«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы – Ежелгі Александрия кітапханасынан кейінгі екінші кітапхана атанған көне Отырар кітапханасының құрылымдық идеясын жаңғырта отырып, сирек кітаптар мен қолжазба қорын қайтадан қалыпқа келтіру, Отан тарихына қатысты құнды жазба мұраларды бір орталыққа шоғырландыру және оны кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 6 шілде күнгі №924 қаулысымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің кітапханасы негізінде құрылды.

Ғылыми орталықтың мақсаты: Қазақстан Республикасының тарихы мен рухани мәдениетiне, жазба мұраларына қатысты көне қолжазбалар мен қолжазба кiтаптарды, сирек кiтаптар мен басылымдарды, заттай жәдiгерлердi бiр орталыққа шоғырландыру, ұлттық рухани құндылықтарды жинақтау, қалпына келтiру және оны барлық талапқа сай сақтауды қамтамасыз ету, дербес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу – болып табылады.

Орталықтың қызмет аясы – ғылыми ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми-мәдени қызмет көрсету, ғылыми-мәдени ағарту салаларын үйлестiре жүргiзуге бағытталған.

Орталықтың мiндеттерi: – сирек қолжазбаларды, сирек қолжазба кiтаптарды, сирек кiтаптарды, түркi және қазақ жазу үлгiлерiн, бағалы ғылыми басылымдарды, коллекциялық кiтапханаларды, археографиялық, эпиграфиялық заттай құндылықтарды іздестіру және жинау, археографикалық ғылыми экспедиция ұйымдастыру; мемориалдық қорлар ашу, мұраларды қордың есебiне алу, жүйелеу, реттеу, сыйпаттама беру, сақтау шараларын белгiлеу, реставрациялау, дұрыс сақталуын қамтамасыз ету, библиографиялық көрсеткiштер мен анықтамаларға кiргiзу;

– сирек кiтаптар мен қолжазбаларға ғылыми текстологиялық салыстырулар жасау, ғылыми сыйпаттамалар жазу, деректану, кiтаптану, эпиграфика саласы бойынша зерттеулер жүргiзу; жазба мұраларды ғылыми басылымға дайындау, аудару, ғылыми түсiнiктерiн жазу, баспаға әзiрлеу, халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми конференцияларда баяндама мен мәлiметтер жасау;

– тақырыптық көрмелер, ғылыми семинарлар, кеңестер, конференциялар ұйымдастыру, профессорлар мен оқытушылардың, аспиранттар мен iзденушiлердiң, студенттер мен жалпы оқырмандардың ғылыммен айналысуына жан-жақты мүмкiндiк жасау.

Орталықтың негізгі құрылымы:

– Ғылыми зерттеу бөлімі

– Сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинақтау және жүйелеу бөлімі

– Кітаптану бөлімі.

Орталық – ЕҰУ Кітапхана ғимаратында орналасқан ( № 102,110, 201, 202, 203, 203 «А», 303). 3 оқу залы бар (№ 201, 203 «А», 303). Орталық қажетті ұйымдастыру құрал-жабдықтарымен (компьютер, принтер, аудио-видео құралдары, теледидар, факс, де-реактиватор, сканер т.б.) қамтамасыз етілген.

Орталықта 13 ғылыми қызметкер жұмыс істейді (2011 жылдың наурызынан ). Олар: директор – 1; директордың ғылым жөніндегі орынбасары – 1, жетекші ғылыми қызметкер – 3; аға ғылыми қызметкер – 4; ғылыми қызметкер – 4.

Соның ішінде: ғылым докторы, – 3, ғылым кандидаты – 1, араб, қытай, парсы, шағатай тілдерінің маманы – 3, кітапханашы-библиограф – 2, ізденушілер – 2, магистрант – 2.

Ғылыми атақ иелері: Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдар академиясының академигі – 1; «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясы» қоғамдық бірлестігінің «Алтын белгілі» академигі -1: профессор – 2, доцент – 1.

Орталықтың қорындағы қолжазбалар мен кітаптар библиографиялық өңдеуден өтіп, дәстүрлі және электронды каталогтарға түсірілу үстінде. Оқытушы-профессорлар мен ғылыми қызметкерлерге, докторанттар мен магистранттарға және студенттерге ақпараттық көмек көрсетеді.

Орталықтағы қордың жалпы саны – 46 542 дана, соның ішінде: сирек кітаптар – 5033 дана, қолжазбалар – 1657 дана. Сондай-ақ, 6 мыңнан астам көне түркі, соғды, көне қыпшақ, көне ұйғыр, шағатай, көне қытай (гу хан), қытай, көне монғол, қазіргі монғол, қадыми араб, қазіргі араб, парсы, қадыми қазақ және қазақ (араб, латын, крилл қарпіндегі), түрік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, хахас, ұйғыр, неміс, француз, ағылшын, орыс, украин т.б. тілдеріндегі сирек қолжазбалар мен кітаптар бар.

Құнды және бағалы басылымдардың қатарына: Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сыйға тартқан Л.Н.Гумилевтің көп томдығын, Рим папасы Иоанн Павел ІІ сыйлаған 20 томдық «Жаңа католик энциклопедиясын», Швецияның Мәдениет министрі Маргарет Вестагер сыйлаған В. Томсонның 5 томдығының түп нұсқасын (1920-1922 ж.ж.), М.Жолдасбеков тапсырған Әл-Фарабидің 11 ғылыми трактаттарының қолжазбасының көшірмелерін (Х-ХІ ғ.); О.Сүлейменов табыстаған Қытайдың Сун патшалығы кезіндегі даңқты философтар Шың-Гу мен Жоу Цзяннің «Жоу дәуіріндегі даналардың шешендік сөздерінің түсіндірмесі» (Юань дәуірі, 1206-1368 жылдары) атты қолжазба кітаптың түпнұсқасын, И.Тасмағамбетов сыйға берген В.Радловтың Санкт-Петербургте шыққан «Орхон экспедициясының еңбектері» мен «Моңғолия ескерткіштерінің атласы» (тұпнұсқа 1896-1899 жж.) мен Г.Гейкельдің «Орхон Енисей ескерткіштері» атласының ғылыми көшірмесін, А.Сейдімбек ұсынған А.И.Левшиннің «Қазақ-қырғыз тарихы жазбаларының» поляк тіліндегі қолжазбасын (1828 ж.); Т.Жұртбай тапсырған Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Өлеңдер жинағы» мен Р.Марсеков пен З.Ш.Құдайбердіұлының Абай мен Шәкәрім өлеңдерінің қолжазба көшірмесін, Брокгауз бен Эфронның 82 томдық «Энциклопедиялық сөздігін» (1890-1902 жж.), А.Төлепбергенов тапсырған «Каспий теңізі жағалауын мекендеген мемлекеттер туралы 1742-1750 жылдардағы ғылыми мәліметтер» (Лондон,1890), «Сақтар», «Кушан», «Тохарстан» атты ғылыми еңбектің (1888) көшірмелері (картасы бар), Қ.Жүсіп тапсырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбаларының көшірмесін, Т.Кәкішев өткізген А.Шәкәрімұлының қолжазбаларын, Хафиз шығармаларының парсы тіліндегі нұсқасын (Ташкент, 1901 ж.), Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметін» (1912 ж.), Кауфман құрастырған «Туркестанский сборниктің» CD-ROM-ын, Ә.Марғұланның, С.Бегалиннің, М.Қаратаевтің, Қ. Мұхамедхановтың қолжазбаларын, А.Жақып өткізген Мұқаш зәңгінің қолжазбасын, Сүлеймен бидің жоқтауын, Әсет Найманбайұлының қисса-дастандарының қолжазбасын, А.Иген Қытайдан (Шәуешек) жолдаған Т.Кәрібайұлының тарихи дастандарының көшірмесін, А.Самаев өткізген 1886-1911 жылдар аралығында басылым көрген сирек кітаптарды, С. Кенжеахметұлы Торғай өңірінде 70 жылдай жер астына көмілген қолжазбалар мен кітаптарды, Отырар, Баба-Ата, Сауран, қалаларының орындарынан табылған және кеңес дәуіріндегі тәркілеу мен саяси-идеологилық қысым кезінде күмбездер мен үңгірлерге, зираттарға, мешіттерге жасырылған кітаптарды қосуға болады. Сонымен қатар, Орталықта ХІХ-ХХ ғасырдағы араб қарпінде жазылған қолжазба кітаптар, Астана мешіті табыс еткен көне «Құрандар», шариғат заңдары мен үкімдері туралы кітаптар, түркі тілін зерттеу саласында тарихи маңызы зор еңбектер бар.

ХҮІІІғ. Еуропалық басылымдардың арасынан Вольтердің «Фанатизм немесе Магомет» (Амстердам, француз тілінде,1743 ж.) Сервантестің «Дон Кихот тарихы» (1757 ж.), Жан-Жак Руссоның «Пьесалары мен хаттар жинағы» (Женева,1782 ж.), В.Г.Белинскийдің «Жинағы» (Москва,1872 ж.), Ф.М.Достоевскийдің тоғыз томдығы (Санк-Петербург, 1895 ж.) «Қырғыз жеріндегі жерді пайдалану» (Воронеж, 1902 ж.), «Ақмола облысында өткен халық санағының материалдары» (Санк-Петербург, 1902 ж.), сияқты т.б. бағалы басылымдар бар.

Орталықта белгілі жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлерінің қолтаңбасымен сыйға берілген 750-ге тарта кітап бар және қазақ диаспорасының мемориалдық кітапханалары мен қолжазбалар қоры сақталған.

Орталықтың қорында аудио-видео документтер, фото-бейне документтер, ноталар, мерзімді басылымдар, Қазақстан ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің кітапханалары мен жеке мемориалдық бұйымдар жинақталған.

ФРГ-нің бұрынғы сыртқы істер мнинистрі Н.Д.Геншердің және Қазақстан композиторлар одағының арнайы қоры бар.

Орталықта 11 мемориалдық қор ұйымдастырылған.

Олар:

· Академик Ә.Марғұланның мұрағат кітапханасы (202 бөлме);

· Академик М.Қаратаевтің кітапханасы (203 бөлме);

· Жазушы С.Бегалиннің мемориалдық мұражай-кітапханасы (202 бөлме);

· Академик К.Ақышевтің мұражай-кабинеті (102 бөлме);

· Академиктер С.Қирабаев пен Ә.Бейсенованың мұражай-кітапханасы (303 бөлме);

· Академик Р.Сыздықованың кітапханасы (203 бөлме);

· Профессор Т.Кәкішевтің кітапхана қоры (203 бөлме);

· Профессор О.Нұрмағамбетованың кітапхана қоры (203 бөлме);

· А.Сейдімбектің мұражай-кітапханасы (204 бөлме);

· Профессор Т.Жұртбайдың қоры (202 бөлме);

· ГФР Сыртқы істер министрі Н.Д. Геншердің кітапханасы (201 бөлме);

· Қазақстан Композиторлар одағының қоры (203 бөлме). 



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 30.05.2020 / 15:06 ): www.enu.kz/gylym/gylymi-zertteu-instituti/сentr-otyrar-kitapkhanasy/index.php?print=Y