«Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің қауымдастығы

altyn.jpeg.jpg

2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бірінші проректоры Ж.Н. Нұрманбетованың бастамасымен елімізде теңдесі жоқ «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Қауымдастықтың негізгі мақсаты «Алтын белгі» иегерлерінің шығармашылық, интеллектуалдық әлеуетін біріктіру және барлық студент-жастардың шығармашылық белсенділігін арттырып, жаңа заман ғылымының өзекті мәселелерін шешуге жұмылдыру.

Қауымдастықтың негізгі қызметі - жас ғалымдардың кәсіби өсуіне ықпал ету.

Жетістіктер мен нәтижелер

Екі жыл ішінде Қауымдастық көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде ерекше атап өтетіні: «Алтын белгі» иегерлері білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұловпен және университет ректоры Е.Б. Сыдықовпен кездесті; қаланың ең үздік жастарын анықтау мақсатында «Интеллектуал» атты зияткерлік ойын өткізді;

«Алтын белгі» иегерлеріне шәкіртақыға қосымша 7000 теңге беріле бастады; тек қана «Алтын белгі» иегерлеріне арналған студенттер үйі салынды; "Алтын белгі" иегерлері түрлі республикалық, халықаралық олимпиадалар мен жобаларда университеттің намысын қорғай бастады; шетелде тәжірибеден, тағылымдамадан өтті, түрлі бағдарламалар бойынша шетелде білім алды.

Біздің студенттер, оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері ЕҚЫҰ Саммиті, Астана экономикалық форумы, «Нұр Отан» партиясының съездері сынды республикалық және халықаралық іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.

Болашаққа жоспар

Бүгінде Астана қаласындағы 15 орта білім беру мекемесінде қауымдастықтың клубтары жұмыс істейді. Таяу болашақта ұйым республикамыздың төрт облысында құрылымдық бөлімшелермен қатар 30 клуб ашуды жоспарлап отыр. Жас қауымдастық алдағы уақытта республика бойынша орта және жоғарғы оқу орындарында да бөлімше ашқысы келеді. Құрылымдық бөлімшелермен, клубтармен, Білім және ғылым министрлігімен, мүдделі мекемелермен сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, инновацияның маңызды мәселерін талқылау мақсатында конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізуді көздейді.

"Алтын белгі" иегерлерін мектеп оқушылары үлгі тұтатындықтан қауымдастық мүшелері жоғары білімді және ұлтжанды жас қалыптастыру үшін тұрақты түрде мектептерде дәріс өткізеді. Қауымдастық www.altynbelgi.kz атты ғылыми-сауықтық портал ашуды мақсат тұтып отыр. Білім беру жүйесін жетілдіру және Қазақстанның осы бағыттағы саясатын жүзеге асыру үшін жоғарғы оқу орындарына түсушілерге арнап заман талабына сай бірнеше пәндердің жиынтығынан құралған электронды оқулық жасау жоспарланған. Шет мемлекеттердегі үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, кең көлемді халықаралық конференция ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес ғылыми материалдар, мерзімді баспасөз шығару және оны тарату, талантты жастарды анықтау үшін олимпиадалар мен турнирлер ұйымдастыру қарастырылған.



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 03.06.2020 / 03:46 ): www.enu.kz/studenttik-omir/altyn-belgi/index.php?print=Y