Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


10.12.2013

Зиябек Қабылдинов: «Құрғақ сөзбен ешкімді патриот қыла алмайсың»


– Зиябек аға, жақында Астанада «Жаңа қазақстандық патриотизм және Алаш идеясы» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелде патриотизм туралы нақты да тың идеялар айттыңыз. Осы ойларыңызды кеңінен түсіндіріп өтсеңіз? Расында патриотизмді арттыру үшін не істеу керек? Патриоттардың портреті қандай болады?

– Естеріңізде болса, былтырғы жылдың 14 желтоқсан күні Президент Н.Назарбаев Қазақстанда жаңа патриотизмді дамыту туралы тапсырма берген болатын. Содан бері міне бір жылға жуық уақыт өтті. Айтылған сөз сол жерде қалғандай. Патриотизмді нығайтуға бағытталған мандымды жұмыс жоқтың қасы. Содан болар, жақында ғана Елбасы осы мәселеге және тоқталып, біздегі патриотизм бойынша жұмыс дұрыс деңгейге.

Шындығында біз сан түрлі жиындардағы үлкен мінберлерде жастарға «патриот болыңдар, патриот болу керек» деп сөйлегенде алдымызға жан салмаймыз. Бірақ, «ол қалай патриот болады, нені бағыт етіп, неге қарап патриот болады?»,- деген тұрғыда патриот болудың нақты жолын, шынайы портретін жасап бере алмаймыз. Менің ойымша, мектеп оқушысынан тартып, студенттерге, қоғамдағы түрлі қызмет етіп жүрген жастарға арнап, саты-сатыға бөлінген патриоттық жолдың жобасын дайындап беруіміз керек. Мысал келтірейік, Кеңес Одағы уақытында пионерге кіретін кезде қызыл галстукті тағып, қолыңды маңдай тұсыңа көтеріп тұрып, ант бересің, комсомолға кіргенде де, әскери борышты өтеуге барғанда да қабылдатады. Жалпы, ол тұста коммунизм құрушылардың моральдік кодексі бар болатын. Соны барлық жастарға жаттатып, санасына әбден ұялататын. Әрине, бізде дәл сондай болсын демейміз, бірақ, адамгершілікке үндейтін, отанды сүюге, елді, жерді жақсы көруге жетелейтін тәрбиелік маңызы бар сөздер көп еді.

Бір айта кетерлігі, біз бұл жерде Кеңес Одағын мақтайық деп отырған жоқпыз, бірақ, олардың жастардың санасына идея сіңірудегі тәжірибесін айтпақпыз.

– Сонымен, жаңағы саты-саты бойынша патриотизмді қалыптастырудың жолдары нақты қандай боламақ?

– Бірде балаларым менен «әке, сіз осы үнемі бізге патриот бол дегенді айтасыз. Ал, патриот болудың жолы қандай, біз қайткенде патриот бола аламыз?» деп сұрады. Шыны керек, алғашында сәл тосылып, не айтарымды білмей ыңғайсыз күйде қалдым. Әрине, балаға патриоттық туралы 10-20 беттік дәріс оқымайтының анық. Ол ұзын сонар әңгіме оның миына қонып, есінде қала ма? Содан ойланып отырдым да балама мына айтқандарымды жазып ал да, осы бойынша әрекет қыл дедім:

Бірінші, патриот болатын адам өзінің туған отаны үшін, оны қорғау жолында қаны мен терін төгуден аянбау керек.

Екінші, өз ұлтыңның, халқыңның тарихына қанық болуың тиіс. Оны зерттеп, нәсихаттап, мақтаныш ете білуің керек.

Үшінші, президент «үш тұғырлы тіл» бағытын ұсынды. Сен соның ішіндегі өз ана тіліңді, мемлекеттік тілді жетік меңгер. Содан кейін барып, ағылшын, орыс тілдерін үйрен, шамаң келсе одан да көп тіл білуге ұмтыл.

Төртінші, өзің азаматы болып саналатын елдің заңын сыйлап, тәртібіне бағынуың тиіс. Шығыстың ойшылы Конфуций бір сөзінде «тәртіп бұзылса, мемлекет құлайды» деген. Сондықтан біздің елде тәртіп болуы қажет, және заңды құрметтеуің керек.

Бесінші, сапалы білім иесі бол. Мектепте, университетте жақсы оқы. Сол арқылы елге, мемлекеттің болашағына пайдасы тиетін нағыз қажетті мамандыққа қол жеткіз.

Алтыншы, біздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дініміз исламның сүнниттік бағыты, Ханафи мазһабына берік бол. Сол бағыттан тайма, басқа дін, ағым, секталардан сақтан.

Жетінші, өз халқыңның сан мың жылдан бері келе жатқан салт-дәстүрін үлгі тұтып, ұлықтай біл, сонда нағыз рухани бай азамат боласың.

Сегізінші, салауатты өмір салтын мықты ұстан. Спорт түрлерімен айналысып, ширақ, сергек, дені сау адам болудың жолын әдетіңе айналдыр.

Тоғызыншы, сен отаныңа, халқыңа керек нақты бір іс жасауың тиіс. Күндердің бір күні сен осы өмірде бәленбай жыл жасаған адам ретінде кімге болса да бір есеп бересің. Сонда «мынадай шаруа тындырып едім» деп жауап беруің керек болады. Мәселен, мен Зиябек Ермұқанұлы Қабылдинов көп шаруа істей алмасам да, Білім және ғылым министрлігі бекітіп, 300 мың данаман шығарылған, 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын жазу міндетін орындадым. Сөйтіп, азда болса жас ұрпақтың өз тарихын оқуына септігімді тигіздім. Міне, осындай істер арқылы тәуелсіз еліңнің қабырғасына бір кірпіш болып қалануға мүмкіндік бар.Иә, бұл реттік сандарды ары қарай созып, қоғамдағы әр топтың, адамдардың жас ерекшелігіне қарай мазмұн қоса беруге болады.

– Енді патриоттық сана қалыптастырудың бағыттары қалай болады? Бұл айтылғандар да қабылданған күннің өзінде қағаз күйінде қалып қалуы мүмкін ғой?

– Иә, сол үшін тәрбиенің мазмұнымен қоса, шынайы бағыттары да болғаны жөн. Оны да ойластырдым. Жастардың бос уақыт өткізіп, басқа нашар идея мен іс-әрекеттің ықпалында кетпеуі үшін не істелуі керек? Ол үшін арнайы бағыттар бойынша оларға тәрбие беріледі. Бұны да жіктеп-жіктеп айталық.

Бірінші, біз еліміздегі жарты миллиондай студенттің бос уақытын дұрыс ұйымдастыра алып жүрміз бе? Әрине, жоқ. Оларды жазғы каникул кезінде патриоттық жұмысқа ұйымдастырдық па? Мәселен, біздің ұлан-байтақ жеріміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда қазақтың тарихы, шежіресі, әдебиеті, дәстүрі әлі зерттелмей жатыр. Оның ішінде тарих пен саясатқа қатысты ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңдерін толық зерттеген жоқпыз. Біз студент жастарға арнайы сұрақтар дайындап беріп, ауылдарға жіберсек. Студенттер әр ауыл, аудандағы қарт адамдармен, шежіреші, тарихшылармен әңгімелесіп, өздерінің сұрағына жауап іздесе. Оларға Президент әкімшілігі қолдау білдіріп, Үкімет тиісті қаржы бөліп, университет көмектесіп дегендей демеп жіберсе. Сонда олар ел аузында, алыс ауылдарда жатқан тарих, мәдениет, әдебиетті қайтарады. Кейін оларды хрестоматия қылып шығаруға, маңыздыларын ұлттық мұрағатқа тапсыруға болады. Ең бастысы, жаңағы студенттер өздерін үлкен патриоттық мектептен өткізіп, азаймастай рухани азық алады.

Екіншіден, Еуразия ұлттық унивтерситетінде «іздеу отряды» бар. Оның басшысы Майдан Көмекұлы Құсайынов деген азамат жыл сайын қасына 10-15 студентті ертіп, Екінші дүниежүзілік соғыс болған майдандары аралап, соғыста өлген, із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді іздейді. Сол арқылы біраз деректерді анықтады. Міне, осы істі ары қарай кең көлемде дамытып, студенттердің қатарын арттырса, бұл да жастарға үлкен патриоттық маңыз сыйлар еді.

Үшінші, қазір тарихқа жақсы көңіл аударылып жатыр. Әсіресе, археология саласына қомақты қаржы бөлініп, ғалымдардың жаңалық ашуына қолайлылықтар жасалуда. Міне, осы ғалымдардың тобына әр мектеп, оқу орындарынан тиісті мөлшерде оқушы, студентерді қосып, қазба жұмысына қатыстырса. Олардың терең тарихымызды, түркі заманын, одан арғы, бергі дәуірлерді білуге себі тиер еді. Бұған міндетті түрде тарихшы, әдебиетші, журналист мамандарын емес, физик, химик секілді жаратылыстық ғылым бағытындағы студенттерді де қосуға болды.

Төртінші, біздің шетелде 5 миллионға жуық қандастарымыз тұрады. Олардың дені өз тілін, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын сақтап қалған. Міне, сол шетелдегі қазақтардың арасына да ғалымдар басшылық етіп, студент жастардан құралған экспедиция жіберу тиіс. Олар сол елдегі қазақтардың тарихын зерделеп, мәдениетіне бойлап, рухани байлығынан сусындар еді. Сол арқылы оны елімізге әкеліп, мемлекетіміздің мәдени, тарихи қазынасын толықтыруға үлес қосатыны анық. Мүмкін, оған 100-200 студент барсын, олар шетелдегі ағайындарының тыныс-тіршілігімен танысу арқылы өз халқын, ұлтын сүйетін сана қалыпастырады. Себебі, шетте жүрген әр қазақ патриот.

Төртінші, Мемлекеттік хатшы Марат Тажин қатысқан ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысынан кейін 23 ғалым шет елдің 10 мемлекетіне барды. Соның ішінде Қытай, Ресей, араб елдері, Иран, Ұлы Британия қатарлы мемлекеттерде болып, мұрағаттардан біраз дүниелер алып келді. Бұл игі қадам бір реткі акция ретінде қалып қоймай, белгілі уақыт аралығында үздіксіз жүргізіліп отыруы тиіс. Осы процеске тарих, әдебиет, шығыстану, түркология мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттерді де қосып жіберген жөн. Олар бір жағынан аздаған қаражат тапса, екінші жағынан үлкен тәжірибе жинап, басқа елдердің ғылыми бағытынан хабар табады. Және тікелей мемлекет қатысқан жұмыстарға араласып, отан үшін жұмыс істеу деген кесек ұғымды терең түсінеді.

Содан кейінгі мән беретін бір мәселе – көне Бозоқ қаласын жаңаша жаңғырту. Х-ХІІІ ғасырда болған осыбір қыпшақ бекінісін біз жастардың патриоттық рухын көтеретін нысанға және туристердің көптеп келіп, ел экономикасына қаржы қосатын орынға айналдыруымызға болады. Мәселен, 2017 жылы Экспо өтеді, міне сол кезде қала қонақтарына көрсететін мақтанышымыздың бірі сол көне Бозоқ қаласы болуы тиіс.

– Қаланы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру керек дейсіз ғой. Ал, оны қайта жаңғырту жұмысы қандай негізде жүзеге асады? Ол үшін не істеу керек?

– Ол үшін кішкене бекіністі тарихтағы Орта Азияда болған ірі қамалдардың кейпінде қайта тұрғызу қажет. Оған сол замандағы әскери түс беріп, қорған төбесінде садағын серт ұстап, найзасын жарқылдатқан қарауылдарды қою. Бекіністің ішін сол кездегі халық тіршілігі, салт-дәстүр, шаруашылығына негізделген көріністерге толтыру тиіс. Тарихи тұлғалардың мұражайы, ұлттық бұйымдар, қазақтың тағамдары, киіз үйі, өзге де салт-дәстүрі, түйелі көші дегендей барлық экзотикалық көріністерді бейнелеу керек. Мәселен, мен Біріккен араб әмірліктеріне барғанда баламды түйеге 2-3 минут мінгізіп көрсету үшін 50 доллар бердім. Ал, сол ақшаны мен неге осы Бозоқта қалдырмаймын. Ең бастысы бұл шетелдіктерге өзіміздің бай мәдениетті көрсету үшін қажет. 2017 жылы елімізге 5 млн шетел адамы келеді дейміз, оның бәрі Бәйтерекке қалай сыйдырамыз, басқа да ерекше тарихи орындарымыз болуы тиіс қой.

Бозоқтың жаңаша жаңғыртылу жобасын Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков ағамыз жасап қойды. Енді тек іске асыру ғана тұр.

Енді бір маңызды мәселе Астанада үлкен тұлғалар жерленген орын арқылы пантеон жасау. Жақында Ж.Мәлібеков бастаған ғалым ағаларымыз Астанадағы жастар шағын ауданы аумағындағы зираттықта Кенесары ханның сарбаздары жерленгенін анықтады. Ескі араб әрпімен жазылған тас белгі табылды. Міне, осы араға Смағұл Сәдуақасовтың сүйек күлі де қойылған болатын. Пантеонның іргесі қаланды деген осы. Бұл жерге қаладағы оқушылар мен студенттерді апарып, олардың ұлы адамдарға тағзым ету санасын жетілдіре түсуіміз тиіс.

– Ресей тарапынан ортақ тарих жазу дейтін бастама көтеріліп жатыр. Тарихшы ретінде бұндай ұсынысқа пікіріңіз қалай? Бұл бізге қажет пе?

– Оның еш қажеті жоқ. Мен өзім Ресей федерациясынан көшіп келген азаматпын. Бұл жерде Ресей саясаткерлерінің арам пиғылынан басқа дәнеңе де жоқ. Олар осындай «ортақ» идеяларын ұсыну арқылы, ертең бәрі ортақ елге айналуға дайын. Сондықтан, ешқашан да тәуелсіз елдердің ортақ тарихы бола алмайды. Әр елдің, халықтың жолы бөлек. Біз өз тарихымызды енді түгендеп жатқан елміз. Ресейдің бұл қадамы біздің тәуелсіздігімізге қауіпті. Сондықтан мен бүкіл тарихшыларға «ешқашан мұндай провокацияға бой алдырмаңыздар» деп едім.

Ал, қазақтың белді ғалымдарының бірі, Хангелді Әбжанов ағамыз бір сөзінде «жазуға болады» деп аңдамай айтып қалыпты. Бірақ, бәріміз құрметтейтін, еліміздің патриот азаматтарының бірі Қанекең бұл пікірін өзгерткен шығар деп ойлаймын.

– Қазіргі күні шетелден отанына қосылып, еліне тұрақты тұруға көшіп келіп жатқан қандастардың азаматтық алу уақытын жылдарға созатын заң жобасы қаралуда. Бұған не айтар едіңіз?

– Шетелдегі әр қазақ патриот деп айттым ғой. Олар бізге қосылу арқылы патриоттық сезімнің өсуіне ықпал етеді. Және шеттен келген қазақтардың берері де, беріп жатқаны да мол. Біре мысал келтірсем, Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, көне түркі жазуларын көрмей-ақ, қолмен сипап оқи беретін ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев. Бұл тізімді соза беруге болады. Өкінішке қарай соңғы кезде белгілі-белгісіз себептермен оралмандардың көші тоқтай бастады. Бұл біздің мемлекеттілігімізге қауіпті. Өйткені, саясаттанушылардың айтуынша мемлекет тұрақтылығын сақтап тұру үшін жергілікті мемлекет құраушы ұлттың үлесі 75-80 пайыздан төмен болмауы керек екен. Ал, біз әлі 70 пайызға жете алмай жүрміз. Егер бұл жағдай осы күйі тұра берсе, алда қиындықтар болуы мүмкін. Демографияны көтерудің бір жолы шетелден қандастарды көптеп әкелу екені белгілі. Сол үшін көші-қон жаңа деңгейде, жоғары ұйымдастырылған ауқымды көлемде жүруі қажет.

Мен жалпы парламенттегі дептутаттардың неге бұлай жасайтынын түсінбеймін. Оларды арасында патриоттар мүлде аз секілді. Өзім білетін мықты бірер азамат бар. Қалғандарының түрі-түсін, аты-жөнін де білмеймін, естімеймін. Егер олар өз ұлтына, еліне, мемлекетіне, қандасына жаны ашыса бұндай қадамға бармас еді. Олар бұл затты бірден үкіметке кері қайтарып, соған қоса «әр қазақ шекарадан аттаған күні азаматтық алуы тиіс» деген өтінішті жазып, соны заңға кіргізуге талпынбай ма?! Ал, тексеру керек болып жатса алдын-ала құжатының көшірмесін алдырсын да қарай берсін, кім тыңшы, кім қазақ емес деген мәселені сол уақытта анықтап үлгеруге болады.
Израил солай жасайды. Кірген бойда қандастарына азаматтық береді. Соның арқасында әлемдегі мықты мемлекет болып отыр. Ал, біз кезінде отаршылдар тоздырып, солармен күресте мал-жанын қалдырып шетке босқан, болмаса қазақ хандығының жерін кеңейтіп өз ата мекендеріне барып қоныстанған қазақтарды жат санайтын ниет байқатамыз. Босқындармен тең дәрежеге түсіруге тырысамыз. Меніңше, үкімет пен парламентте мемлекет бүтіндігін, ұлттың тұтастығын ойлайтын азаматтар бар. Олар өз ұстанымын білдіруі керек. Солар шеттен келетін қазақтарға шекарадан өте азаматтық беруді күшіне енгізетін заңға қолдау жасауы тиіс. Мен депутат болсам, үкімет жетекшісі қызметін атқарсам, не президенттік мәртебем болса солай жасар едім.
Иә, Елбасы тәуелсіздік ала сала шеттегі қазақтарды елге шақырып, көреген бастама танытты. Бірақ, маңайындағы бір күштер президентке жұмыс жасатпай отыр. Сондықтан Елбасына қолдау танытып, көмектесуіміз тиіс. Президентіміз де осы елдің мықты патриоты, ол кісі де қазақтың болашағын ойлайды. Мемлекеттік қауіпсіздіктен бөлек, елімізге 1 миллион қандастарымыз келгелі біздің мемлекеттік тіл жағдайымыз, экономикалық ахуал, демография бәрі оңалып еді. Әуелі, шекарадағы елі кетіп құлазып жатқан аймақтарымызға солар көшіп келіп қоныстанып, тұралап қалған өңірлерімізге жан бітіріп еді.
Шынын айту керек, еліміздегі кейбір ірі диаспора өкілдерінде екі мемлекеттің паспорты бар. Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы орыс халқының көбінде Ресей федерациясының құжаты бар. Егер ертең бір даулы жағдай бола қалса өз азаматтарымызды қорғаймыз деген желеумен Ресей қарушы күштері біздің мемлекет аумағына кіруі бек мүмкін. Егер ондай жағдайға жеткізбейміз десек, шеттегі қазақтарды тез арада жүйелі түрде көшіріп әкеліп, солтүстік аймақтарға жоспарлы түрде қоныстандыруды жеделдетуге тиіспіз. Бұл титтей де кешіктіруді күтпейтін маңызды мәселе. Сондықтан, оралмандардың Қазақстан мемлекеті, ана отанына келуін шектейтін шикі заңдарға мүлде жол берілмеуі тіс. Бұл тұрғыда Елбасына үлкен үміт артамыз, заң жобасын сарабдал шешім шығарып, вето қояды деп сенеміз.
– Жақында Астанадағы Л.Мирзоян атындағы көшенің атауы өзгертіліп, академик Қаныш Сәтбаевтің есімі берілді. Бұл шешімге елдегі армиян диаспорасының жекелеген өкілдері наразы болып жатқан секілді. Қазаққа әркім жөн айтқысы келетін бұндай жағдайға қандай баға беруге болады?
– Біріншіден бізде ономостика туралы заң бар. Егер, аталған шешім осы заң аясында жасалса бұны толық қолдау керек. Өйткені, бұл бір мемлекеттің өзінің ішкі шаруасына жататын мәселе. Оған ешкімнің қол сұғуына қақысы жоқ. Біз тарихымызға жаңаша көзқараспен қарап жатқан еліміз. Соған сай жаңа тарихи деректер жүз беруде. Міне сондай бұлтартпас деректердің бірінде Л.Мирзоянның қазақ ұлтының зиялыларын жою үшін орталықтан қосымша 1 мың квота сұрағаны анықталды. Оны бүкіл республика халқы біледі. Сондықтан, көше атын алып тастау ғана емес, оны соттау керек. Оның басшы болып отырған кезіндегі әр ісіне шынайы баға беріліп, Қазақстандағы оның атына берілген көше, өзге де ресми, бейресми орындардағы атын бүкілдей алып, аластау қажет.
Ол ғана емес, қазақты миллиондап аштан қыруға жеткізген Голощекинді де соттау керек. Л.Мирзоян болса ол жасаған аштықты тоқтатуға әрекет жасағаны шамалы. 1933 жылы Голощекин орнынан кеткенімен, оның ізін басқан Мирзоян Қазақстандағы жағдайды оңаған жоқ, аштық 1934-1935 жылдары өздігінен тоқтай бастады. Тек, ол басқарған кезде алдыңғы сұрапыл аштыққа қарағанда сәл жағдай оңалғандықтан қазақ оны еркелетіп, «Мырзажан» деп атады. Оның бізге істеген қастығы аз емес. Бір қазақты өлтірсе де халықтың жауы болып саналуы заңды.
Егер, Армян диаспорасы өкілдері Қазақстанның патриоттары болса, бұған қарсы шыққанды былай қойып, қазақ халқына түсіністікпен қаруға тиіс. Мекемтас Мырзахметов ағамыздың бір мәліметіне сүйенсек, 1937 жылы, жаңылыспасам, 1 тәжік, 7 өзбек, 40 қырғыз, 25 мың қазақ қуғын-сүргінге ұшырапты. Бұны жасап отырған жаңағы Мырзажандар. Осы сан дерек үшін де біз ештеңеден тайсалмай, Мирзоянның атын елден де, санадан да бүкілдей өшіру керек.
Ономастикалық мәселеге байланысты мынадай ой айтқым келеді. Осы бағыттағы жұмыстың кейде қарын ашыратын тұстары бар. Неге? Мәселен, Астана көшелеріне жекелеген өңірлердегі жер-су, адам аттарын қойып жіберу молырақ кездесі қалады. Комиссиясын ішінде, басшылында отырған адамдар өз жерінің атауларын көбірек өткізуге тырысатын жайлар бар секілді. Мысалы, мен Омбы облысынан болсам, сол аймақтағы атауларды көбірек қойғым келеді. Сол секілді, маңғыстаулық, иә болмаса, шымкенттік жігіттер отырса олар да өз өңірінің атауларын көшелерге беруді қалайды. Жалпы, көше атауларын әйтеуір қазақшалау үшін бұл керек шығар. Бірақ, қазақтың бас қаласы Астананың көшелері тек бір өңірдің азаматтарына ғана жылы ұшырамауы тиіс. Ол әлемдегі бар қазақтың ыстық көрінетін, аяулы ордасына айналуы тиіс. Ол үшін Астанадағы көшелерге ат бергенде шетелдегі қазақтар тұратын жерлердің, адамдардың аты-жөндерін де ескеруіміз лазым. Мәселен, Омбы облысында қазақтар көп шоғырланған Шарбақкөл деген аудан бар. Бір шағындау көшеге сол Шарбақкөл деп ат қоялық. Басқа бір көшелерге Моңғолия, Қытай, Өзбекстан елдерінде жер аттарын берейік. Егер, белгілі бір көшені Байнөлгей деп атасақ, ол жақтан келген, не келуге ниет етіп жүрген қазақтың көзіне жылы ұшырай кетпей ме?! Мұнда біз тұратын жердің атауы бар екен, яғни, шеттегі қазақты Астана, ата жұртым Қазақстан ұмытпай, ойлап, көңіл аударып отыр екен деп келуге деген ниеті күшейе түсері даусыз. Бұл да қазақ баласын бір шаңырақтың астына тез жинауға жетелейтін ұтымды істердің бірі болар еді. Ал, қазақ бір тудың, бір шаңырақтың астына бұзылмас берекемен біріксе біздің болашағымыз мәңгілік болатынына сеніңіз!
– Әңгімеңізге рахмет!
Мұрат Алмасбекұлы,
"Жебе" газеті, 5 желтоқсан 2013 жыл


Источник:  http://zhebe.com/index.php/o-am/item/1240-ziyabek-kabyldinov-k-r-ak-sozben-eshkimdi-patriot-kyla-almajsy.html

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 10.04.2020 / 12:41 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/24198/index.php?print=Y