Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


26.06.2014

Қарапайымдылық – басты қағида

Жуықта әлеуметтанушы Есет Есенғараев Қарағандыдан Астана қаласына арнайы, кәсіпкер адамдармен кездесті. Дөңгелек үстелге «Нұр» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайырлы Тәукен, Астана қаласы «Нұр Отан» партиясының Алматы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Төлешов, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин және Гүлнар Айбасова, Жанна Бердімбаева, Төлеубай Данабеков сынды белді компаниялардың өкілдері қатысты.

Басқосу барысында Сергей Агафоновтың «Тень Сурка» кітабы аясында психологиялық тренинг өткізіліп, мыңдаған адамдардың сүйіспеншілігіне бөленген кітап жан-жақты талқы таразысына салынды. Жапон халқының философиялық өмірі, рухани құндылықтары, саяси және экономикалық жағдайы жөнінде әңгіме өрбіді. Әрі осы тақырып төңірегінде кәсіпкерлер де ой-пікірлерімен бөлісті.

- Ең бастысы, адам белгілі бір іспен шұғылданбас бұрын оның сол іске қабілеті болуы керек. Әрі шығармашыл тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастыруы қажет. Теориялық тұрғыда алған білім аздық етеді. Оны тәжірибемен ұштастыру қажет. Және әрдайым солай болуы тиіс. Сонда ғана адамның тәжірибесі толысады, шеберлігі шыңдалады, түсінік пайымы мен ой өрісі дамиды. Өмірге деген көзқарасы жақсы қырынан өзгеріп, жақсы өмір сүруге деген құлшыныс пайда болады, - деді әлеуметтанушы Есет Есенғараев.

Әлем XXI ғасырда өмір сүріп жатса, Жапония XXII ғасырға аттап кетсе керек. Олай болуының да белгілі себептері бар. Негізгі факторларын атап өтетін болсақ, жапон елі адамды кішкентай кезінен мейірімді болуға, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға баулиды. Жапондар адамның мінез-құлқына, психологиясына көп көңіл бөледі. Сондай-ақ, кез-келген істі қарапайымнан бастайды. Былайша айтқанда, Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтқан сөзіне айналып келіп тіреледі. «Осындай қасиеттер біздің елдің азаматтарының бойынан да табылса, нұр үстіне нұр болар еді» деген игі ниет, түйінді ой білдірілді.

Сабина КӘКІМЖАН,

ЕҰУ-нің студенті.


Источник:  http://adiletgazeti.kz/index.php/o-am/322-arapajymdyly-basty-a-ida

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 08.04.2020 / 10:47 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/29866/index.php?print=Y