Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


02.04.2014

Түркі академиясы Еуразия ұлттық университетімен әріптестік меморандумына қол қойды

Бүгін, 1 сәуір күні Түркі академиясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзара әріптестік туралы меморандум бекітті. Бұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты жиынға Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, академия ғалымдары мен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бастаған университеттің академик, профессорлар құрамы қатысты. Басқосуда сөз алған Еуразия ұлттық университетінің ректоры тікелей төрт елдің басшыларының бастамасымен құрылған Түркі академиясының маңыздылығын атап өтті. Ал Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өзі жетекшілік ететін академияның көптеген шетелдік университеттер мен ғылыми институттармен тығыз ынтымақтастық орнатып, бірігіп жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.Бүгінде Қазақстандағы түркология мамандарының шоғыры орын тепкен Еуразия ұлттық университетімен әріптестік орнату Еуразия кеңістігінде түркология ғылымының соны серпінмен дамуына негіз болады. Тараптар меморандум аясында ғылыми жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу, түркология мәселелері бойынша бірлескен конференциялар, семинарлар және симпозиумдар өткізу, түркітану саласы бойынша мамандар даярлауда екі тараптың профессор-оқытушылар құрамы арасындағы ғылыми-әдістемелік байланысты орнықтыру, түркітану бойынша магистратура және докторантура жүйесінде мамандар даярлауда университеттің аудиториялық қорын бірлесе пайдалану, түркітану мамандығы бойынша студенттер мен магистранттарды, докторанттарды өндірістік және оқу тәжірибесі мен ғылыми тағлымдамадан өткізуге мүмкіндік жасауға келісті. «18 мамыр күні көне түрік жазуы күніне арнап халықаралық форум өткізгелі отырмыз. Оған әлемнің танымал түркологтары келеді. Сонымен қатар, төрт ел арасындағы арнайы халықаралық келісімге сай академия аясынан магистратура мен докторонтура бөлімдері ашылады. Бұның сыртында біздің жобаларымызға шетелдің 170-тен астам белгілі ғалымы қатысып жатыр. Сол академиктердің әлеуетін Еуразия ұлттық университетінің студенттері толық пайдалана алады», — деді Дархан Қуандықұлы.

Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов 18 мамыр түркі жазуы мерекесі күнін атап өту бастамасы Еуразия ұлттық университетінде көтеріліп, қолдау тапқанын жеткізді. «Түркі академиясымен бірігіп атаулы күнді абыроймен атап өтіп, алдағы уақытта ЮНЕСКО-ның мерекелер күнтізбесіне қосу жағына қолға алуды ұсынамын»,- деді Ерлан Батташұлы. Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі болса «Түркі жазуы күнін атап өту туралы Қазақсатанның игі шешімін Түркі кеңесі қуана құптап, түгел түркіге ортақ мереке ету жайын бірауыздан қолдағанын» атап өтті.

Жалпы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылған күннен бері түркология саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Күлтегін ескерткіші көшірмесінің де ең алғаш дәл осы университеттен орын алғанын айта кетуіміз керек.


Источник:  http://egemen.kz/04/01/23924/

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 10.04.2020 / 12:50 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/27309/index.php?print=Y