елдік мәселелерді тіліп тұрып айтып, жеріне жеткізіп жаза білді
18.08.11
Қайрат САҚ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетiнiң деканы: Таңдаған талапкерлердің саны мен сапасы жағынан ЕҰУ алға шықты
- Биылғы оқу жылының қорытындылары бойынша Еуразия ұлттық университетінің топжарғанын естідік. Мұндай шешім қандай көрсеткіштерге сүйеніп жасалды?
- Мақтанғанымыз емес, алайда Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарының арасынан суырылып шыққан Еуразия ұлттық университеті жаңа оқу жылында жеке-дара көш бастады. Элитарлы кадр дайындаудың негізгі ошағына айналып, еуразияшылдық идеяның ұрығын сеуіп отырған білім ордасы өз тарихында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарында 2020 жылға дейін еліміздің кем дегенде 2 жоғары оқу орнын әлемдегі ең озық университеттердің тізіміне енгізу міндеті қойылды. Өткен жылы Еуразия ұлттық университеті осы міндетті мінсіз орындап, халықаралық «QS World University Rankings» агенттігі жүргізген зерттеулердің нәтижесінде, әлемдегі ең үздік 500 университеттің қатарына қосылды. Сонымен қатар ЕҰУ әлемдегі 20 мың университеттің рейтингінде 4082-орыннан табылды. Осылайша ол отандық білім саласының көшбасшысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. «Laboratorio de Internet» атты испандық зерттеу тобының мәліметінше, ағымдағы жылдың шілде айында өткізілген рейтингте еліміздегі жоғары оқу орындарының арасынан үстіміздегідей көрсеткішке Еуразия ұлттық университеті ғана лайық деп танылған. Бұған қоса, жаңа оқу жылында ЕҰУ мемлекеттік грант иегерлері мен «Алтын белгі» иегерлерін қабылдау бойынша еліміздегі жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарына шықты. 3075 грант иегері ЕҰУ-ды таңдады. Олардың 891-і «Алтын белгі» иегерлері болса, 112-сі ғылыми жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Осы ретте мен ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетiн таңдаған талапкерлерге ерекше тоқталғым келеді. Себебі ЕҰУ талапкерлердің саны мен сапасының арқасында республика көлемінде журналистика саласы бойынша да алғаш алға шықты.
Енді, саны мен сапасы деген анықтаманы түсіндіріп берейін. Республика бойынша журналистика мамандығына небары 80 грант бөлінді. Сол гранттарды жеңіп алуға Қазақстанның 14 жоғары оқу орны таласты. Шешуші сәтте болашақ журналистердің 50 пайызға жуығы ЕҰУ-ды таңдады. Санға қатысты мәлімет осы. Сапаға келетін болсақ, биыл журналистика мамандығы бойынша бізді таңдаған 13 талапкер - «Алтын белгі» иегері болды. Ал баспа ісі мамандығына түскен 7 талапкердің 4-уі - мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған, 2-уі - олимпиада, 1-уі - ғылыми жарыс жеңімпазы. Міне, осылар Еуразия ұлттық университетінің, оның ішінде журналистика және саясаттану факультетінің абыройын асқақтатып, беделін бекемдей түсті. Бұлар ең үздік оқушылар. Оларды студенттер қатарына қабылдау кез келген жоғары оқу орнының арманы. Себебі солар арқылы жоғары білікті әрі сапалы маман даярлаудың негізі қаланады.
Орайы келіп тұрғанда тілге тиек ете кетейін, біз ата-аналар қауымы мен талапкерлердің ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетінің заман талабына сай білім беретіндігіне сенім білдіріп отырғанына бек қуаныштымыз. Сонымен бірге олардың сенімі бізге айрықша жауапкершілік жүктейді. Біз сенімге селкеу салмай, мықты маман даярлау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз.
- Ұлттық университеттегі Журналистика және саясаттану факультетінің қысқа уақытта осыншалықты жоғары көрсеткішке қол жеткізуінің сыры неде деп ойлайсыз? - Жаңа айттым ғой, кез келген жоғары оқу орнының имиджі 2 талап бойынша анықталады. Оның біріншісі - оқуға түсіп жатқан талапкерлердің саны мен сапасына, екіншісі - оқуды бітіріп жатқан түлектердің жұмыспен қамтылуы және маман ретінде танылуына байланысты болады. Еуразия ұлттық университеті кейінгі 3жылда журналистика саласы бойынша үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Тап қазір отандық БАҚ-тың кез келген саласының бір пұшпағын ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған журналист мамандар иленуде десе, әсіре сілтегендік болмайды.
2009 жылы журналистердің кәсіби мерекесіне орай алғаш рет ұйымдастырылған республикалық БАҚ басшылары мен жетекші журналистердің дөңгелек үстелінде университеттің бұрынғы басшысы Бақытжан Әбдірайым журналистика кафедрасын факультетке айналдыруға уәде берді. Ректордың уәдесін ақиқатқа айналдыру үшін университетте баспасөз және баспа ісі, телерадиожурналистика кафедралары ашылды. Уақыт өте келе басқа факультеттің қосағында жүрген бұрынғы журналистика және саясаттану кафедралары негізінде журналистика және саясаттану факультеті құрылды. Ауызбен айтқанда бұл оңай шаруа болып көрінеді. Шынтуайтында, сол кезде университет басшылығы бізге түсінушілікпен қарамағанда, мүдделі адамдардың күш-жігері жұмсалмағанда кафедра факультет деңгейіне жетпей қалатын еді.
Университет басшылығының жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында мақсатымызға жеткеннен кейін біз кафедраларға маман тарта бастадық. Нәтижесінде, бұрынғы 10 оқытушының саны 30-ға жетті. «Телерадио журналистикасы және қоғаммен байланыс» кафедрасына отандық телеиндустрияның тарланы Ғадiлбек Шалахметовтi кафедра меңгерушiсi қызметіне шақырдық. Өз кезегінде ол факультетке атақты диктор Рабиға Аманжолованы тартты. Одан кейін бізге журналистиканың маңдайалды маманы Намазалы Омашұлы келді. Ұстазымыздың келуімен бастаған ісіміз одан сайын жандана түсті. «Егемен Қазақстан» газетiнiң президентi Сауытбек Абдрахманов, «Астана» журналының директоры - бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат, қарымды қаламгер, тәжiрибелi журналист Шархан Қазығұлов сынды азаматтар да профессор-оқытушылар қатарын толықтырды.
Қазір бізде 3 буынның өкілдері еңбек етеді. Мен 2008 жылы Еуразия ұлттық университетіне кафедра меңгерушісі қызметіне шақырылғанда, осындағы ең жас маман болдым. Сонда мен ұрпақ сабақтастығының үзіліп қалғанына таңғалдым. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз, аға ұрпақ пен орта буынды және кейінгі толқын жастарды бір арнаға тоғыстырдық. Нәтижесінде факультетте жас мамандардың шоғыры қалыптасты.
Әу баста факультеттің атына үрке қараған жандар да кездесті. Біз оларға мәселенің мәнісін байыппен баяндап, журналистика мен саясаттануды біріктіргеннен ұтпасақ ұтылмайтынымызды, мамандықтардың бір-біріне өте жақын екенін түсіндірдік. Айтпақшы ескерте кетейін, бұл мамандықтар бірге дайындалмайды. Әрқайсысының өз жолы, өз жөні бар. Журналистикадағылар - журналист, саясаттанудағылар - саясаттанушы болып шығады.
Профессор Намазалы Омашев осы факультеттің алғашқы деканы болды. Факультеттің қаз-қаз басып, аяғына тұруына Намазалы ағаның қосқан үлесі қомақты. Бір жылдан кейін ол: «жастар жұмыс істеуі керек» деп маған сенім артты. Қазір сол сенімнен шығуға бар қажыр-қайратымды жұмсаудамын.
Факультетте қалыптасып келе жатқан дәстүрлерге тоқталатын болсам, бiз жылда төл мерекемiз Баспасөз күнiне орай БАҚ басшылары мен жетекшi журналистердiң басын қосып, «қазіргі журналистиканың және маман даярлаудың өзекті мәселелері» деген тақырыпты талқылау үшін дөңгелек үстел өткізіп, соның аясында Ақселеу Сейдімбек атындағы тастаяқ турнирін ұйымдастырып келеміз. Журналистика магистрларының оқу жоспарына «Профессор А.Сейдімбектің шығармашылық зертханасы» атты арнайы пән енгізілді және «Ақселеу оқулары» дәстүрге айналды.
Ақселеу аға ЕҰУ-да журналистика факультетiнің ашылуын қатты армандаған адамдардың бірі болатын. Біз жыл сайын Ақселеу Сейдімбекке құрмет көрсету арқылы оның есімін ұрпақ жадында жаңғыртып отыруды көздейміз.
- «Бізде мынадай бар, мынадай бар» деген кезде, ең әуелі нені сөз етер едіңіз? - Университетте студенттердің тәжірибелік сабақтарына арналған телерадиостудия, жазу шеберлігін қалыптастыруға бағыт-бағдар беретін «Еуразия университеті» газеті бар. Интернет кластар да студенттердің сұранысын қанағаттандырып тұр. Шәкірттеріміздің барлығына елордадағы кез келген БАҚ пен байланысуға мүмкіндік жасалған.
- «Журналистерді ҚазҰУ мен ЕҰУ-да ғана даярласа дұрыс болады» деген сөздің шыққанына біраз болды. Алайда «баяғы жартас сол жартас» қалпында қалып отыр. Бұған не себеп, не кедергі?
- Бұл айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе. Қазіргі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ЕҰУ профессор-оқытушыларымен кездесуінде сөйлеген сөзінде журналистерді 2-3 жоғары оқу орындарында ғана даярласақ жеткілікті болатындығын мегзеді. Биылғы жылы министрлік сөзден іске көшіп, берген 2 уәдесін орындай бастады. Біріншісі - журналистерге бөлінетін мемлекеттік грант саны бұрынғымен салыстырғанда сәл де болса көбейді. Келесі оқу жылында уәде бойынша мемлекеттік гранттардың саны 2 есеге ұлғаятын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Екіншісі - журналист мамандығына бөлінген мемлекеттік гранттар былтырғыдай 30 шақты жоғары оқу орнына емес, 14 білім ордасына бекітіліп берілді. Болашақта осы жұмыс жалғасын тауып жатса, ойымыздағының орындалатыны сөзсіз.
Бүгінде баспа ісіне бөлініп жатқан грант сандары көңіл көншітпейді. Республика бойынша бұл мамандыққа бар-жоғы 15-ақ грант бөлінеді. Оның 10-ы - қазақ, 5-і - орыс бөліміне беріледі. Қазақстанда 200-ге тарта баспа бар екенін ескерсек, жағдайдың мәз еместігін көреміз.
Қазір отандық кітап нарығы шетелдік баспагерлерден жеңіліс тауып тұр. Біз бәсекеге қабілетті бола алмай жатырмыз. Өйткені бізде білікті маман тапшы.
Қазақстанда 1998 жылға дейін баспа ісінің мамандары даярланбады. Бұл іс Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында ғана жүзеге асырылды. Біз баспа ісіне даярлаған шәкірттеріміздің нақты нәтижесін 10-15 жылдан кейін ғана көре аламыз. Сондықтан осы мамандыққа бөлінетін мемлекеттік гранттардың санын көбйтіп, олқылықтың орнын толтырмаса болмайды.
- Жас журналистердің басым бөлігі телеарналарға әуес болып кетті. Сіздер өз шәкірттеріңізді журналистиканың әртүрлі салаларына бағыттау ісімен айналысасыздар ма?
- Қазір мерзімді басылымдар көп тарамайды, ауылдарға жетпейді. Себебі бұқара халық газет оқудан қалып барады. Ал жастардың барлығы тележұлдыз болғысы келеді, танымалдыққа талпынады. Қазір телеарналарда негізінен қыздар қызмет етеді. Соның салдарынан жастардың санасында «журналистика қыздардың мамандығы» деген пікір қалыптасып жатыр. Бұл мерзімді баспасөз бен телерадио журналистерін бөлек даярлайтын уақыт жетті деген сөз. Әлемдік тәжірибие де осыны көрсетіп отыр.
Оқу ордамыздың делегациясы құрамында Қытайдың Үрiмшi қаласындағы Шыңжан мемлекеттік университетiнде болғанымда мен журналистика және коммуникация факультетiнің ілкімді ізденістеріне қызығып қайттым. Байқағаным, олар журналистердi сала бойынша жеке мамандықпен дайындайды екен. Бiздегі білiм беру жiктелiсiндегідей мерзiмдi баспасөз, телерадио, интернет журналистика бір-біріне кіріктірілмеген. Осы әдіс біздің білім жүйемізге енгізілсе жаман болмас еді.
- Журналистикада жүрген «көлденең көк аттыларға» көзқарасыңыз қандай?
-Бүгiнде екi сөздiң басын қоса алмайтын, сөйлем құрап жаза алмайтын «журналистер» қаптап кетті. Соның салдарынан журналистиканың беделі түсіп жатыр. Егер басқа мамандық иесінің қателігі сол салаға ғана зиянын тигiзсе, журналистикадағы қателiк бүкiл елге зардап шектіреді. Журналистиканың тiлi бұзылса да, ойы бұзылса да залалын ел көреді. Өйткені қарапайым халық журналистерге қатты сенеді.
Журналистикаға басқа саланың жетегінде жүрген жандардың ағылып келуі қоғам үшін қауіпті құбылыс. Ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан саралағанда апатты жағдай.
Атам қазақ «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді. Бұл қай жерде де, қашанда кәсіби маманның орны бөлек деген сөз. Журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың келуіне өтпелі кезең кінәлі. Қытай халқында «өтпелі кезеңде өмір сүр» деген қарғыс бар. Өйткені дәл осы кезде жуан жіңішкереді, жіңішке үзіледі. Өтпелі кезеңде бізде дәл осындай жағдай болды. Әркім нан тауып жеу үшін басын тауға да, тасқа да соқты. Басқа саланың мамандары екінші бір салаға өтіп, қойыртпақ басталды.
Журналистка - қоғамдық қозғаушы күш. Ол қоғамды бұза да, түзей де алады. Оның табиғатын терең түсінбеген маман елді адастырады. Журналистикада кім болса, сол жүрмеуі керек.
Қазір телеарналарда журналист - артист деген ұғым пайда болды. Кез келген артист журналист болып алды. Журналист артист емес, журналист - қоғамдық пікір қалыптастырушы адам. Артист біреудің айтқанын, біреудің жазғанын оқиды. Осының аражігін ажырата білу керек.
Біз өтпелі кезеңнен өттік. Енді, кәсібилердің заманына бет бұруға тиіспіз. Бұл үшін журналистиканы басқа саланың адамдарынан арылтқан абзал.
- Сіздердің студенттеріңіз мемлекеттік тілдегі оқулықтарға зәру болып жүрген жоқ па?
-Жасыратыны жоқ, бізде оқулық жетіспейтіні рас. Бұл - өте өзекті мәселе. Оқулық жазу кез келген адамның қолынан келмейді. 20-30 жыл тәжірибие жинақтауы керек. Ол өз саласының теориясын жетік білуі тиіс. Осындай маманның ғана оқулық жазуға қабілет-қарымы жетеді. Оқулық жазу жанкешті еңбекті қажет етеді. Оқулық жазатын адамдарға мемлекет тарапынан материалдық, моральдық қолдау қажет.
ЕҰУ-дың бұрынғы ректоры Бақытжан Әбдірайым мемлекеттік тілде оқулық жазған ғалымдарды ынталандырып отыру мақсатында, оларға қомақты қаламақы беру жүйесін жолға қойған еді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Ғылыми кеңестің мақұлдауынан кейін университет баспаханасынан ондаған кітаптар жарық көрді. Осындай іс мемлекет деңгейінде атқарылса құба-құп. Мәселе сонда ғана шешіледі.
- Журналистердің мәртебесіз жүргендігіне қынжыласыз ба?
-Әрине. Шерағаң айтқандай, «журналистер арқалағаны - алтын, жегені - жантақ» халық қой. Қай қоғамда да олар елдің мүддесіне қызмет етеді. Ал өз мүдделері ескерусіз қалып жатады. Шетелдерде журналистердің материалдық жағдайы да, моральдық жағдайы да өте жоғары. Оларда қоғамға ықпал ететін 10 адамның ішінде кемінде 1 журналист жүреді. Бізде журналистердің әлеуметтік әлеуеті анау айтқандай жақсы емес. Журналистерге мәртебе беру үшін ең әуелі олардың кәсіподақтарын құру керек шығар деп ойлаймын. Әйтпесе журналистер мемлекеттік қызметкерлерге де, бюджет саласының мамандарына да жатпайды. Соның салдарынан әлеуметтік қолдаудан үнемі тыс қала береді.
Сұхбаттасқан Қанат МАХАМБЕТ
01.09.2011
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Білім күніне арналған салтанатты мереке өтті
Оқу жылының алғашқы күнінде барлық факультеттердің студенттері жиналды, олардың басым көпшілігі - бірінші курс студенттері. Еске сала кетейік, грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 3075 студентімен көш бастады. Салтанатты шара мерекелік концертке ұласып, жоғарғы курс студенттері оқуларына кірісті. Ал университет табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1-ші курс студенттері ЕҰУ-дың белгілі ғалымдары мен құрметті қонақтарының дәрістерін тыңдады.
Оқу-әдістемелік жұмыс басқармасының басшысы Р.С.Салықжановтың «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбаты.
Жастарды зерттейтін республикалық орталық ашу қажет

Автор: Жарқын Түсіпбекұлы
27 қазан 2010
http://alashainasy.kz/person/14066/
Оралмандар жайын күйттейтін жеке министрлік керек
– Зиябек мырза, сіздің қо ғам дағы иіні қанбай жатқан ұлттық мә се ле лер ге етене араласып, Алаш жұр ты ның абыройлы аза ма ты ретінде үн көтеріп жа та ты ныңызды білеміз. Соның бірі – басы даудан арылмай келе жатқан көші-қон саласы. Жа қын да елі міз дегі барлық партия өкіл дері қа тысқан қабырғалы оты рыс тардың бірінде қазіргі қол да ныс тағы «Көші-қон туралы» заң жо басына қатысты біршама сын айтып, Парламентте жатқан жаңа нұсқасына өзгертулер енгізу керек деп едіңіз. Осы мәселені ашып, тар қа тып айтып берсеңіз. Заң да ры мыз дың қай жері әлсіз, қай тұс тарын толықтыру керек деп ой лай сыз?
Алашқа айтар датым...
Бүгінгі таңда оралмандарға арнап бейімдеу орталықтарын ашып жатырмыз. Мұның не қажеті бар екенін түсінбеймін. Көшіп келіп жат қан дар Ресейге болмаса Англияға емес, Қазақ еліне келіп жатыр. Қазақтың саф алтындай тілін біледі, қазақы менталитетті сақтайды. Ал енді оларды сонда неге бейімдемекпіз? Бұл – бостан-босқа ақша шашу. Бейімдеу орталықтарын ашу тиімсіз. Оған жұм салған қаржыға үй салып берсек қайтеді? Орталықтың жөндеу жұмыстары, жалақысы, жа рығы, жылуы, жобалау секілді шара ларға қыруар ақша кетіп жа тыр.
Оған адамдар бара бермейді. 300-400 шақырым алыстағы ауылды жерлерден кім келеді оған? Жақында тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар Семейдегі бейімдеу орталықтарына қатысты сараптама жүргізіпті. Сауалнама қорытындысында көшіп кел гендердің басым бөлігінің бейімдеу орталықтарына бармайтыны белгілі болған. «Себебі алыс, ерігіп отырған жоқпыз, үй салып жатырмыз» деп жауап берген. Шаруасын ысырып тастап, сол жерде жарты жылдай жата тұрайын деген қазақ болмайды. Бұл құзырлы орындардың ең үлкен қателігі болды. Осы себепті көп теген орталықтар босқа тұр.
Ұрымтал сөз
Еліміздің территориясы 100 Израиль, 99 Армения, 20 Польша, яғни бүтін бір Батыс Еуропаның аумағындай жерді алып жатыр. Мұндай алып елге халық санының, соның ішінде Алаштың негізін қалаушы ұлт – қазақтың көп болғаны маңызды. Егер мемлекеттің негізгі ұлтынан өзге халықтардың саны көп болса, алдағы болашағымызға, ұлттық қауіпсіздігімізге зиян. Елтұтқалығымыздан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Кемелді болу үшін мәрт қазақтың саны кемінде 85-90 пайыз болуы керек.
Автор: Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана
28.10.2010
Айтыс жанкүйерлерімен қайта қауышты
Мақпал ЖҰМАШОВА
7 арна, 29.10.2010
http://tv7.softdeco.net/kz/news/31378/
Студент қатарына қабылдау салтанаты
Еуразия ұлттық университетінің 1-курс тәлімгерлері бүгін студент қатарына қабылданды. Шараны жыл сайын атап өту дәстүрге айналған. Биылда да сол әдеттен жаңылған жоқ. Үш мыңға тарта студент салтанатты түрде ант қабылдап, университет әнұранын шырқады. Бір ерекшелігі, биыл ақылы бөлімге студент қабылданбаған. Тек білім гранттарын жеңіп алған тәлімгерлер ғана студент атанды. Университет ректоры «осылайша әлемдік жетістіктерді бағындырамыз» деп отыр. Биылғы жылы бұл оқу орнын таңдағандар саны жиырма пайызға артыпты. «Орта Азиядағы үздік университет» дәрежесіне ие ұжым болашақта да тек үздік оқушыларды қабылдамақ.
Астана
«Нұр-Астана» газеті, 14.10.2010 жыл.
Намазалы ОМАШЕВ:
Қазақ журналистикасының жаңа дәуірі басталды
Соңғы кездері БАҚ-қа байланысты пікір, көзқарас көп жарияланып жүр. Ақпарат саласының кадрларын даярлауда да қордаланған мәселелер жеткілікті. Ол қай уақытта да күн тәртібінен түскен емес. Кезінде Қазақ журналистика институтының ашылуы (1934) “тарихи құбылыс” деп аталса, Астанада журналистика факультетінің ашылуы – “биылғы жылдың елеулі оқиғасы” деп бағаланды. Осы орайда біз журналистика мамандарын әзірлеуде көпжылдық тәжірибесі бар ұстаз, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Намазалы ОМАШЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
ЕҰУ елордамен бірге өсіп келеді
– Намазалы аға, сіз талай жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқардыңыз. Ғасырға жуық тарихы бар университет пен ашылғанына 15 жыл енді болатын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін салыстыруға келе қоймас. Дегенмен несімен ерекшеленеді және қандай өзгешеліктері бар?
– Әрине, екі университетті салыстыру қиын. ҚазҰУ-дің ел-жұрт білетін 76 жылдық тарихы бар. Ал бұл университетке бар болғаны 15 жыл енді ғана толады. Біреуі – балғын жаста болса, екіншісі – ата жаста. Адам қалай өсіп жетілсе, университет те сол секілді қалыптасады. Әйтсе де, ескеретін бір нәрсе – ЕҰУ-нің жылдам дамуына мүмкіндігі мол. Астанамыз аз ғана уақыт ішінде өзін әлемге танытып үлгерсе, бұл білім ошағы да солай тез дамып келеді. Университет Елбасының мұрындық болып ашуымен және ол кісінің үнемі қамқорлығы арқасында үлкен биіктерге қол жеткізді. Біз ҚазҰУ-ден осында келіп, конференцияларға қатысып жүргенде Еуразияның бас корпусын, әсем ғимаратын, техникалық құрал-жабдықтарын көріп таңданатынбыз. Бірақ университет дәрежесі тек қана онымен өлшенбейді. Университетті университет қылатын – алдымен оның өзіндік дәстүрі, мектебі. Мәселен, атақты дейтін Оксворд, Гарвард, Кембридж, Сарбона сияқты университеттердің өзіндік аурасы, ортасы, бет-әлпеті, ерекшеліктері бар. Қара шаңырақ ҚазҰУ-де – кезінде М.Әуезов, С.Сейфуллин, бер-жағы З.Қабдолов секілді мықтылар салып кеткен дәстүр бар. Сондықтан ЕҰУ-ды ондай дәстүрі, мектебі бар жермен теңестіре алмаймыз.
Шетелден мәртебелі қонақтар, елбасшылары келгенде Елбасымен кездесіп, Ақордамен танысса, одан кейін іле-шала міндетті түрде Астананың университетін көруге асығады. Себебі университетін көру арқылы сол елдің болашағын таниды. Қазіргі жағдайын, хал-ахуалының қаншалықты екенін, қандай биікті бағындырғанын бағамдап, болжайды. Шамасы келсе дәріс оқиды. Бұл дүниежүзілік тәжірибені әлем елдерінің басшыларының барлығы дерлік қолданады. Әзірге Еуразия ұлттық университеті әлем таныған Астананың деңгейіне шақ келіп тұр. Алайда осында қызмет атқарып жүрген ұстаздар, профессорлар, оқу процесін ұйымдастыратын менеджерлер әлі де ұлттық университетіміздің өзіндік дәстүрінің қалыптасуына үлес қосуы қажет. Ол кішкене, елеусіз дүниеден қалыптасады. Мәселен, біз биылғы оқу жылын бастағанда оқытушылар мен жаңадан қабылданған студенттер алдында жалпыға бірдей басты дәріс өткіздік. Бұл – ҚазҰУ-де бұрыннан бар дәстүр. Осы басқосуда жастардың таңдап алған мамандығы туралы, оның тарихы мен келешегі айтылады. Студент қандай мамандыққа келіп отыр, ол қалай игеріледі, оның қандай атақты жұлдыздары, корифейлері бар екендігінен үлкен мағлұмат алады. Келешекте осы бағдар бойынша оқиды. Кейбіреулері тіпті университет қабырғасында абитуриенттіктен академиктік дәрежеге дейін өседі. Университеттік саты деген – осы. Бізге ұстазымыз Зейнолла Қабдолов үнемі осылай деп отыратын.
– Сіз дүниежүзілік ORBICOM ұйымының мүшесі, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі ретінде көптеген елдің оқу процесін өз көзіңізбен көріп, дәріс оқып, тәжірибе алмасқан оқытушысыз. Дамыған елдердегі оқу жүйесін жақсы білесіз. Өзіңіз айтқан Гарвард, Оксворд деңгейіне жету үшін не істеу керек?
– Қазір оқу процесіне қойылып отырған талап-тілек бұрынғыдан өзгеше. Европалық стандартқа байланысты принцип те өзгерді. Айталық бұрын кредиттік жүйе болған жоқ. Кредиттік жүйенің ерекшелігі – әр студент оқытушыны да, оқитын пәнін де өзі таңдайды. Біз осы жүйені енгізгенімізбен, студенттің таңдауына мүмкіншілік тудыра алмай отырмыз. Оның түрлі обьективті себептері көп.
Алдымен жаңа жүйеге оқытушы әзір болу керек. Өйткені бірнеше пән таңдауға түседі. Таңдаудан өтпеген оқытушы қаражатсыз қалады ғой. Ал бізде барлығына айлық төлену керек. Мұны қалай шешпекпіз? Ол аз десеңіз, студент факультет деңгейінде ғана емес, университет деңгейінде оқытушы таңдауы мүмкін. Мәселен, журналистика факультетінің студенті болашақта экология туралы жазсам, керегі болады деп соған қатысты пән таңдауы мүмкін. Келесі біреу құқық немесе тарих пәнінен қосымша маманданғысы келеді. Шынайы кредиттік жүйе енгізу үшін тіпті университет ішінде ғана емес, бүкіл республика көлеміндегі оқу орындары бір-бірімен байланыс орнатуы тиіс. Америкадағы, Европадағы кредиттік жүйе деген – осы. Біз соның әліппесін бірде игеріп, бірде иегере алмай жатырмыз. Біздің университетте биылғы жылдан бастап заң, экономика, халықаралық қатынастар факультеттерінің магистрлары шын мәніндегі таңдау жүйесімен оқитын болады. Екінші семестрде аталмыш факультеттердің бакалаврлары осыған көшеді. Университет басшылығына мұндай батыл шешім қабылдау оңай емес. Көптеген қиыншылықтарды шешуге тура келеді.
Биыл 610 «Алтын белгі» иесі қабылданды
– ЕҰУ-ге оқуға тапсырған «Алтын белгі» иегерлері 2003 жылы 56, 2009 жылы 409, биылғы жылы 610-ға өскен екен. Мұның сырына үңіліп көрдіңіз бе?
– ЕҰУ-ге «Алтын белгі» иегерлерінің көптеп келетіндігін мен ҚазҰУ-де жүргенде-ақ естігенмін. Қазір университетте «Алтын белгілердің» ассосациясы деген ұйым да бар. Университет оларға арнап кітап та шығарды. Басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда ең көп – 610 «Алтын белгінің» бір жылда Еуразия университетіне келіп қосылуы – үлкен қозғаушы күш.
Тағы бір байқағаным – мұндағы студенттер саны жағынан ҚазҰУ-ден аз болғанымен, белсенділігі жағынан артық па деп ойлаймын. ҚазҰУ-де бұрыннан қалыптасқан дәстүр жалғастығы бар оқытушылардың құрамы мықты болғандықтан студенттерін алға сүйресе, мұнда, керісінше, ұстаздарын шәкірттері алға жетелей ме деп қалдым. Өйткені оқытушылар құрамы біркелкі емес. Олар әр дәстүрдегі, әр ұжымнан жиналғандар. Дейтұрғанмен мұнда дүниежүзі білетін атақты математик Мұхтарбай Өтелбаевтың мектебі бар. Мырзатай Жолдасбековтің ректорлығы тұсында түркітану мектебі дүрілдеп тұрған еді. Қазір біршама әлсіреп қалғандай көрінеді. Осындай мектептер көбейсе, университеттің аты сонда шығады.
– Дамыған елдерде ғалымдардың ашқан жаңалығы қағаз жүзінде қалып қоймайды. Жаңалық қалай ашылды, сол мезетте өндіріске жол тартады. Бізде әзірге көп жағдайда ол сөз жүзінде қалып қояды. Ал журналистика ғылымының жаңалығы қалай жүзеге асады?
– Бұл университетке келмес бұрын ректор Бақытжан Жарылқасынұлымен кездескенімде, журналистика мәселелерін зерттейтін институт ашқым келетінін айттым. Себебі бізде журналистика ғылымын зерттейтін бірде-бір орталық жоқ еді. Әркім өз бетінше диссертациялық тақырып алып қорғағаннан басқа ештеңе жасалмады. Басқа мамандықтарда өздерінің зерттеу институттары бар. Мәскеуде, тіпті Өзбекстанда да журналистиканың зерттеу орталықтары болды. Ректор бұл ойымды құптап, зерттеу институтын ашып берді. Оның жұмысының нәтижесі оқу үрдісін жаңартып отыруға тікелей әсер етеді.
– Институт қандай істерді жүзеге асырады?
– Журналистика мәселелерін зерттеу институты арқылы осы салада жүрген ғалымдардың еңбектерін жинастырып, сараптап, бір жүйеге түсірдік. Журналистиканың қандай мәселелері қорғалды, қандай тақырып әлі күнге қозғалмай келеді дегенді енді зерттейміз. Осы арқылы оқу процесін заман ағымына қарай бейімдеуге ықпал ету көзделеді. Түрлі ғылыми жобаларға қатысу да ойда бар.
«Қазақ журналистикасы» деген үштомдық – институттың алғашқы жұмысы. «Радио журналистиканың теориясы мен тәжірибесі» дейтін оқулық та осы зерттеу институтының жүйелі жұмысы арқылы жарық көрді. Яғни зерттеу орталығының арқасында оқулықтар, монографиялар шыға бастады. Қажет тақырыптарды жүйелеп алсақ, болашақ жас ғалымдарға өзекті мәселелерді зерттеуді ұсынатын боламыз. Сонда ғылым мен білім ұштасады.
– Өткен оқу жылы 6 «Алтын белгі» иегері журналистика кафедрасына білім алуға келсе, биыл олардың саны 12-ге жеткен екен. Бұл көрсеткіштің өз алдына жеке факультет болып ашылуына қатысы бар ма?
– Жалпы, биылғы жылдың өзінде осы университетте екі-үш факультет ашылды. Осыған байланысты ректор Бақытжан Әбдірайым жуықта өткен ректораттың отырысында қай факультетті дұрыс аштық, қайсысы қаншалықты сұранысқа ие екендігі жөнінде өз ойын айтты. Біздің факультет туралы: «Мінеки, факультет болып ашылуына байланысты мұнда гранттар саны артты. Мамандықтары бойынша республикадағы гранттар санының 34 пайызын иеленіп отыр. «Алтын белгі» былтырғыдан екі есе өсті. Бұл факультеттің дер кезінде ашылғандығын, қажеттілігін өзі-ақ айтып тұр» деді.
Факультеттің ашылуына орай республиканың танымал журналистері, редакторларының басын қосып, кездесу өткіздік. Сонда «Егемен Қазақстан» газетінің президенті, филология ғылымының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов факультеттің ашылуына орай: «Біріншіден, факультеттің ашылуы өте орынды болды. Журналистика факультетінің осы күнге дейін Астанада болмауы кемшілік еді. Екіншіден, журналистика мен саясаттануды біріктіргендеріңіз, меніңше, дұрыс. Өйткені бұл екі мамандық бір-біріне жақын. Саясаттанушылар өз пікірлерін көп жағдайда журналистика арқылы білдіреді. Оларға журналистика алаңында машықтануға мүмкіндік туады. Сондықтан бұл шешім өте орынды, келісті болған, екі мамандықтың бір-біріне игі ықпалы тиеді», - деген ойын айтты.
– Еліміздегі университеттерде журналистер даярлайтын кафедралар көп деп естиміз. Солардың барлығын жауып, Астана мен Алматыда қалдыру керек деген пікір айтылып жүр. Бұл пікірге қалай қарайсыз?
–Қазір жиырмадан астам жерде журналист кадрларын даярлайды. База жоқ, мамандар жетіспейді. Сонда олардың болашақ мамандарды қалай даярлап жатқанын, шынымды айтсам, түсіне алмаймын. Олар қалайша сескенбей, ештеңеден именбей, кадр дайындадық деп айта алады? Мен оны түсінбеймін. Бұған қалай болғанда да министрліктен бақылау керек. Кезінде лицензияны кез-келгенге үлестіре бермеу керек еді. Тіпті кейбір жерлерде лицензиясыз-ақ журналистер даярлап жатыр дегенді естіп жүрмін. Өйткені классификаторда жоқ мамандықтарға (мысалы, электронды журналистика сияқты) талапкерлерді қабылдағанын мақтанышпен айтады. Оның үстіне журналистерге бөлінетін грант өте аз. Бұрын қазақ бөліміне – 50, орыс бөліміне – 50 талапкер қабылданатын. Бертін келе грант саны азайып, былтырға дейін 40-қа төмендеп еді. Енді биыл гранттың саны 35-ке түсіп қалды. Сонда оны 20-30 жерге қалай бөліп береді? Әрбір оқу орнында бір-екі гранттан оқи ма? Бұл – шешімін күтетін өзекті мәселе. Бұлай маман дайындау соңы жақсылыққа апармайды.
Ақпарат кеңістігінен айырылған елдің болашағы жоқ
– Кейінге ысырылып жүргенімен, алдағы уақыттарда қазақ журналистерінің құрылтайы өтетіндігі айтылып қалады. Сіздіңше, осы құрылтайда қандай мәселе көтерілуі керек?
– Президентіміздің жігерлілігі, мәмілегерлігі арқасында Қазақстанның шекарасы анықталып, алабағандар орнады. Бұл – оңай шаруа емес. Бұған шүкір дейміз. Ал ақпараттық кеңістікті қайтеміз? Шекарадан біреу өтіп бара жатса, сақшылар оны ұстай алады. Ал ақпараттық кеңістікте өйте алмайсың. Ақпараттық кеңістікті өзге ел жаулап алса, ол елдің болашағы жоқ. Тарихтан бұған мысалды көптеп келтіруге болады. Сондықтан ақпараттық кеңістігімізді күзетуді тездетіп қолға алуымыз керек. Кезінде Ақселеу Сейдімбек КТК телеарнасының бағдарламаларын тәулік бойы қарап отырып, не көрсететіндігін тізіп шықты. Жалықпай, шаршамай, апталап жүріп, үлкен зерттеу жүргізді. Сол арна туралы конференцияларда баяндама жасап, газеттерге мақала жазды. Ол – еріккеннің ермегі емес еді. Сол секілді жекелеген адамдар ғана ақпараттық кеңістік туралы ойларын айтып жүрді. Соңғы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселемен айналыса бастағаны мені қуантты. Бірақ, бұл әлі аз. Сондықтан біздің ең бірінші қозғайтын мәселеміз – тәуелсіз еліміздің ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігі болуы керек.
Қазақ газеттері Астанада неге 3-4 жерде ғана сатылады. Қазақ басылымдарының таралуына қандай кедергілер бар, соны да анықтау қажет. Біздің журналистер мақаласы газетке шықса болды, барлығы бітті деп ойлайды. Тіпті олай емес. Ол оқырманның қолына тиді ме, тимеді ме, бұл да – үлкен мәселе. Тоқетері, ақпараттық кеңістігімізді зерттеп, соған лайық мемлекеттік шараларды іске асырмай болмайды.
– Кезінде «журналистикасы жалтақ ел тоқырайды» деп жазғансыз. Одан бері де біраз уақыт өтті. Қазақ журналистикасы қаншалықты еркін сөйлейді, «шынның жүзінде» жарқырайды?
– Ол уақытта біз шындықты ашып жаза алмайтынбыз. Шетелдің журналистерін көріп, олармен араласып, көп нәрсеге көзім жеткен соң, жалтақтамай, тіке айтатын газеттер болуы керектігін «Жас Алаш» газетінде кезінде жаздым. Қазір ешкімге жалтақтамай, ойын ашық айтып, жазып жүргендер жеткілікті. Бұл – өте керек нәрсе. Енді оны қайталай бергеннен гөрі ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі жайлы мәселе қозғау пайдалырақ.
– Бұрынғы білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев оқулық жазуда шетел ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау керектігін айтты. Біздің ғалымдардың қолынан оқулық жазу келмейді ме?
– Шетелдік ғалымдармен бірлесе оқулық жаздыруды егер кредиттік жүйеге қатысты болса, мен қолдаймын. Ал оқулық біткеннің барлығын бірдей шетел ғалымдарымен бірлесе жазудың қажеті жоқ. Мәселен шетел ғалымы қазақ тіліне қатысты қалай оқулық жазады? Мұны жазатын өз ғалымдарымыз да жеткілікті. Оның үстіне білім берудің ұлттық моделі міндетті түрде болу керек. Дүниежүзінде ең мықты, ең дамыған ел – өзінің тарихын, тілін, ділін, дінін әспеттейтін ел. Оны ұлықтамайтын елдің біреуінің де жетістікке жеткенін көрген емеспін. Бұл – өмір шындығы. Шетелге шыққанда, өз еліңді жақсы біліп, өткенің мен бүгініңді айтып беріп, олармен тең тұрғыда сөйлессең ғана олар сені мойындап, құрметтейді. Ал өз тарихыңды білмей тұрсаң, сені ешкім керексінбейді.
– Өз сөзіңізбен айтқанда, «лекцияны жағын айырып оқитын» оқытушылар факультетіңізде қаншалықты жеткілікті?
–Бізде дәріс оқитын тәуір мамандар жеткілікті десем артық айтқандық болмайды. «Мир» телерадиокомпаниясын ұйымдастырушы әрі басшысы болған, Президенттің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған Ғаділбек Шалахметов сынды азамат, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті, танымал журналист Сауытбек Абдрахманов секілді, Рабиға Аманжоловадай майталман тележүргізуші, белгілі журналист Шархан Қазығұловтармен қатар болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарды да факультетімізге топтастырдық. Қазір дәріс оқуға да талап басқаша. Бұрынғыдай сырбаз, сұлу сөйлеп, әдемі айтумен ғана шектелмей, заман талабына сай танымдық дүниелерге ерекше мән беру керек. Қазіргі оқырманды, тыңдарманды, көрерменді білім көкжиегіңіздің кеңдігімен, түрлі талдау, зерттеу жасай алуыңызбен баурай аласыз. Қоғамда болып жатқан жайтқа баға беруіңізбен ерекшеленесіз. Оқырман да, тыңдарман да шындықты ештеңеден тайсалмай, жалтақтамай, бұрмаламай айта алғандарды ғана сыйлайды. Сондықтан дәрістерде бағыт-бағдар беруге, балалардың көзін ашуға, танымдық дүниелерді үйретуге тырысу керек. Мәселен, дамыған елдердің көбіндегі бір байқағаным, лекцияларында студентке тек бағыт-бағдар береді, ал оны танып-білу, түсіну шәкірттің өз құзырында.
– Шындық демекші, шындықты қаншалықты бүкпей айта аласыз? Шындық айтам деп теперіш көрген күніңіз болды ма?
– Әрине, болды. Мен 45 жасымда журналистика факультетіне декан болдым. Сол уақытта Темірбек Қожакеев, Медел Арғынбаев, Шерияздан Елеукенов, Марат Барманқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов, Сағымбай Қозыбаев сынды небір танымал адамдармен бірге қызмет етіп, оларға басшылық жасауыма тура келді. Жалындаған жастығым да болар, сол кезде кейбір жасы үлкен ағаларымды орнынан алып, қызметке білікті жастарды тарттым. Осы кезде кейбір ағаларым тарапынан шындықты айтқаным үшін теперіш көрдім. Үстімнен арыз да жазды. Тексеру комиссиялары келді. Алғашқыда мені кінәлай келген комиссия мүшелері тексеру барысында ақ пен қараны айырып, шындыққа көздері жеткен соң, қызмет етуіме кедергі келтірген жоқ.
– Көп жыл басшылық қызметте жүрдіңіз. Өткен күнге көз жіберсеңіз, қарамағыңызда қызмет атқарғандарға тізе батырған кезіңіз болды ма?
–Біліп тұрып адам ешқашан қиянат жасамайтын шығар. Өзімше ешкімге жамандық жасамадым деп ойлаймын. Басшылықта біраз жыл жұмыс істедім, әзірге «кезінде сіз бұлай жасап едіңіз, мұныңыз дұрыс болмады» деген сөз естіген жоқпын.
Ғылыми кеңестер конвейерге айналды
– Өткен жылы шәкірттеріңіздің: “Омашев Астанаға неге кетті?” деп жазғанын білем. Сіздің Алматыда тұрып сіңірген еңбегіңіз өз елімізде ғана емес, шетелдің ғалымдарына да таныс. ҚазҰУ–де жүріп қол жеткізген атақ-даңқыңыз да, тәжірибеңіз де баршылық.
–Біріншіден, менің денсаулығыма Астананың ауа-райы қолайлы болды. Екіншіден, ЕҰУ-нің ректоры Бақытжан Жарылқасынұлы журналистиканың зерттеу институтын ашып беретін болған соң келдім. Ректорымыз уәдесінде тұрып, институттың жұмыс істеуіне қамқорлығын көрсетіп келеді.
– Жөн екен. Ел келіп жатқан Астанаға Сіз де келдіңіз. Астанаға не бересіз, Сізге Астана не береді?
– Астанаға беретінім – журналистика саласында қол жеткізген білімім мен тәжірибем, әлем елдерін аралау барысында жинақтаған азды-көпті жиған-тергенім.Журналистика ғылымының дамуына, журналистік білім беруді жетілдіруге үлес қосу қолымнан келеді ғой деп ойлаймын.Өткен жылы Журналистика мәселелерін зерттеу институтын ашсақ, биыл бүкіл әлем көз тігіп отырған, жедел дамып келе жатқан қазақтың Астанасында журналист кадрларын даярлау жұмысына басшылық жасауды маған сеніп тапсырды. Сенімге селкеу түсірмей, жаңа факультетті сара да дара жолға салуға күш қосу. Президентіміз бастап, Иманғали сияқты іскер інілер қостап жатқан Астананы көркейтуге үлес қосу әр азаматтың борышы деп білемін.
Ал Астанадан күтетінім – университет қызметтік үй береміз деген. Әзірше жалдамалы үйде тұрып жатырмын.
– Айлығыңыз шайлығыңызға жете ме?
– Құдайға шүкір жетеді. Балаларымның барлығы өз алдына шаңырақ көтеріп, отбасылы болған. Барлығы да қызметтерін жасап, Алматыда тұрып жатыр. Үй-жайлары бар, өз күндерін өздері көруде. Дегенмен ата-ана болған соң, немерелерімізге қарайласып, көмектесіп тұрамыз.
– Өзіңіз қаншама жанның ғалым болуына, жазған еңбегін қорғауына қол ұшын бердіңіз. Ғылыми жұмысын жаздырып алып, «жалған ғалым» атанып жүргендер де бар екені жасырын емес. Сіздің тәжірибеңізде мұндай жағдай кездесті ме?
–Көпшілік болғаннан кейін мұндай жағдай кездеседі ғой. Осыдан да болар соңғы уақытта ғылымды реформалау, диссертациялық кеңестерді жабу керек деп айтып жүр. Мен де реформа керектігін қостаймын. Себебі ғылымға қатысы жоқ адамдардың «түбі бір керегі болар» деп ғылыми атақ алуға құштарлығы көбейді. Бұл – ащы шындық. Қазір ғылыми кеңестердің санынан да жаңыласың. Олар үзіліссіз, демалыссыз жұмыс жасап жатыр. Бұрын екі-үш ай жазда жұмыс істемейтін. Қазір айына төрт кандидат, екі доктордан топырлатып жатыр.
– Сонда ғылым саудаға айналып кетті деген сөз рас па?
– Неге айналып кеткенін елдің бәрі біледі. Бірақ диссертациялық кеңестердің барлығын желтоқсан айынан кейін жауып тастағанмен мәселе шешілмейді. Сонда ғылымды өрге сүйрейтін тек магистратура мен Ph.D докторлары бола ма? Біз оның сапасының қаншалықты екенін жақсы білеміз. Жасандылыққа, жалғандыққа тосқауыл болу үшін кеңестерді жапқанмен ғалым біткеннің барлығы бірдей жалған емес қой. Өмір бақи осымен айналысып келе жатқан тәжірибесі мол, білікті, білімді ғалымдар бар. Меніңше солардың потенциалын пайдалану керек. Ғылымды саудаға айналдырмас үшін мемлекеттік қырағылық шараларын, басқа да тиімді тәсілдерін тапқан дұрыс. Екі жүйені тоғыстырып, бір арнаға салу керек секілді.
– Сіздің қолыңызға осыны ретте деп билік берсе, не істер едіңіз?
–Мен өз салама қатысты шаруаны болмаса, ондай күрделі дүниені атқара аламын деп ойламаймын.
– Кезінде журналистика факультетінде қаншама кафедралар ашқаныңыз белгілі. Журналистика және саясаттану факультетінде жаңа кафедралар ашыла ма?
– Қазір баспа ісі және баспасөз, телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс атты екі кафедра бар. Ректор бұл факультетті ашқан кезде, интернет журналистика мен қоғаммен байланыс секілді заман талабына сай журналистиканың жаңа салаларына кафедра ашу керектігін айтқан болатын. Осыған орай алдағы уақытта жаңа кафедра ашу ойымызда бар. Бұл кафедралардың санын арттыру үшін емес, журналистер сапасын арттыру үшін керек. Университет тарапынан бұған материалдық қолдау болады деп ойлаймын. Биыл жақсылап тұрып ғимаратымызға күрделі жөндеу жұмысын жасап берді. Барлық құрал-жабдықтар жаңадан қойылды.
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіргендер № 5 жатақханасын сағынышпен еске алады. Мұндағы студенттердің өз жатақханалары бар ма?
– ҚазҰУ-дағыдай әр факультеттің жеке жатақханасы жоқ. Студенттердің барлығына бірдей жатақхана жетпейді екен. Осы мәселені шешу үшін биыл жазда ғана 5 қабатты 650 орындық жатақхана құрылысы басталды. Қараша айында сол жатақхананы пайдалануға бермекші. Сондай-ақ оқытушылар мен магистранттарға арналған 9 қабатты үй салынып жатыр. Басшылық келесі жылы студенттердің жатақханаға деген мұқтаждығы жойылады деп отыр.
- Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Айбарша ЖАҚСЫЛЫҚ
25.08.2010 жыл
Намазалы ОМАШҰЛЫ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор:
«100-ден 100 балл алғандар оқуға түспеді»
- Намазалы аға, биылғы жылы журналистика мамандығы бойынша ең жоғарғы – 100 балл алған талапкерлер оқуға түспей қалыпты. Бұл қалай? Мұның өзі қазақ журналистикасына жасалып отырған қиянат емес пе?
- Жоқ, мен олай деп ойламаймын. Бұл министрліктегі осы мәселені жоспарлап отырған кейбір адамдардың қателігі шығар.
- Бұл қателік алдағы жылдары журналист болсам деген үкілі үміттері бар талай жастардың жолын кесіп, сенімдерін жоғалтпай ма? Осы фактіден кейін келесі жылдары талапкерлер бұл мамандыққа келмей қояды деп ойламайсыз ба?
- Ондай жағдай да туындауы мүмкін. Олар шамасы келсе, «Алтын белгі» алуға тырысуы керек. Себебі биылғы жылғы жаңа факультет ашылуына байланысты «Алтын белгілер» саны екі есеге артып, мемлекеттік гранттар соларға, олимпиада жеңімпаздары мен ауыл квотасы иегерлеріне ғана бұйырды. Бірақ жүз баллдан жүз алып оқуға түспей қалған деген фактінің өзі жақсы емес. Әрине, бұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін биылғы жылы белгілі журналистерді, бұрыннан журналист мамандарын даярлап келе жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіндегі тәжірибелі мамандарды, Білім және ғылым министрлігі мен Байланыс және ақпарат минситрлігінен осы мәселеге жауапты адамдардың басын қосып конференция өткізіп, журналистік зерттеу жүргізсек деген ойымыз бар. Осы шара аясында Байланыс және ақпарат министрлігімен бірге республикалық БАҚ-тарға мониторинг жүргізе отырып, бүгінгі күндегі қазақ журналистеріне деген нақты сұранысты анықтауымыз қажет. Өйткені бұрындары журналистикаға қазақ бөліміне – 50, орыс бөліміне – 50 адам қабылданатын. Мемлекеттік жоспар жұмыс істеп тұрған кезде бұл мәселе осылай шешілетін. Ол кездері қазіргідей емес, газет-журналдар аз, радио мен телеарналар санаулы ғана болатын. Ал, қазір керісінше. Телерадиоарналар да көп, газет-журналар да жетіп-артылады. Оған заман талабына сай Интернет журналистиканы да қосыңыз. Ал, енді осыған қарамастан грант саны жыл сайын кеміп келеді. Былтырғы жылға дейін қазақ бөліміне – 40, орыс бөліміне – 30 адам қабылданып келген. Ал биыл қазақ бөліміне былтырғыдан да аз – 35, орыс бөліміне – 27 адам қабылданған. Сол себепті жүз балл алғандардың түспей отырғаны рас.
- Мұны осы күйінде қалдырмай дабыл қағу керек шығар?
- Біздің мақсатымыз – дабыл қағып қана қою емес, осы тығырықтан шығудың жолын іздеу. Жүзден жүз түспей отырған кезде дабыл керек, әрине. Бірақ құр әшейін байбалам салу, дау-дамай, дабыл қағу ғана болып қалмас үшін бұл мәселені түпкілікті шешудің жолы жаңағыдай. БАҚ саласының мамандары мен екі министрліктегі жауапты қызметкерлердің басын қоса отырып, журналистік зерттеу, мониторинг, талдау қорытындылары негізінде нақты ұсыныстар әзірлеу. Сол арқылы елімізге журналист мамандары қажет пе, жоқ па, оған деген сұраныс қаншалықты деген сұраққа нақты әрі түпкілікті жауап бермекпіз. Сөйтіп мұны құры байбалам емес, салиқалы, салмақты жолмен шешпекпіз. Осы жиынның қорытынды ұсыныстарын Президент Әкімшілігіне, Білім және ғылым министрлігі мен Байланыс және ақпарат министрлігіне жолдаймыз. Бұл мәселені министрліктің көзін жеткізіп, дәлелдеп барып өркениетті жолмен шешуіміз қажет.
- Намазалы аға, жақында Л.Н. Гумилев атындағы жоғарғы оқу ордасында журналистика және саясаттану факультетінің ашылғаны белгілі. Бұл БАҚ саласындағы озық жетістіктердің бірі екені даусыз. Осы орайда факультетті құру идеясы қалай келді, оны ашуға не түрткі болды деген сауалымызды қойғымыз келіп отыр?
- Осыған дейін республикада бір ғана журналистика факультеті болды, ол – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еді. Оның университетпен бірдей 76 жылдық тарихы бар. Ал осыған дейін республика астанасында журналистика факультетінің болмауы – кемшілік деп есептейміз. Қазір Астананы дүниежүзі біледі, мұнда әлемдік деңгейдегі форумдар өтіп тұрады. Сондықтан дүниежүзінің көз тіккен ақпарат алаңында журналистика факультетінің болмауы, осы сала мамандарының шоғырланбауы олқылық еді. Былтыр республикалық БАҚ басшылары мен жетекші журналистердің қатысуымен өткен басқосуда ректорымыз Бақытжан Әбдірайым келесі жылғы журналистер күні қарсаңында факультет ашуға уәде берді. Ол кісі сол уәдесінде тұрып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, кәсіби мерекеміз қарсаңында журналистика және саясаттану факультетінің тұсауын кесті.
Бұған дейін Еуразия ұлттық университетінде бір ғана журналистика кафедрасы жұмыс істеген. Кейін Ғаділбек Шалахметов келді, бұрыннан Ақселеу Сейдімбек жұмыс істеген. Мен де келдім. Сосын университет басшыларымен ақылдасып, бір кафедраның аздық ететіндігін айтып, оның орнына баспасөз және баспа ісі, телерадиожурналистика кафедраларын ашуды ұйғардық. Сосын менің мұрындық болуыммен журналистика мәселелерін зерттеу институты ашылды. Келешекте мұның бәрінің басын қосып факультетке айналдыру көзделген. Сол жоспарымыз іске асып, биыл журналистика және саясаттану факультеті ашылды.
- Не себепті факультет журналистика және саясаттану деп аталды?
– Меніңше, бұл екі мамандықты бір факультетке біріктіру – дұрыс шешім болған сияқты. Мемлекеттік саясатты терең меңгерген журналистер немесе қаламы жүйрік саясаткерлер қоғам үшін аса қажет. Бұл туралы еліміздің аға басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің Президенті, ғалым, тәжірибелі журналист Сауытбек Абдрахман биылғы жылғы университетте республикалық БАҚ басшыларының қатысуымен өткен «дөңгелек үстелде» жасаған баяндамасында: «Журналистика мен саясаттануды біріктіргендеріңіз, меніңше, өте дұрыс болды. Өйткені бұл екі мамандық бір-біріне өте жақын. Саясаттанушылар өз пікірлерін көп жағдайда журналистика арқылы білдіреді. Бір факультет болған соң біздің журналистер саясаттанудан хабары болса, саясаттанушыға журналистика алаңында машықтануға мүмкіндік туады. Сондықтан бұл шешім өте орынды, келісті болған, екі мамандықтың бір-біріне игі ықпалы тиеді», - деді. Бұл ойды жиынға қатысқан журналистер қауымы, басқалар да қызу қуаттады.
Ректорат шешімінің өте дұрыстығын уақыт көрсете жатар. Екі мамандықтың бірін-бірі кәсіби тұрғыдан өсіретіндігіне, дамытатындығына игі ықпал ететіндігіне еш күмән жоқ. Кейбіреулер екі мамандық бірігіп дайындалады деп ойлап қалуы мүмкін. Жоқ, журналистика өзінің оқу жоспарымен жеке мамандық ретінде, саясаттанушылар өз алдына дайындалады.
– Факультет қандай жаңа техника, құрал-жабдықтармен толықты?
– Бұл жағын бірден қатырып тастадық деп айта алмаймыз. Университетте бұрыннан студенттердің тәжірибелік сабақтарына арналған телерадиостудия жұмыс істейді. «Еуразия университеті» газеті шығады. Баспахана бар, құрал-жабдықтары жаман емес, жақсы оқулықтар шығарып келеді. Яғни біздегі екі кафедра студенттерінің тәжірибелерін шыңдауға мүмкіндік жасалған. Виртуалды журналистика дамыған бүгінгі заманда жеке-дара Интернет класын ашу жоспарда бар. Әзірге осы корпустағы Әлеуметтік ғылымдар факультетімен бірге ортақ Интернет класс жұмыс істейді. Осының бәрі, әрине, ректорымыз Бақытжан Әбдірайымның журналистер мен саясаттанушы мамандарына деген ерекше қолдауы мен түсіністігінің арқасында қол жеткен жетістік. Оқу корпусымыз күрделі жөндеуден өткізіліп, дәрістердің өз деңгейінде өтуіне мүмкіншілік туды. Жеке факультет болғалы студенттеріміздің айдарынан жел есіп, еңселері көтеріліп қалды. Қуаныштарында шек жоқ.
– Факультетте қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі шешілді ме? Студенттер тағы орыс тіліндегі оқулықтарға телміріп жүрмей ме?
– Қазақ журналистикасында оқулықтар өте тапшы, оны жасырудың қажеті жоқ. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз «Қазақ журналистикасы» атты үштомдықты шығардық. Бұл қазір студенттердің қолынан түспейтін оқулыққа айналды. Тағы бір үлкен жетістік – былтыр «Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» атты оқулық жарық көрді. Ол соңғы бекітілген типтік оқу бағдарламасына, кредиттік технология талаптарына сай жазылды.
Жалпы, бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Қазақ тіліндегі оқулықтар проблемасы басқа мамандықтарда да бар. Журналистика оқулықтарын 5-10 жылда жаңартып тұрмаса, уақыт үніне ілесе алмай қалады. Жаңа оқулықтар мәселесі жоспарлы, жүйелі түрде мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс.
– Жаңа факультетте тәжірибеге қаншалықты мән беріледі?
– Журналистика мамандығы тәжірибесіз болмайды, оған зор мән беру керек. Астанада көптеген мерзімді басылымдар, телерадиоарналар бар. Олармен тікелей байланыс жасау арқылы ол мәселелерді шешуді көздеп отырмыз. Осыған дейін журналистика кафедрасы басқа факультеттің құрамында болып, журналистерді дайындау ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік болған жоқ. Алдағы уақытта тәжірибелі журналистерді оқытушылыққа шақыру, кездесулер ұйымдастыру, журналистиканың өзекті мәселелерін Ғылыми Кеңесте қарау, яғни мамандықты дамыту, өсіру істерімен айналысамыз.
– Орыс тілді БАҚ өкілдері ұлттық мүддеге келгенде тартыншақтап жүретіні, тіпті кейбірі бұл мәселеге аяқ баспайтыны белгілі. Бәлкім, факультеттің орыс тілді бөлімдеріне ұлттық мүдде туралы сабақтарды көбірек енгізу керек шығар, қалай ойлайсыз?
– Бұған келісуге болады, өте орынды қойылған сұрақ. Оқу жоспарына өзгеріс енгізу барысында міндетті түрде ескеретін нәрсе. Жекелеген әлеуметтік мәселелердің шындығын шырқыратып тұрып айтады, ал ұлттық мәселеге, тілдің дамымай жатқанына, «Ел бірлігі» доктринасына келгенде жұмған ауыздарын ашпайды. Ауылдағы құдықтың суын, біреудің ауруын көре қалады, соған алаңдайды. Осындай қулықпен ел арасында жалған ұпай жинайды.
– Жақында шетелдік бір журналист Қазақстанға келіп төрт жыл бойы журналистика факультетінде не оқытасыздар, журналистер үшін екі-ақ жыл оқу немесе арнайы курстар жеткілікті емес пе деп таңданыпты дейді. Осы пікірді біздегі кейбір мамандар да қолдайды. Расында да бұл факультеттің студенттері екінші курстан кейін-ақ еңбекке араласып кетіп жатады. Сұрайын дегеніміз, журналистика факультетінде оқу жылын қысқартудың пайдасы бар ма?
– Мен өз басым журналист кадрларын шетелде дайындау тәжірибесімен жетік танысқан адаммын. Ол туралы «Жол үстінде – журналист» атты кітабымда егжей-тегжейлі баяндалған. Айтып отырғаның қай елдің журналисі екенін қайдам, мен білетін АҚШ, Европа, Ресей, басқа жерлерде де бір-екі жылдық курстармен журналистер дайындалмайды. Бұл туралы талас пікірлер әр жерлерде болған. Бірақ журналистке міндетті түрде университеттік білім керек деген тоқтамға келген. Өйткені журналистерге өмірде көптеген күрделі мәселелермен бетпе-бет келуге тура келеді. Сол кезде оның университеттік білімі болмаса таяздық танытып, дұрыс позиция қабылдай алмайды. Журналистердің ең басты қасиеті – зырылдаған тілі немесе сылдыраған сөзі емес, оның өмірге деген көзқарасы, пайымы, танымы. Құр заржақтық, сөзуарлықтың заманы өткен. Азаматтық позиция терең білім арқылы қалыптасады. Білімді басқа факультеттен алып, журналистикаға бейімделетін де жол бар. Бірақ барлық журналистерді олай дайындау мүмкін емес қой. Олар бірен-саран ғана. Сондықтан бұл заманда білімсіз адам журналист бола алмайды. Журналист тереңнен толғайтын, қоғамға дұрыс жол көрсететін тұлға. Ұлттық мүдде тұрғысынан мемлекеттік мәселелерді көтеру үшін де кемел білім керек. Журналистерді сыйласа, оның білімдарлығы үшін, айтылмай жүрген нәрсені тауып айтқаны үшін құрметтейді. Қанша уақыт өтсе де жұрт Ахаңдарды неге төбесіне көтеріп жүр деп ойлайсың?
– Журналистика бөлімдерінде студенттер негізінен журналист болудың, жалпы жазудың қыр-сырын меңгереді. Ал операторлық, фотошеберлік өнерге олар жұмыс барысында ғана машықтанатын сияқты. Мұның себебі неде? Техникалық сабақтар жетіспей жатқан жоқ па?
– Операторлық – журналистің жұмысы емес, ол басқа саланың маманы. Ал фотожурналистер екібастан біздің факультетте дайындалады. Оның сапасы қай деңгейде екені алған біліміне байланысты. Фотожурналистика – техникалық сабаққа жатпайды.
– Біз журналистерді дайындаудың ескі жүйесінде қалып қойған жоқпыз ба? Бұл салаға түбейгейлі реформа керек деп ойламайсыз ба? Бәлкім, біздің батыс журналистеріне жете алмай келе жатуымыздың себебі осыдан шығар?
– Батысқа Шығыс, Шығысқа Батыс жете алмай жатыр дегендер даулы мәселе. Журналистерді дайындауда реформа болмаса да, өзгерістің қажеттігін өткендегі журналистер басқосуында айтқан болатынмын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін басқарған кезімде журналист мамандарын дайындаудың жаңа концепциясын жасағанбыз. Журналистерді кеңестік білім беру жүйесінен арылтып, заман талабына сай жаңарттық. Соның арқасында факультет халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Бұл өзгеріс жасаудың арқасында қол жеткізген нәтиже. Түбегейлі реформа жасау керек деп айту қиын. Оны ешкім жасай алмайды, ол үшін қоғамның өзі түбегейлі өзгеруі керек. Журналистика – қоғамнан тыс нәрсе емес. Кейде түбегейлі реформа жасаймыз деп барымыздан ажырап қалуымыз мүмкін. Өйткені қоғам оған дайын емес. Түбегейлі реформа деген – кредиттік технология. Аты солай болғанымен, сапасына қол жеткізе алмай отырмыз.
Ал, өзгеріс енгізетін сала – мемлекеттік оқу жоспары. Журналистерді дайындауда оның шығармашылық мамандық екенін ескеру керек. Бүгінде студенттер мен магистранттар, докторанттардың өздік жұмыстарына арналған сабақтар бар. Қазіргі талап бойынша студенттер аудиторияда отыруға міндетті. Бұл басқа сала мамандары үшін пайдалы шығар, бірақ журналист мамандарының өздік жұмысы – шығармашылығы. Сондықтан оларды аудиторияда қамап ұстағаннан гөрі сол сабақтардың есебінен бір күнді шығармашылыққа арнауы әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл күні студенттер бұқаралық ақпарат құралдары жұмысына араласып, журналистік машығын қалыптастырар еді. Білім беру мен тәжірибе қатар жүргенде ғана ісіміз нәтижелі болары белгілі.
– Қазір тәуелсіз журналистика орталықтары көбейіп келеді? Олардың жұмыстарына қандай баға бересіз?
– Әрқайсысына әртүрлі баға беруге болады. «Әділ сөз» бірде дұрыс, бірде бұрыс айтады. Меніңше, Сейітқазы Матаев басқаратын Қазақстан Журналистер Одағы өзінің позициясын дұрыс ұстап отыр деп ойлаймын. Ол әруақытта мемлекеттік мүдде жағына да, журналистердің құқықтарын қорғау ісіне де тең қарап отыр. Ал, басқалардың бәріне бірдей жауап беру қиын. Көбінесе әркім өз мүддесі, көкейдегі ойы тұрғысынан жұмыс істейді. Ал, Журналистер Одағының төрағасы бұрын билікте де болған, журналистиканың қыр-сырын да жақсы біледі, солардың басшыларымен де араласады. Бұл орайда Журналистер Одағының да, оның төрағасының да жұмысын қолдаймын.
– Бүгінгі журналистердің кәсіби деңгейіне, салалық журналистерді көбірек дайындау керек деген мәселеге қалай қарайсыз?
– Журналистикаға салалық мамандар өте қажет. Бакалаврда ондай мүмкіндік жоқ. Ал, магистратурада белгілі бір салаға бейімдеуге болады. Кәсіби деңгей туралы айтар болсақ, қазір қазақ журналистикасы өсу үстінде, оны жоқ жерден аяғынан шалып, болмаса, орыс, шетел журналистикасынан қалып жатыр дейтін ештеңе жоқ. Шетелде мемлекеттік, ұлттық мәселелердің барлығы әлдеқашан шешілген. Сондықтан олар халыққа қызық фактілерді көрсетумен айналысады. Ал, біз ол мәселелерді шешіп тастаған жоқпыз, біз мемлекеттік, ұлттық мүддені көздейтін ақпараттарға баса назар аударуымыз керек. Әртүрлі саладағы, мінездегі басылымдар болу керек. Оның еш зияны жоқ. Тек заңды аттамаса болды. Біз шетелдегідей таза қызық қуып кететін болсақ, мемлекеттік, ұлттық мәселелерді, бала тәрбиесі, білім беру, денсаулық мәселелерін шегеріп қоюға тура келеді. Ел-жұрт, мемлекет ретінде өспей қаламыз.
Алашқа айтар ДАТЫМ...
Кісіні жаңылыстырмайтын нәрсе – ұлттық құндылықтарымызды әркез бірінші орынға қоюымыз керек. Дүниежүзінің біраз елдерін араладым. Сондағы көз жеткізгенім – өз елінің ұлттық қасиеттерін ұлықтаған ел ғана мықты. Тіпті тарихы әріге бармайтын АҚШ-тың өзі кейбір ерекшеліктерін бренд ретінде ұлықтап отыр. Американдық рух қалыптастарған. Канадаға барғанымда әбден тозып, қарайып, сырты жылтырап кеткен ағаш үйді сонша дәріптеп, құрметті қонақтарын сонда қабылдады. Оның себебін сұрағанда «Бұл Канаданың алғашқы Үкімет үйі» деп жауап берді. Ал, біздің елімізде қадір тұтатын ұлттық жәдігерлеріміз бен қасиеттеріміз, батырларымыз, мінез ерекшеліктері, т.б. жетіп-артылады емес пе? Негізгі айтар датым – жеріміз өз халқымыздың атымен аталады, өз топырағымызда тіршілік етіп келеміз. Сондықтан өз еліміздің ұлттық құндылақтарын дәріптейтін ел болғанда ғана біз өрлейміз.
Сұхбаттасқан
Нұрмұхаммед Мамырбеков
| «БАҚ – қоғамдық-саяси, демократиялық институт» |
|
|
|
Нәубәт ҚАЛИЕВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы: – Нәубәт Қалиұлы, қо ғамның саяси институттар жүйесіндегі бұқаралық ақ парат құралдарының рөлі қандай?
|
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанына 20 жылға жуық уақыт өтті. Тарих үшін қас қағым сәт. Осынау уақыт аясында Қазақ елі бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген толағай табыстарға жеткенін бүгінде әлем мойындады. Әрине, іркілістер де болмай қалған жоқ.
Тәуелсіздік тарихын ғылыми ой-санамен қорыту қажеттігін қалың жұртшылық көптен бері айтып жүрген еді. Құрылғанына көп бола қоймаған Мемлекет тарихы инсти ту ты ның ғалымдары Б.Аяған, Х.Әбжанов, Д.Махат даярлаған “Қазіргі Қазақстан та рихы” оқулығы жақында жарық көріп, көп тің күткен үдесінен шықты. Оқулықты қолға ала отырып, ондағы бірнеше ұтымды тұс тарды байқадық.
Біріншіден, Қазақстан тарихының бар лық дәуірлерінің қамтылғаны. Алғашқы адам баласының қазақ жерінде пайда бол ға нынан тәуелсіз еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына кіріскенге дейінгі ара лығындағы іргелі оқиғалар мен үдерістер, кү рес пен жеңіс, тапқанымыз бен жоғалт қа нымыз мол деректік негізде баяндалыпты.
Екіншіден, оқулық мазмұнының және көлемінің негізгі денін азаттық тарихы алып жатыр. Азаттықтың бастау бұлағы тереңде жатқанын жақсы ұғынған автор лар горбачевтік “қайта құру” науқанына айрықша мән беріпті. Шынтуайтына келгенде, халық тың азаттықты аңсаған әлденеше ға сырлық арманы мен арпа лысының діттеген мақсатқа жетер шағы қайта құруға дөп келгені рас. Демек, қайта құру жылдарын тәуелсіздіктің қарсаңы ретінде айшықтау қай тұрғыдан қарасақ та күрмеуі күрделі мәселенің болмыс-бітімін дәл көрсетеді.
Азаттық тұсына арналған әр тараудың негізгі ой-түйіндеріне тоқталсақ, олар мынадай: саяси-мемлекеттік даму дың басты қорытындысы қазақстандық мем лекеттіліктің қалыптасуымен көмкері луін де; нарықтық қатынастарға көшудің бас ты тағылымы-экономиканың қазақ стандық үлгісінің дүниеге келуінде; әлеуметтік-мәдени үдерістердің түпкі көздегені – адамдардың әл-ауқатын көтеру мен жасампаздық қа білетін ашуға септес ке нін де; сыртқы саясат пен саяси бастамалардың мақ сат-мүддесі ұлттық қауіп сіз дік пен елдің тұтастығын қам тамасыз етуге қызмет етіп тұр.
Қазақстан Республи ка сының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тарихи миссиясын дәйектеуге ар нал ған тараудың арқалап тұрған жүгі ерекше. Тәуелсіз Қазақ еліндегі іргелі өзгерістердің қайсы сында болмасын Президенттің қайталанбас қолтаңбасы бар. Оқулық авторлары осылардың ішінен жаңа елорда – Астананы қалыптастырудағы, мемлекеттік-стра те гия лық басымдықтарды айқындаудағы Н.Ә. Назарбаевтың көрегендігін, кемеңгерлігін, мақсатқа жету жолындағы табандылығын үлкен жауапкершілікпен әрі біліктілікпен ашқан екен.
Тарих – табиғи-ырғақты жүріп жатқан үдеріс ғана емес. Ол нақты уақыт пен кеңіс тіктегі нақты адамдар мен тұлғалардың іс-әрекеті, ұмтылысы, қуанышы мен күйініші. Сөз қылып отырған оқулықта тәуелсіздік тағдыры мен тағылымындағы адам фак торына методологиялық мән берілгенін атап өткен жөн. Конституция қабылдау және конституциялық реформалар, жоспарлы экономикадан нарыққа көшу, мәдени-рухани жаңғыру, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатта лайықты орын табу – бәрі адам қызметі арқылы баяндалған. Бұл – жаңа буын оқулықтың, біздің ойымызша, ең бір ұтымды ерекшелігі.
Оқулық жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарында (бакала вриат) оқитын студенттеріне арналған. Қо сым шасы ретінде “Хрестоматия”, типтік оқу бағдарламасы даярланды. Ендеше, тәуелсіз Қазақстан тарихын жоғары оқу орын да рын да дербес пән ретінде оқытуға негіз қаланды де ген сөз. Білім және ғылым министрлігі осы мәселені шеше алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Жайна Қазымбет, Астана-Мәскеу-Минск



