Дайджесттер

Тамыз айына арналған дайджест

Шілде айына арналған дайджест


17.03.2015

550 жылдың тарихын білген жастар бейбіт заманның қадірін түсінеді – жас тарихшы

Қазақтың кешегі көшпелі әрі отырықшы өмірін оқып-білген жастар еркіндіктің, тап-таза мәдениеттің қайда жатқанын түсініп, азаттықтың қадірін сезінеді, дейді BNews.kz тілшісімен сұхбаттасқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Тарих факультетінің магистранты Мадияр Әбдуразақов.

-Мадияр, жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығын тек тоймен ғана емес, жастарға ой сала отырып, атап өту керек қой, қалай ойлайсыз?

-Ия, Қазақ хандығы құрылған кезден бастап Қазақстанның бүгінгі тарихына дейінгі оқиғалар халықтың, әсіресе, жастардың санасында жаңғырып тұру керек.Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген бала жаңа ғасырдың басында мектепке барып, тарихты оқи бастады. Олар үшін, әрине, ең алдымен тәуелсіздік тарихы көп оқытылды. Осы уақыт ішінде жазылған әдеби шығармаларда да, қоғамдық-мәдени шараларда да басты назар тәуелсіздікке түскен еді. Әйтсе де, осы тәуелсіздіктің арқасында біз қазақ деген ұлттың тарихын тұтастай зерттеуге мүмкіндік алдық. Дәл қазіргі уақытта қазақ жастары Қазақ хандығының құрылу тарихын сол замандағы ірі оқиғалармен байланыстыра оқып, біліп жүр. Жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығы дегенде жастар кешегі Жоңғар шапқыншылығынан бастап, Керей мен Жәнібек ханның ерлігін, Абылай ханның арманы мен халқын Ресей Империясының бұғауынан құтқарамын деген Кенесары ханның тағдырын, тіпті, Алаш Орда қозғалысы мен 1986 жылдың оқиғасын ұмытпауы керек.

-Бұл айтулы жылға деген жастардың көзқарасы қалай?

-Қазақ хандығының 550 жылдығы – жастар үшін маңызды оқиға. Арғысын айтпағанда, осы 550 жылда болған оқиғаларды зерделей отырып, жастар мына тыныш заманның қадірін түсінер деп ойлаймын. Ата-бабамыздың кешегі көшпелі әрі отырықшы өмірін оқып-білген жастар еркіндіктің, тап-таза мәдениеттің қайда жатқанын біле алады. Болашақ – біздің қолымызда. Сондықтан, Қазақ хандығының 550 жылдығын жастар ел дамуындағы маңызды тарихи оқиға деп қабылдауы керек. Оның үстіне, қазір жастардың шетелге шығып, басқа мәдениет иелерімен араласуына бар мүмкіндік жасалған. Қазақ хандығының, қазақ мемлекетінің тарихы кеше емес, бес жарым ғасыр бұрын басталғанын өзге елдерге дәлелдейтін де міне, жастар.

Шетелдік азаматтар жастарымыздың біліміне, сана-сезімі мен отансүйгіштігіне қарап, бүкіл ел туралы ой түйері анық. Бұл ретте айта кетерлік жайт, оқушылар мен студенттерге тарихты оқыту үшін батырлардың биографиясы, театр, музей сияқты дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар, мағыналы фильм, онлайн-ойындар, жаңа технологияларды пайдалану керек.

-Осы мерейтойды атап өту аясында қандай тәрбие жұмыстарын қолға алу ойда бар?

-Биыл осы тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференциялар, әртүрлі спорттық шаралар өткіземіз. Бұл, әрине, күнделікті жұмыстар. Бұдан өзге, студент жастарды Қазақ хандығы туралы көрмелерге апарып, Бурабай курорттық зонасына экскурция жасаймыз. Сонымен қатар, жастар арасында тарихи кітаптар оқу бойынша жарыс өткізгіміз келеді.


Источник:  http://bnews.kz/kk/news/post/252661/

Возврат к списку



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 07.04.2020 / 06:40 ): www.enu.kz/baspasoz-kyzmety/daidjest/35081/index.php?print=Y