Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


31.01.2014

Елбасы және еркін елдің ертеңі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан СЫДЫҚОВПЕН әңгіме

– Ерлан Бәтташұлы, биылғы Елбасы Жолдауының басты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат: қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған: халық пен билікті бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырып отыр. Елді индус­трияландыру, жасыл энергетикаға көшу, еңбек ету, тіліміз бен дінімізге берік болу, елдің тыныштығын сақтау, көрші елдермен татулық қарым-қатынас жасау, жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу, оларға терең білім беру, ғылымды дамыту сияқты өзге де маңызды міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы саралап берген құндылықтарымызға қараңызшы: Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздік және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Елбасы: «Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді ны­ғайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жа­ңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негі­зі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құн­дылықтарда жатыр», деп атап көрсетті.

– Ғылым мен білім мемлекеттің әркез назарында. Әсіресе, инновацияны дамыту, ғылыммен ұштастыру жайы өзекті. Осы мәселе жөнінде Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінде қандай жұ­мыстар жүргізіліп жатыр?

– Экономиканың өсімі жылына 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді. Ал егер өсім 5-6 пайыздан жоғары болса, Стратегиядағы көзделген мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізетініміз атап көрсетілді. Сол себептен Мемлекет басшысы осы Жолдауда саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізу, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне басымдық берілді.

Ғалымдарды қуантатын үлкен жаңалық – Елбасының ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына жеткізу керектігі жөнінде айтқаны. Бүгінге дейін ғылымға небәрі 0,16 пайыз бөлініп келген болатын. Ал енді есептеп көріңіз, 20 есеге көбейеді! Яғни, бұл дегеніңіз, отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор. Оған әзір тұрған ғалымдарымыз, талантты жастарымыз жеткілікті: әртүрлі ғылыми орта­лықтарда, үлкен университеттерде отандық ғалымдардың тамаша жобалары бар.

– Өкінішке қарай, бұл жобалардың индустрияға қарай бет бұруы, өнеркәсіптен орын табуы тоқтап тұрған сыңайлы ма, қа­лай өзі...

01-ЕНУ

– Бәлкім, бұл бізде бұрын мұндай бағытта қызмет болмағандықтан шығар, мүмкін алынған жаңа жоспар, жаңа жобаларды өндіріске, өнеркәсіпке ұштастыру мәселесін мемлекет өз мойнына алып келгендіктен болар. Шындығына келсек, енді ғана үйреніп жатырмыз. Сондықтан, біз университетте «Start-up» жобасын іске қосуды бастадық. Жас ғалымдарға конкурс жарияланды. Олардың жаңалықтарынан 15 жобаны таңдап, қаржыландыруды өз мойнымызға алдық. Бұл мақсатқа университет тарапынан 1 миллион АҚШ доллар қаржы жұмсау көзделіп отыр. Яғни, ғалым өзінің тапқан жаңалығының бәрін сол жерде шағын өндіріс ретінде елге көрсетеді. Содан кейін инвестор келеді ме, отандық өнеркәсіп басшылары келіп сатып алады ма, пайдалана ма, оның барлығы сол кезде шешіледі.

Соңғы жылдары ғылыми-зерттеу жоба­ла­рымыздың көлемінің өсімі байқалады. 2011 жылы университеттің бұл саласына 276 млн. теңге бөлінді. Ғылымымызды қаржыландыру 2012 жылы – 1,1 млрд. теңгеге, ал 2013 жылы – 1,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Еуразия ұлт­тық университетінде негізгі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан 180 ғылыми жоба қаржыландырылды. Олар энергетика, өнім мен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, өмір, әлемнің ғылыми интеллектуалды әлеуеті. Оған ЕҰУ-дың 660 ғалымы тартылды.

Бұл орайда біз үшін ең басты бағыт-бағдар беретін «Назарбаев Университеті» болса, екі оқу орны арасында қол қойылған меморандум шеңберінде ғалымдарымыз жыл сайын біліктілігін арттырып келеді.

– Республикамыздың маңдайалды университеттерін академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру жоспары тыңғылықты дайын­дық­ты қажет етеді. Бұл заман талабы десек те, осыған орай жеке пікіріңізді білгіміз келеді.

– Бұл өте дұрыс мәселе: білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орнына еркіндік беріледі. Қағазбастылық жойылады. Жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады. Негізіне сүйенсек, елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық ғылыми-зерттеу университеттеріне, 2016 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік берілу жоспарланған.

Жоғары оқу орындары автономиясының жетілдірілген қағидалары «Назарбаев Университеті» моделіне негізделген: білім беру, ғылым, қаржы, халықаралық және өзге салалар да дербестікке ие. Демек, Қазақстанның білім беру мен ғылым жүйесі халықаралық деңгейге жеткізіледі.

Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, қазіргі күні қазақстандық жоғары білім беру жүйесі институционалдық автономияның деңгейі төменгі көрсеткішке ие. Ал мұндай көрсеткіш халықаралық стандарттар бойынша ілгері жылжуға кедергі келтіреді. Дегенмен, жоғары оқу орындарын автономияға көшірудің болжамы мен нақты жүзеге асырылуы белгіленген шарттар орындалған жағдайда нәтиже береді. Бұл орайда, ең алдымен, ұйымдастыру мәселесін шешу керек, содан кейін қаржылық жағдайы маңызды. Мысалы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұзақмерзімді бюджеттік қаржыландыру қарастырылып, оған келісімшарт жасалуы тиіс. Осы жағдай түпкілікті шешімін тапса, менің ойымша, университет автономиясының қаржылық деңгейі көтеріледі. Міне, сол кезде біздің елден атақты Нобель сыйлығының лауреаттары шығып, әлемдік білім беру кеңістігі мен ғылым саласында өз орнымызды ойып тұрып алатын боламыз.

Еуразия ұлттық университеті автономияға алғашқылардың бірі болып көшеді. Өйткені, университеттің білім беру кеңістігінде алатын орны бар және интеллектуалдық, құқықтық, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келеді: оқу орнымыз Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Екі жыл қатарынан тәуелсіз Қазақстан агенттігінің білім беру саласында сапалық көрсеткіш бойынша ұлттық рейтингте бірінші орында тұрмыз. «QS World University Ranking – Top Universities» атты халықаралық рейтинг агенттігінің қорытындысына сәйкес әлемнің 400 алдыңғы қатарлы ЖОО ішінде 303-орын иелендік. Бұл әлемнің 17 000 ЖОО арасындағы бәсекеде қол жеткізетін орны, яғни бұл Қазақстан мен Орталық Азияны былай қойғанда, ТМД елдері ЖОО-лары арасында озық жетістік болып саналады. Оған қол жеткізу үшін университет ұжымы бір кісідей жұмылып, қыруар еңбек еткенін айтуға тиістіміз. Жалпы, біздің университет үшін өткен жыл табысты болды: тарих факультеті, этносаралық және дінаралық толеранттық бойынша ЮНЕСКО кафедрасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.

– Бақылау болмаған жерде босаңсудың орын алуы мүмкін ғой, сіз қалай ойлайсыз, ертеңгі күні босаңсу орын алып жүрмей ме...

– Жоқ. Меніңше, жауапкершілік екі есе артады. Мәселен, университетте корпоративті басқаруды енгізу мақсатында бақылау кеңестері құрылған. Қазір қызмет атқаруда. Кеңес құрамына білім саласындағы өкілетті орган мен жергілікті билік өкілдері, әлеуетті жұмыс берушілер, бизнес құрылымдары мен жастар ұйымдарының өкілдері кірді. Кеңестің негізгі міндеті жоғары оқу орнының стратегиялық даму бағыты мен жоспарын жасап, жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен материалдық-техникалық базасын дамытуға ықпал ету. Сондықтан, корпоративтік басқаруды енгізу, бақылау кеңестерін құру жоғары оқу орындарының заман талабына сай дамуына оң ықпал етеді.

Ендігі әңгімені білім сапасына қарай бұрсақ...

– Білімнің сапасын көтеру үшін әлемдік деңгейдегі стандартқа көшуіміз керек. Болашақта білім ордалары «Назарбаев Университеті», «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» сияқты болуы тиіс. Ондағы білім беретіндердің дені Қазақстандағы ең білікті ұстаздар.

Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесі толығымен халықаралық стандартқа көшкен. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде Болон үдерісі ереже­лерінің талаптарына сай сапалы білім беруді қам­тамасыз ету үшін білікті оқытушы-про­фессорлар құрамының жинақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ЕҰУ-дің оқы­тушылар құрамы өте білікті, танымал тұлға­лармен толығып отыр.

Бүгінгі күні Еуразия ұлттық университеті ресми деңгейде әлемнің 160 жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан. Күні бүгінге дейін университетімізге әлемнің 45 мемлекетінен мыңнан аса шетел мамандары келіп дәріс оқыды. Президенттің «Болашақ» стипендиясы арқылы 100 шақты студенттер шетелдік ЖОО-да білім алып, 300-ден аса профессор-оқытушылар құрамы ғылыми тағылымдамадан өтті.

Қазіргі кезеңде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті жоғары оқу орнына айналу үшін ғылыми-инновациялық даму бағытын алға қойып, университет ғалымдары маңызды жаңалықтар ашуда. Бүгінде университетте 13 факультет бар. Факультеттер мен кафедралардың негізгі міндеті жоғары білімді мамандар даярлау, оқу үдерісі мен ғылымды біріктіре отырып, ғылыми мектептер мен инновациялық инфрақұрылымдардың жұмысын жолға қою болып табылады.

ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы білім берудің ең жаңа технологияларын игеруіне айрықша маңыз беріп отыр. Бұл ретте қазіргі таңдағы қазақстандық жоғары оқу орындарына үлгі болып отырған «Назарбаев Университетіндегі» оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық жобалардың өзіндік үлгісінен үйренеріміз көп. Ғылыми қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру, тәжірибе алмасу, қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды меңгеруде аталмыш оқу орны бізге бағыт-бағдар болады деген сенімдеміз.

Бүгінде білім ордамыз жаһан елдерінің жоғары оқу орындарымен жасасқан ынты­мақ­тастық туралы келісімшарт аясында қызмет аясын жылдан жылға кеңейтіп келеді. Соның нәтижесінде Ph.D докторлары мен магистрлар және студенттеріміз шетелдік жоғары оқу орындарында мобильдік жүйе бойынша білім алуға, профессор-оқытушыларымыз тәжірибе алмасуға, бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын құруға мүмкіндік алуда. Бұл әлемдегі соңғы ғылыми жетістіктерді Қазақ­стан ғылымына енгізіп, әрі қарай бірлесіп қызмет жасауға жағдай жасалып отыр деген сөз.

– Университет дамуының негізгі қа­ғидаты деп нені айтар едіңіз?

– Тәлімгерлерімізді жоғары сапалы бі­ліммен қамтамасыз етуді, қоғамның көкей­кесті сұранысына сай білікті маман даяр­лауды, интеллектуалды, отаншыл орта қалыптастыруды айтуға болады. Жыл сайын ЕҰУ-ге мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегерлерінің басым көпшілігі оқуға түседі. Бұл жөнінен және мемлекеттік білім грантын жеңіп алған студенттеріміздің саны бойынша біз Қазақстанда бірінші орындамыз.

Бұдан түйетін қорытынды, ЕҰУ-да білім сапасын арттырудың бір кілті сапалы талапкерлерді оқуға қабылдаумен байланыс­ты. Профессор-оқытушылар құрамының тәлімгерлер мен ата-аналардың жоғары талапқа сай сұранысын қанағаттандыру мақсатында барынша құлшыныспен қызмет ету – білім сапасына оң ықпал ететін екін­ші бір тетік. Тәуелсіз Қазақстанда туған жас ұрпақтың білімге деген махаббатын бәсеңдетіп алмас үшін әлемнің кез келген түкпіріне терезе ашып, байланыс құрып, дамыған елдердің жастарымен тере­зесі тең түлектер ұшыруды алдына мақ­сат етіп ұстаған оқу ордамыз бір сәт те қарқынын баяулатпақ емес. Еліміздің әлемдік бәсекелестікте жеңіске жетуі үшін жоғары технологияларды игерген, инновациялық жобаларды іске асыруға қабілетті отаншыл да білікті мамандар қажет. Бұдан былай білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, ЕҰУ студенттері ұлттық университет студенттері мәртебесіне сай мемлекет есебінен кемінде бір семестр үздік еуропалық жоғары оқу орындарында білімін жетілдірулеріне мүмкіндік алды. Әрине, ол үшін олардың шет тілін жетік білуі тиіс. Тағы бір атап өтуге тұратын жетістігіміз білім ордамыздың студенттері мен оқытушылары «Болашақ» стипендиясы байқауына да белсенді қатысып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары «Болашақ» грантының ең көп иегерлері де – біздің оқу орнынан. Оқытудың жаңа жүйесіне көшу, халықаралық қарым-қатынасты нығайту, озық технологияны меңгеріп, білікті маман даярлауды дамыту – Елбасы Жолдауының негізгі өзегі болса, біз сол үдеден шығу үшін бар қарым-қабілетімізбен еңбек етуге даярмыз. Ал білімді ұрпақ – болашақ кепілі екені баршамызға белгілі.

– Елбасы Жолдауында жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу мәселесіне де ерекше маңыз берілді. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Бұл екеуін бірінен-бірін бөліп алып қарастыруға мүлдем болмайды. Ал адамгершілік негіздерін қатаң сақтау үлкен мәдениеттілікке алып баратын жол екені әлімсақтан белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарыңыз қалай?

– ЕҰУ-де студенттер тәрбиеcі дұрыс жолға қойылған. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұл ретте университетімізде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі тиімді жұмыс істеп келеді. Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Илья Жақанов, Исрайыл Сапарбай, Көпен Әмірбек секілді әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерімен өткен кездесулер студенттеріміз үшін рухани байлық дер едім. Жастар саясаты орталығы мен оның факультеттегі бөлімдерінің, студенттердің «Сенім» атты кәсіподақ ұйымының, алғаш біздің білім ордамызда ашылған «Алтын белгі» иегерлері қауымдастығының белсенділігін де атап өткен орынды.

Мемлекет басшысы үнемі айтып жүр­ген­дей, жастарымыздың саламатты өмір салтын ұстанып, ширақ та шымыр болып қа­лыптасуына барынша мүмкіндік тудыру біздің міндетіміз. Осы орайда, «ЕҰУ Студенттік медицина орталығы» жұмысы көңілге қуаныш ұялатады. Бір білім ордасының жанынан мұндай дәрігерлік орталықтың ашылуы ТМД елдері бойынша алғашқы екенін ескерсек, оның мән-маңызы еселене түсері даусыз. Бұл емхана университет студенттері денсаулығының жақсаруына белгілі деңгейде оң әсерін тигізсе, университетіміздің «Студенттер үйінен» жастарымызға арналған «Студенттік кинотеатр» да студенттердің бос уақытын қызықты әрі мәнді өткізуге мүмкіндік берді. Кинотеатр қойылымдары тегін екендігін еске салсақ, бұл да студенттерімізге үлкен жеңілдік әрі эстетикалық тәрбие алуларына оңтайлы жағдай туғызу. Сонымен қатар, биылғы жылы жаңа оқу-зертханалық ғимарат, шағын отбасылық үй пайдалануға берілсе, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүйелі жалғасын таба беретін болады. Мұның бәрі де, әрине, Елбасы Жолдауы талабымен астасып жатқаны түсінікті. Алда атқарылатын жұмыстар әлі де ауқымды әрі маңызды. Сондықтан біз Президент Жолдауына әр жыл сайын іргелі байыптама, елдік тиянақ ретінде қарап, алдағы әрбір ісімізді жоғары талап деңгейіне сай орындауға ұмтылып келеміз.

Елбасының ойлағаны – еркін елдің ертеңі. Бұл қанатты қамқорлықтың қайтарымы қомақты болуға тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,


Источник:  http://egemen.kz/kz/zamana-2/31910-elbasy-zh-ne-erkin-eldi-erte-i

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 08.04.2020 / 11:41 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/25380/index.php?print=Y