Евразийский Национальный Университет им. Л.Н.Гумилева

 

Мекен жай:

Қазақстан Республикасы

010008, Астана

Мұңайтпасов көшесі 5

Тел.: 8 (7172) 35 38 06

Факс: 8 (7172) 35 38 08

РЕКТОРДЫҢ БЛОГЫ
ЕРЛАН БӘТТАШҰЛЫ СЫДЫҚОВЕРЛАН БӘТТАШҰЛЫ СЫДЫҚОВ


















Факультет деканы Намазалы Омашевпен сұхбат

Намазалы Омашев: "Өз ісінің кәсіби шеберлерін дайындаймыз"


Биылғы жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика және саясаттану факультеті ашылды. Жаңа фаультет деканы Намазалы Омашев – филология ғылымдарының докторы, профессор, ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ORBICOM ұйымының мүшесі. ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық Ғылым Академиясының, Қазақстан журналистикасы академиясының академигі. Ол журналистика бойынша 3 оқулықтың, 5 монографияның, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 7 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы.

Елордамыз – Астанада тұңғыш ашылған журналистика және саясаттану факультетінің білікті маман даярлаудағы ерекшеліктері туралы факультет басшысымен сұхбаттасқан едік.

- Намазалы Омашұлы, өзіңізге белгілі, бүгінде арнайы материалдық-техникалық базасы, ғылыми-педагогикалық кадрлары болмаса да журналистика бойынша мамандар дайындауға кез-келген жоғары оқу орны құштар. Оны бітірген түлектер жұмыссыздар қатарын көбейтуде. Осы орайда жаңадан ашылған факультеттегі білім берудің басым бағыттары, заман талабына сай маман даярлаудағы ерекшеліктері туралы айтсаңыз?

- Журналистика бөлімдерінің жер-жердегі оқу орындарында көптеп ашылуы – бұл мамандыққа деген сұраныстың жоғарылығын көрсетеді. Бірақ саны көп, сапасы жоқ мамандар дайындаудан ұтарымыз шамалы. Былтыр Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде республикалық БАҚ басшыларының, ғалымдардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде осы мәселені көтерген болатынбыз. Онда журналист мамандарын тек Астана мен Алматыда, Батыс пен Шығыс облыстарда ғана дайындау туралы ұсыныс айтылған. Сол жиында университет ректоры Бақытжан Жарылқасынұлы Әбдірайым келесі жылы баспасөз күні қарсаңында журналистика факультетін ашуға уәде берген еді. Міне, биылғы жылы ректордың қолдауымен Журналистика және саясаттану факультеті ашылды. Бұл – тарихи оқиға. Себебі бұған дейін журналистика факультеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғана болатын. Енді журналист мамандарын еліміздің орталығы – Астанада дайындауға мүмкіндік туып отыр. Ал оның саясаттану мамандығымен біріктірілуі – артықшылық. Мемлекеттік саясатты терең меңгерген журналистер немесе қаламы жүйрік саясаткерлер қоғам үшін аса қажет.

Ендігі біздің алдымызда тұрған зор мәселе – журналист және саясаттанушы мамандарын сапалы, бәсекеге қабілетті етіп дайындау. Ол үшін барлық жағдай қарастырылуда. Мұнда мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясын ұйымдастырушы әрі басшысы болған, Президенттің баспасөз хатшысы қызметтерін атқарған Ғаділбек Шалахметов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, сонымен қатар белгілі саясаттанушылар – ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, саясаттану ғылымдарының докторы Венера Жексембекова, диссертациялық кеңес төрағасы, профессор Жаңылжан Жүнісова, т.б. дәріс оқиды. Факультетте ҚР Жоғары мектеп Ғылым академиясының 2 академигі, 10 ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты, 1 Ph.D докторы, 4 ҚР БҒМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері, 2 ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 4 ҚР мәдениет қайраткері қызмет етеді. Сонымен қатар республикалық басылымдардың бас редакторы болған, тәжірибелі журналист Шархан Қазығұл, белгілі тележүргізуші Рабиға Аманжолова, журналистиканың сан қырлы саласын зерттеп жүрген профессорлар: Р. Нұртазина, Н. Қалиев, М. Қалиева, А. Ишанова, М. Шындалиева, С. Тахан, доценттер: Қ. Сақ, А. Есдәулетов, Р. Нуриден, М. Мұқашева, Т. Тампаева, О.Тұржан, Е. Нечаева, Г. Аскеева, К. Кенжебаева, Ұ. Жанатаева, М. Онучко, т.б. бар. Университетте теле және радиостудия жұмыс істейді, газет шығады. Журналистика деген өте ұшқыр мамандық. Бұл саясаттың ығына қарай, қоғамның өзгерісіне бейімделіп отырады. Сондықтан болашақта заман талабына сай электронды, интернет, виртуалды журналистика тереңдетіп оқытылады, қоғам сұранысына байланысты жаңа пәндер енгізіледі.

- Осы факультетті бітірген түлектерге еңбек нарығындағы сұраныстың деңгейі қандай? Олар бір салаға ғана мамандана ма, мәселен, газет немесе телерадио тілшісі деген сияқты әлде барлығын бірдей меңгере ме?

- Біздің мамандыққа деген сұраныс өте жоғары дер едім. Студенттеріміз университет қабырғасында жүрген кезінде-ақ сабақтан тыс уақыттарда өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп, оқу бітірген соң бірден қызметке орналасып жатады. Мәселен, биылғы жылдың өзінде 5-6 түлегіміз «Астана» телеарнасында абыройлы қызметтер атқарып жүр.

Біз журналист, не саясаттанушы болсын – әмбебап мамандар дайындаймыз. Олар өз мамандығы ғана емес, басқа саланы да еркін игеріп кете береді. Ең басты мақсатымыз – азаматтық ұстанымы қалыптасқан, отансүйгіш, елжанды азамат тәрбиелеп шығару. Журналистер арасынан шыққан мемлекет қайраткерлерін, саяси тұлғаларды көптеп мысалға келтіруге болады. Мәселен, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қуаныш Сұлтанов, Алтынбек Сәрсенбаев, Сауытбек Абдрахманов, Сейітқазы Матаев, Сейдахмет Құттықадам, Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Пәттеев, Жұмабек Кенжалин, Бейбіт Исабаев, Ерлан Байжанов, Бағылан Майлыбаев, т.б. толып жатыр.

Факультет түлектері мына бағыттар бойынша жұмыс істей алады: теле және радиожүргізушілер, БАҚ менеджері, продюсер, жарнама агенті, PR менджер, баспасөз хатшысы, талдаушы, сарапшы, кеңесші, имиджмейкер, шиеленістанушы, саяси технолог, жұртшылықпен байланыс маманы, саяси кеңесші, сыртқы саясат және халықаралық қатынастар маманы, жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарының оқытушысы, т.б. Сондай-ақ отандық және шетелдік баспасөз бен электрондық БАҚ-та, ақпарат агенттіктері мен мемлекеттік және тәуелсіз органдар жанындағы жаңалықтар қызметінде, баспалар мен полигарфиялық кешендерде, мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардағы баспасөз қызметтерінде, қоғаммен байланыс жөніндегі құрылымдар мен бөлімшелерде, Қазақстан мен шетелдердегі саяси, әлеуметтік, маркетингтік және консалтингтік құрылымдарда, жарнама агенттіктерінде, желілік ақпарат құрылымдарында қызмет істеуге мүмкіндіктері бар.

- Биыл факультетте қанша талапкер құжат тапсырады деп есептейсіз? Өткен жылдармен салыстырғанда олардың саны қаншаға өсті? Бұл үрдісті Сіз немен байланыстырасыз?

- Биылғы жылыталапкерлердің саны былтырғымен салыстырғандакөп. «Алтын белгі» саны да былтырғыдан жоғары. Мұның себебі – Елордамызда журналистика және саясаттану факультетінің ашылғандығы дер едім. Талапкерлердің барлығы бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан естіген, көрген, оқыған. Онымен қоса жаңа қала – Астанада білім алуға әр жас құштар.

Әлемде журналист мамандарын дайындаудың қалыптасқан үш жолы бар. Біріншісі – университеттік білім, екіншісі – қысқа курстарды оқыту арқылы журналистикаға бейімдеу, үшіншісі – басқа мамандық иелеріне қосымша білім беру арқылы журналистикаға икемдеу. Осылардың ішіндегі ең ұтымдысы әрі тиімдісі – университеттік білім. Мұнда журналистика саясаттанумен, тарихпен, әдебиетпен, логика, психология, т.б. салалармен тығыз байланыста оқытылады. Университетік терең білім, азаматтық ұстаным мен елшіл көзқарас университет түлегін ешқашан түзу жолдан тайдырмайды. Ал екі-үш айлық курсты ғана бітіріп, кез-келген жаңалықты көпшілік назарына талғамсыз ұсына беретін журналистен қоғамға келер пайда аз. Себебі үлкен зерде, терең пайым, орнықты азаматтық позицияны азғана уақыттық курста меңгеру еш мүмкін емес. Сондықтан журналистке міндетті түрде университеттік білім қажет.

- Былтырғы жылы өзіңіздің бастамаңызбен университетте Журналистика мәселелерін зерттеу институты ашылғаны белгілі. Ондағы орындалып жатқан ғылыми жұмыстар, жобалар туралы айта кетсеңіз?

Журналистика мәселелерін зерттеу институтында ғылыми-зерттеу, жүйелеу, талдау жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп келеді. Олар: ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің гранттары мен тендерлеріне қатысу, орындау; журналистиканың бүгінгі мәселелері мен тарихына арналған ғылыми-көпшілік кітаптар шығару; халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар мен форумдар, дөңгелек үстелдерге қатысу, ұйымдастыру; журналистика саласы бойынша ғылыми еңбектерді жинақтап, жүйелеу, қорғалған диссертациялардың картотекасын жасау, осылардың негізінде журналистика ғылымының жүйелі дамуына ықпал ету, т.б.

Осыған дейін «Қазақ журналистикасы» атты үштомдық шықты. (Жалпы редакциясын басқарған: Н. Омашев. – Алматы: Таймас баспа үйі, 2008. – 65 б.т.). Бірінші томы – «Қазақ баспасөзі», екінші томы – «Қазақ теледидары», үшінші томы – «Қазақ радиосы» деп аталады. Журналистиканың бүгінгі мәселелеріне арналған бұл академиялық еңбектер студенттер мен зерттеушілер, жалпы журналистер қауымы арасында зор резонанс тудырып, кең қолданысқа ие болды.

Журналистика мәселелерін зерттеу институтының алғашқы өнімі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұжымы мен студенттері жоғары бағалап, ерекше ықыласпен қабылдаған «Радиожурналистиканың теориясы мен тәжірибесі» (Омашев Н. Астана, 2009. – 23 б.т.) атты оқулық. Ол соңғы бекітілген типтік оқу бағдарламасына орай шығарылды. Онда кредиттік технология талаптарына сәйкес әр тараудың модульдері көрсетіліп, сол бойынша қойылатын сұрақтар мен қажетті әдебиеттер ұсынылған.

2007-2009 жылдар аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған “Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты даму негізі” атты бағдарлама аясында менің жетекшілігіммен «Ұлттық идея қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйелеу, талдау және жариялау» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Қазір мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Алаш баспасөзі тігінділері мен нөмерлерін іздеп табу, жарияланымдарын араб әліпбиінен кириллицаға аудару, академиялық жинақ етіп шығару» атты ғылыми жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мұнда ғасыр басында араб қарпімен жарыққа шыққан қазақ басылымдары: “Айқап”, «Қазақ», “Қазақстан”, “Серке”, «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай», «Бірлік туы», «Алаш», «Ақ жол», «Сана», «Қазақ тілі», “Таң”, “Шолпан”, «Жас Түркістан» газет-журналдарында жарияланған Алаш қайраткерлерінің құнды көсемсөз мұраларын кириллицаға түсіріп, академиялық 10 томдық кітап шығару ісі қолға алынды.

- Журналистика және саясаттану факультетінің халықаралық байланыстары туралы не айтар едіңіз? Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдағаннан кейін түлектердің әрі қарай білім алуына, ғылыммен айналысуына қаншалықты жағдай жасалған?

- ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ORBICOM ұйымына ТМД елдері ішінен екі-ақ ғалым ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі, әрі профессоры болып қабылданған. Оның бірі – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің байырғы деканы, профессор Я.Н. Засурский. Екіншісі – мен. Халықаралық мәртебелі ORBICOM ұйымы жыл сайын әлемнің әр жерінде журналистиканың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырып тұрады. Мен осы ұйымның 1995 жылдан тұрақты мүшесі ретінде Лас-Вегаста (АҚШ), Париж (Франция), Монреал (Канада), Барселона (Испания), Сеул (Оңтүстік Корея), Москва (Ресей) және т.б. елдерде Қазақстан мен Орталық Азия журналистикасының жай-күйі туралы ғылыми баяндамалар жасадым. Ол баяндамалар осы дүниежүзілік ұйымның «Orbicom» басылымында жарық көріп тұрды.

Келесі оқу жылынан бастап АҚШ-тың Огайо университетінің Дэвид деген профессоры көп жылдық әріптестік байланыстарымыздың нәтижесінде біздің университетке келіп, бір жыл бойы журналистер мен саясаттанушыларға дәріс оқиды.

«Журналистика» және «Саяси ғылымдар» мамандықтары бойынша PhD докторларын дайындаудың мемлекеттік бағдарламасын енгізу үшін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ негізгі университет болып таңдалды. Экспериментальды бағдарлама Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Латвия, Нидерланды, Ресей, Франция, Швеция, Эстония, Италия, Израиль, Жапония, Корея, АҚШ, Канада, Аргентина, Бразилия, Түркия, Үндістан, Қытай, Украина, Ирландия, Австрия, Польша, Болгария сияқты алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып жүзеге асуда.

Факультетте студенттер журналистика, баспа ісі, саясаттану мамандықтары бойынша білім алады. Әрі қарай осы мамандықтар бойынша магистартураға (профильді және ғылыми-педагогикалық) түсуге мүмкіндіктері бар. Ғылым жолын қуған жастарға журналистика және саясаттану мамандықтары бойынша Ph.D докторантурасында білім алуға болады. Оған ғылыми кеңесші болатын білікті ғалымдарымыз да жетерлік.

- Факультетте оқу үрдісін жетілдіру бойынша қандай шаралар қолға алынған, қандай жоспарлар бар? Алдағы оқу жылы талапкерлер үшін қандай жаңалықтармен басталмақ?

- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, нарық елімізге жаңадан ғана енген тұста енгізілген жаңа пәндеріміздің өзі қазір ескіріп қалғандығын көріп отырмыз. Мәселен, Интернет жаңалық болудан қалып, ол өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Журналистер мен саясаттанушы мамандығы бойынша оқитын студенттерді керексіз сабақтардан арылтып, кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік беретін пәндерді ғана оқытсақ деген ойымыз бар. Ол үшін ғалымдармен қатар тәжірибелі мамандарды дәріс оқуға көптеп тартуымыз керек. Осыған дейін журналистика, саясаттану кафедралары әр факультеттің қосағында, жетегінде болып келген. Сондықтан басқа сала мамандарының дәріс оқуы үйреншікті жайтқа айналған. Ал біз кәсіби тұрғыдан білікті мамандар дайындауымыз үшін сол сала бойынша базалық білімі бар, ғылыми жұмысын қорғаған, тәжірибесі жеткілікті мамандарды тартуымыз керек. Журналистерді дайындауда оның шығармашылық мамандық екенін ескеру қажет. Бүгінде студенттер мен магистранттар, докторанттардың өздік жұмыстарына арналған сабақтар бар. Бұл басқа сала мамандары үшін пайдалы шығар, бірақ журналист мамандарының өздік жұмысы – шығармашылығы. Сондықтан оларды аудиторияда қамап ұстағаннан гөрі сол сабақ уақыттарының есебінен бір күнді шығармашылыққа арнауы әлдеқайда тиімді болар еді. Бұл күні студенттер бұқаралық ақпарат құралдары жұмысына араласып, журналистік машығын қалыптастырғаны оңды. Білім беру мен тәжірибе қатар жүргенде ғана ісіміз нәтижелі болары белгілі.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ғалия АҚСЕЙІТ 

Xабарландыру
    • Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың әскери кафедрасының студенттері мен түлектері назарына!

      толығырақ
    • Академиялық мобильділік бағдарламасына қатысуға құжаттарын тапсырғандар үшін тілдік тестілеудің мерзімдері

      толығырақ
    • 28 мамыр мен 1 маусым аралығында қытай фильмдерінің фестивалі өтеді

      толығырақ
    • Иордания Хашимит Корольдігінің экс-премьер-министрі, Ислам әлемі ғылым академиясының президенті Әбдүс-Сәлам Мәджалимен кездесу

      толығырақ
    • 19, 26 мамыр күндері «Жаужүрек мың бала» фильмі ЕҰУ студенттеріне тегін көрсетілмек!

      толығырақ
    • 24 мамыр күні Нобель сыйлығы лауреаттарының онлайн видеоконференциясы өтеді

      толығырақ
    • 22 мамыр күні «Экономиканы жаңғыртудағы жастардың орны мен рөлі» атты Бүкіләлемдік экономикалық жастар форумы өтеді

      толығырақ
    • 18 мамыр күні «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша кездесу өтеді

      толығырақ
    • «Ядролық физика және медицина, физиканың элементар бөлшектері мен нанотехнологияның қазiргi мәселелерi» ІІ Халықаралық жазғы мектеп

      толығырақ
    • 17 мамыр күні Болашақ стипендиалды бағдарламасының тұсаукесері өтеді

      толығырақ
Статистика посещений

  • За сегодня:
    1271
  • За неделю:
    3027
  • За месяц:
    37453
  • Всего:
    490535




Google Scholar