Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


03.06.2014

Шәкіртке шуақ сыйлаған

«Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, біздің қоғамда тынымсыз еңбегімен, үлгілі тәрбиесімен өз ортасына сыйлы болып, елімізге адал қызмет жасап жүрген замандастарымыз аз емес. Сондай жанның бірі – жас ұрпақтың санасына білім нәрін берген, жанына шуақ сыйлап жүрген ұстаз Гүлжауһар Болатова.

Ол Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Жасынан асыл әжесінің тәрбиесін алып, қазақ тілінің қайнар бұлағынан сусындап өскен. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен тәмамдаған.

Ұстаздық жолды қалай таңдағаны туралы Гүлжауһардың өзі: «Ол кезде ұстазға деген көзқарас өте жақсы болды, ұстаз – мәртебелі мамандық. Отбасымыздың да ұстазға деген құрметі ерекше еді. Бала кезімізде ата-анамыз өзімізге сабақ беретін ұстаздарымызды ылғи үлгі етіп отыратын. Ойын ойна­ғанда да ұстаз болып ойнауға үйір едік. Оның бер жағында кеңестік кезеңде ұстаздық етуде біліктілігін танытып, биік белестерге көтерілген бірталай азаматтарды көріп өскендіктен, ұстаз болып, бала оқыту менің арманыма айналды», дейді.

Еңбек жолын 1983 жылы мектепте мұғалім болудан бастаған. 1989 жылы аспирантураға қабылданғанға дейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау пединститутының оқытушысы болып қызмет істеді. 1992 жылы желтоқсан айында аспирантураны бітіргеннен кейін Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында қазақ тілі кафедрасының аға оқытушы, соңынан доцент болған. 1997 жылдан бері Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болашақ журналистерге дәріс береді. 2011 жылдың 20 маусымынан Журналистика және саясаттану факультеті деканының студенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Ж.Болатова – бір­­неше ғылыми, оқу-әдістемелік еңбек­­тердің авторы. Соның ішінде «Салт-жырларындағы тәрбиелік үрдіс­тер» (Сипаттама және әдеби үлгі­лер), «Барлық мамандықтағы студенттерге арналған қазақ тілінен бақылау жұмысы», «Отандық журналистика тарихы» курсы бойынша оқу бағдарламасы, «Дін және оның баспасөздегі көрінісі» арнаулы курсы бойынша оқу бағдарламасы, «Соғыс жылдарындағы мерзімді баспасөздегі «Отанды қорғауда» газе­тінің орны», «Айқап» журналында әдеби материалдардың берілуі», «Қа­зақ жауынгерлерін отансүйгіштік рухында тәрбиелеуде майдандық басы­лымдардың рөлі» сияқты негізгі ғы­лыми еңбектерін атап өткеніміз жөн.

Ұстазға «Қазір талап жоғары, бәсе­келестік күшті. Осы орайда, ХХІ ғасырдың журналистерін қалып­тастырудың жолдары қандай?» деген сауал қойғанымызда, ол журналистика мамандығына кездейсоқ адамдар оқуға түсе алмайтынын, бойында табиғи дарыны болмаса, неше жерден оқытса да, ол адамнан журналист шықпайтынын жеткізді.

Ұстаздың айтуынша, білікті басшы Ерлан Сыдықов басқарып отырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде болашақ мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалған. Оларды жоғары білікті мамандар білім нәрімен сусындатуда. Бүгінде студенттерге мамандықтың қыр-сырын үйрету үшін БАҚ-тың басшылары, кәсіби мамандары тартылған.

«Бұл орайда, әлем журналистикасы тек жаһандық жаңалықтарды халыққа жеткізуден ғана тұрмайтыны анық. Экономикалық даму жағынан әлдеқайда озып кеткен әлем елдерінің қатарына қосылу – Елбасымыз Н.Назарбаевтың алға қойған мақсаты өткен жылғы және биылғы дәстүрлі жолдауларында барынша айқын көрініс тапты. Әрине, журналистиканың да көтеретін жүгі ауқымды екені түсінікті. Факультет деканы Қайрат Сақтың бастамасымен халықаралық деңгейде белгілі ғалым­дар шақырып, семинар, тренингтер өткізіп жатырмыз», дейді Гүлжауһар Жам­былқызы.

Ұстаз өзі тәрбиелеген шәкірттерінің бойында ең асыл қасиеттердің бол­ғанын қалайды. Олар жоғары оқу орнын бітіргенде дайын маман болып шығулары керек. Осы жолда шәкірттер уақыттарын босқа жоғалтпай, берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзін жан-жақты дамыған түлек ретінде танытуға күш салулары керек. «Оған біздің білім ордамызда барлық жағдай жасалған. Қай қоғам болмасын, өз ісінің шебері ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүрін, тілін құрметтейтін, досқа адал, ізетті, ибалы, адамгершілігі мол, үлкендерді сыйлайтын, мәдениетті, рухани жағынан толысқан адамдарды қажет ететіні сөзсіз. Мен де барлық шәкірттерімнің бойына осы қасиеттер дарыса деп тілеймін», дейді Г. Болатова.

Айбатыр СЕЙТАҚ,

журналист.

АСТАНА.


Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 07.04.2020 / 07:09 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/29165/index.php?print=Y