25.10.2016
Қашан да старосталардың сынып пен топ алдында беделі жоғары болғандығы белгілі. Оқытушылар қауымымен тікелей байланысқа түсіп, олардың әрбір тапсырмасын тиянақты етіп орындап, соңынан көшті ілестіре алатын старосталардың қазіргі таңдағы орны қай деңгейде екендігі бәрімізді толғандыратын сауалдардың бірі.
Аталмыш сұраққа жауап табу мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазанның 21-і күні старосталардың І съезі өтті. Съезд жұмысына 13 факультеттен 500-ге жуық топ старосталары, құрылым басшылары мен факультет декандары қатысты.
Жиын барысында университетіміздің оқу ісі жөніндегі проректоры Молдажанова Әсемгүл Александровна бұл Кеңес жұмысының маңыздылығына жан-жақты тоқтала келе, университетіміздің жастарына өз ойларын еркін айта алатындай ашық алаң құрды.
Сьезд барысында оқу үдерісін ұйымдастыру тақырыбындағы баяндамалар тыңдалды. Академиялық мәселелер департаментінің директоры Палымбетов Шәмен Балтабайұлы «Университеттегі академиялық саясат» тақырыбына тоқталса, Тіркеу Офисі жетекшісінің орынбасары Егеубаева Лаззат Бақытқызы құрылымдық бөлімнің рөлі мен атқаратын функцияларына тоқталды.
Бас қосудың басты жаңалығы білім ордамызда өзіндік басқару жүйесімен ұйымдастырылған жаңа құрылым Старосталар Кеңесінің құрылуы және оның құрамына әрбір факультеттен бір өкілден ұсынылған Кеңес мүшелерінің көпшілікке таныстырылуы. Олардың арасынан заң факультетінің 3 курс студенті Әмірқұлов Шыңғыс пен журналистика және саясаттану факультетінің студенті Тұрлыбек Шұғыла топ басшысы болудың қаншалықты жауапкершілікті талап ететін қызық пен қиындыққа толы іс екендігі жайлы өз ойларымен бөлісті.
2016-2017 оқу жылында университет басшылығымен, профессор-оқытушылармен тығыз байланыста жұмыс жасайтын бұл құрам жиынға қатысушылар тарапынан толықтай қолдау тапты. Кеңес құрамына үстіміздегі жылдың 10-шы қарашасына дейін Старосталар Кеңесінің төрағасын сайлап, жылдықжұмыс жоспарды бекітуге тапсырма берілді.
Университетімізде құрылған Старосталар Кеңесі студенттік қауымдастыққа оқу үдерісі, мәдени және ғылыми бағытта көмек көрсетіп, бұл жұмыстағы старосталар беделін арттырып, олардың рөлін жаңғыртуға жан-жақты қолдау көрсететін болды.
Жаңа құрылымның жұмысына сәттіліктер мен мол табыс тілейміз!