Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


21.04.2014

Жолдау - ғылымның дамуына серпін бермек

Еліміз ғылымға негізделген экономиканы дамытпақ. Елбасы Жолдауында бұл мәселеге ерекше маңыз берді. Яғни, ғалымдардың тың жобаларын бұдан былай өндіріске көптеп шығару мақсат етілген. Осылайша, Қазақстан индустриалды-инновациялық тұрғыда дамыған мемлекетке айналмақ. Бұл орайда студенттерді ғылымға баулитын еліміздің жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын ерекше айтып өткен жөн.

Адамзат игілігі үшін жасалған кез-келген зат ізденіс нәтижесінде пайда болады. Яғни, ізденген адам ғана қоғам үшін пайдалы бұйым жасап шығара алады. Бүгінде озық технологияларды шығаратын қай мемлекетті алсақ та, олардың экономикасы биік, халқының тұрмыстық деңгейі де сәйкесінше жоғары. Дамыған 30 мемлекеттік қатарына қосылу үшін Қазақстан да бұл салаға баса мән беріп отыр. Елімізде оған тиісті барлық жағдайлардың бар екені де баршаға аян. Оның үстіне Президент биылғы Жолдауында ғылымға деген қолдауды күшейтті. «Стратегиялық құжатта ғылымға қатысты көтерілген мәселелерді біз қуана қабылдадық»,-дейді тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов.

Тілеген Садықов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы:
- Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының түп қазығы, тірегі - ғылым деген мәселені айтты. Яғни, өндіріс пен ғылымның арасы бөлектенбеуі керек, бірігу керек. Ғылымның ашқан жаңалығын өндіріс пайдалануы керек. Сонда Қазақстан өзінің дербес, шынайы әлемдік бәсекеге сәйкес мемлекет ретінде көрсететінін тағы бір айқындап, Президент көрсетіп кетті. Біз мына ғылым саласындағы мамандар, ғалымдар осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.

Ғылымды дамыту үшін білімді де сапалы беру қажет. Алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың айтуынша, бүгінде жоғары білім алып жүрген шәкірттердің көбі ғылыми ізденіске машықтанып, тың идеяларын білдіріп, ғылыми жобаларын таныстырып келеді. Яғни, осы күні жастардың ғылымға деген ерекше ықылас байқалады.

Қайрат Сақ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы:
- Ғылым даму үшін білім даму керек. Себебі, білім арқылы ғылымға барады. Қазір еліміздің білім жүйесін Еуропаның білім жүйесімен, әлемнің білім жүйесімен жүйелі дамыту мәселесін қойды. Осы жерде Елбасы ұлттық университеттерді автономияландыру мәселесін қойды. Ол бәсекеге қабілеттікті арттыруға және университеттердің әлемдік қауымдастықта өз орнын табуға мүмкіндік берітінін айшықтап берді.

Бүгінде еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген шетелдік мамандар Қазақстандағы игі өзгерістерге тәнті. Назарбаев университеті Жоғары бизнес мектебінің деканы Рамон О`Каллахан, - Қазақстан Президентінің Жолдауын зейін қойып тыңдадым, - дейді. Оның пікірінше, білім мен ғылым саласын дамытуға және инновациялық жобаларды жетілдіруге қатысты бағыттар өте маңызды.

Рамон О`Каллахан, Назарбаев университеті Жоғары бизнес мектебінің деканы:
- Қазақстанға келген сәттен бастап бұл мемлекеттің алдыңғы қатарлы 30 елдің ішінен көріну талпынысына риза болдым. Оған жетудің жолы «Қазақстан-2050» стратегияда нақты көрсетілген екен. Президент жоспарды тиімді орындау үшін Жолдау арқылы нақты тапсырмалар берді. Мұндай стратегия бар кезде батыл қадаммен ілгері басуға болады.

Елбасы Жолдауында ғылымға бөлінетін қаражатты көбейтуді тапсырды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің 3 пайызынан кем болмауы тиіс деді Президент. Ғылымдағы жаңалықтар өндірісте жүзеге асатын болса, экономиканың жаңа салалары ашылады. Ол өз кезегінде елдің әлеуетін арттырады. Тиісінше, халықтың тұрмыстық деңгейі өседі. Ал, мұның бәрі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін күшейтетіні сөзсіз.


Источник:  http://www.khabar.kz/kz/view/news_socium/page_55668_zholdau-hylymnyn-damuyna-serpin-bermek#page

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 07.04.2020 / 05:25 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/28112/index.php?print=Y