«Нұр Отан» ХДП «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарған іс-шаралары

«Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшелері алғыс хатпен марапатталды


«Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшелері жастардың бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыра отырып, рухани өркендеуіне қосқан еңбектері үшін алғыс хатпен марапатталды. Алғыс хатты «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы төрайымының бірінші орынбасары Оралов Асхат Раздықұлы мен «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Болысбек Мұхамеджан Әбдіәшімұлы табыстады. Дара елбасының сара саясатын ұстанған белсенді мүшелерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, толағайлы табыс пен жемісті жеңіс тіледі. Келер жылы да жасотандықтар жаңа күш пен жаңа идеялармен қоғамға өз үлестерін қосады деген сенімдеміз!

"Ар намысым, қасіретім, мақтанышым – Желтоқсан!"

Желтоқсанның 13-ші жұлдызы күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Экономика және Архитектура-құрылыс факультеттерінде, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді жастары 16-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Ар намысым, қасіретім, мақтанышым - Желтоқсан» тақырыбында 1986 жылы көтеріліске қатысқан тұлғалармен кездесу ұйымдастырды. Кездесудің басты қонақтары «Нағыз Желтоқсан» Қоғамдық қорының президенті Рахметов Құрманғазы Әбіденұлы, «Нағыз Желтоқсан» Қоғамдық қорының мүшелері, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Қайранбеков Бауыржан, жазушы Болат Төлепбергенов, Айтжанова Айша және Ержан Ұзақ болды.

Кездесу барысында белсенді жастар қонақтарға арнап концерттік бағдарлама қойды. Тәуелсіздік күніне байланысты қойылған кітаптар көрмесі көрсетілді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, іс-шараның басы қазақтың киелі домбырасымен ашылды. Келген қонақтарға түрлі сұрақтар қойылып, Желтоқсан оқиғасы жайында біраз мәліметтерді тілге тиек етті. Алғашқы сұрақ Қайрат Рысқұлбеков ағамыз жайында болды, ол сұраққа Қайрат ағамызбен бір бөлмеде тұрған жолдасы Бауыржан Оқташұлы жауап берді. Қайрат ағамыздың студент кезінде өте белсенді, алғыр, достарының ортасында асабалық қабілетімен ерекшеленгенін, сондай-ақ мейірімді адал жан болғанын айтып өтті. Ақтаудан келген Айтжанова Айша апамыз ағымдағы жылдың қыркүйек айында Желтоқсан оқиғасынан толық ақталып шыққанын, көрген қиыншылықтары мен ауыр азаптары, елінің егемендігі жолында ауырлықтың бәріне төзе білгендігін баяндады. Айша апаның алған жарақаттары жан түршігерлік болса да, апамыз еңсесін түсірмек емес. Бүгінгі бақытты, бейбіт өмір сүріп жатқанымыз, сол сұм жылдардағы жастардың қанымен келген Тәуелсіздіктің арқасы. Әлемнің жарты бөлігін өзіне қаратқан алып Кеңес Одағының сағын сындыру қазақ жастарының қолынан ғана келді. Қонақтардың сөзіне сүйенсек, «1986 жылы Алматыда көтеріліс болып жатыр» деген хабар Кеңес Өкіметінің басшылығының жиналысына жеткен кезде Кавказ елінің өкілдері атып тұрып «Казахи, молодцы!» деп айтқан көрінеді. Қазақ жастарының көтерілісінен кейін Кеңес Одағының құрамынан Балтық елдері ары қарай басқа да елдер шығып, өз тәуелсіздігін жариялаған.

Тәуелсіздік - орыс отаршылдарынан босаған, ата-бабаларымыз сан-ғасырлар бойы аңсаған, бүгінгі ұрпақ оны іске асырып жатқан ең қымбат, аса бір құндылық. Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алма ғайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рух алдында басымызды иіп, тағзым етеміз.

Бұл кездесу сол жерде отырған барлық студент жастар үшін үлкен сабақ болды. «Отан алдында үлкен жауапкершілік – елін сүю, Отанға шексіз адал қызмет ету, сапалы білім алып, таптырмас маман иесі болу - қазіргі студент жастарға қойылатын басты талап» деп қонақтарымыз қадап айтты. Кездесу соңында қонақтарымызға арнайы «Нұр» филиалы « Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшелері атынан тілектер жазылған кітапша мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры жазған «Шәкәрім» кітабы тарту етілді. Батырлар баталарын беріп, білім жолында тек толағай табыстар тіледі.

«Нұр» филиалының кезекті ашық партиялық жиналысы өтті

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалының кезекті ашық партиялық жиналысы өтті. Партиялық жиналыс отырысына «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалының төрайымы Нұрманбетова Жәмилә Нүсіпжанқызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Рахымжанов Әмірхан Мұратбекұлы, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахметов Сапар Қайратұлы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің мүшесі Сыдықов Ерлан Бәтташұлы, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшелері мен университет ұжымы қатысты. Жиналыс шымылдығын «Нұр» филиалының төрайымы Нұрманбетова Жәмилә Нүсіпжанқызы университет ұжымы мен белсенді жастар қауымын, елдің ең ұлық мерекесі тәуелсіздік күнімен құттықтаумен ашты. Күн тәртібіне сәйкес жиын елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жолдауын талқылаумен басталды. Елбасы жолдауын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Рахымжанов Әмірхан Мұратбекұлы нақты тақырыптарды басшылыққа ала отырып, талқылап берді. Әмірхан Мұратбекұлы тәуелсіз Қазақстанның нұрлы болашағына бастау болатын жолдаудың мән-маңызын ұғындыра келе, жастарды ел сенімін ақтауға шақырды. Нұрлы болашаққа барар дара жолдың талдауынан кейін сөз алған Жәмилә Нүсіпжанқызы Еуразия ұлттық университетінің сапалы білім беру жүйесімен, білікті кадр дайындаудағы әлеуетімен, Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болатын білімді, тәжірибелі маман дайындаудағы рөлін жіпке тізгендей етіп баяндады. «Елбасының жолдауын атқару үшін университет ұжымы белсене қызмет ететін болады» - деп сөз тізгінін аяқтады.

Жиналыстың орта тұсында «Нұр Отан» партиясының жаңа мүшелеріне салтанатты түрде партиялық билеттер табысталды. «Нұр Отан» партиясының жаңа мүшелеріне билеттерді университет ректоры Ерлан Бәтташұлы тапсырды. Партиялық билет иегерлерін құттықтай келе, «партия мүшесі болу үлкен мәртебе, соның ішінде билік партиясына мүше болу – қоғамдық өмірге белсене араласудың зор мүмкіндігі» - деді. Сонымен қатар, «Нұр» филиалының белсенді мүшелері алғыс хатпен марапатталды. Белсенділерді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахметов Сапар Қайратұлы марапаттады. Сапар Қайратұлы жиынға қатысушыларды еліміздің бас мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Астана қалалық партия филиалының мақсат-міндеттерімен таныстырды. Жиынның ұйытқысы болған «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінде жарияланған елбасы жолдауын барша нұротандықтарға: “Бір адамдай еңбек етіп, тәуелсіздіктің баянды болуына қызмет етуіміз керек ”- деді. Жиналыстың қорытынды сәтінде «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының белсенді мүшелерін алғыс хатпен «Нұр» филиалы төрайымының бірінші орынбасары Оралов Асхат Раздықұлы марапаттады. «Жолдаудың басты бағыты ел бірлігі. Нұр Отанмен игі болашаққа бірге қадам жасайық» - деп Жәмилә Нүсіпжанқызы «Нұр» филиалының кезекті ашық партиялық жиналысын қорытындылады. Елбасы жолдауы – елдің даму жолындағы шамшырағы, нұрлы болашаққа бастар сара жол. Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

IELTS ағылшын тілінің халықаралық тестіне дайындық ретінде университет студенттері сынақ тест тапсырды.


6-желтоқсан сенбі күні «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының қолдауымен Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында IELTS ағылшын тілінің барлық ауқымын қамтитын халықаралық тестіне дайындық ретінде университет студенттері сынақ тест тапсырды. Тест жұмысын университет студенттерінің ағылшын тілін меңгеру деңгейін жоғарлату мақсатында құрылғын «English Speaking Society » жобасының жетекшісі Алпысбаева Диана және оның ұжымы ұйымдастырды. Сынақ тестіне I-IV курс бойынша барлық факультеттен жалпы саны 30 студент қатысты. Бұл сынақ тестті ұйымдастырудың басты мақсаты – университет студенттерін елімізде халықаралық сынақты қабылдау міндетін алған «InterPress» және «British Council» сынақтарына дайындау. Жалпы IELTS 1989 жылдан бастап бүкіл дүние жүзінде ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын сапалы әрі сенімді сынақ ретінде қолданылуда. Бүгінде, әлемнің 6 000-нан астам ЖОО, институттар, мемлекеттік мекемелер IELTS нәтижесін сенімді деп қабылдайды. Әлем бойынша емтихан қабылдайтын 9000 центр бар, әлемнің 120 елінде тапсыруға болады және IELTS ең көп тараған тест сынағы болып табылады. Біздің елімізде де ірі қалаларда әртүрлі сынақ тестілеу өткізу орындары бар. Ел азаматтарының, әсіресе жастар қауымының үш тілді еркін меңгеруі - Елбасының сарабдал саясатының бір тармағы екені белгілі. Бүгінгі ғылым мен білімнің қарыштап дамыған кезеңінде әрбір азаматтың ағылшын тілін меңгеруі қоғам сұранысына айналып барады. Cынақ тестін тапсырған студенттер жоғары білім нәтижесі арқылы қоғам сұранысын қанағаттандыруға аз да болса үлестерін қосты деп айтуға толық негіз бар. Сынақ тестін тапсыра отырып, әрбір студент ағылшын тілінің мәні мен маңызын тағы да толық ұғына түскендей. Атам қазақ «жеті елдің тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп сонау өткен ғасырда тіл білудің маңыздылығын түсініп кеткен. Олай болса барлық студенттер қауымын тіл үйренуге, сынақ тестерін тапсырып жоғарғы нәтижелерге жетуге шақырымыз.

"Нұр Отан" партиясы Астана қаласындағы "Нұр" филиалы "Жас Отан" ЖҚ белсенді жастары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор,«Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалының төрайымы Нұрманбетова Жәмилә Нүсіпжанқызымен кездесті. Сонымен қатар жиынға "Нұр Отан" партиясы Астана қаласындағы "Нұр" филиалының бірінші төрағасы Оралов Асхат Раздықұлы мен Мұхаммеджан Болысбек Әбдіәшімұлы қатысты.Кездесу барысында "Нұр" филиалында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Күш - қуат пен парасаттың бүршігі - жалынды, белсенді жастар өздерінің жобаларын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жәмилә Нүсіпжанқызы белсенді жастардың жұмысына ризашылығын білдіріп, үлкен үміт пен сенім білдіретіндігін айтты. "Жас Отан" Жастар қанатының белсенді мүшелері алдағы уақытта үлкен белестерді бағындырады деген ойдамыз.

03.12.2014. Бүгін Астана қаласының мәслихат депутаты, құрылыс, экология, транспорт,сауда-саттық мәселелері бойынша тұрақты комиссия алқасы, "Нұр Отан" партиясының беделді мүшесі - Сергей Николаевич Богатырёвпен кездесу өтті. "Нұрлы жол-болашаққа бастар жол" атты еліміздің президентінің Қазақстан халқына жолдауына байланысты әңгіме өрбітті. Кездесуге "Нұр Отан" партиясы Астана қаласындағы "Нұр" филиалының бірінші төрағасы Оралов Асхат, "Жас Отан" ЖҚ мүшелері және Сергей Николаевичтің қарамағындағы Астана қаласының жергілікті тұрғындары куә болды. Сергей Николаевич жиналыста президентіміздің жолдауын жас буынға, қала тұрғындарына аса ыждахаттылықпен түсіндіріп, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан мәселелерді талқылады. 

"Қазақстан- ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр аумақтың иесі. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті,аса ауқымды жұмысты қажет етеді"-деп елбасымыз айтқан сөздерді, ел азаматы бұлжытпай орындауда. Зейнеткерлердің сұрақтарына барынша кең пейілмен жауап беріп, жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленді.

Кеш соңында Сергей Николаевич "Халық ынтымақтастығы - біздің алар асуларымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық нұсқасы қазіргі таңда баршаға улгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен қатар, халықаралық ЭКСПО-2017 абыроймен өткізіп, елдің мәртебесін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдагы сапарымыз сәтті, болашыгымыз жарқын болсын!"-деп, жиынды елбасымыздың алтын сөздерімен аяқтады. Алға қойылған мақсатқа мұқалмай жетеміз деп сенім білдірді.

ЕҰУ-де атақты ақын, белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов дәріс оқыды

2014 жылдың 2 желтоқсан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінде қазақтың атын әлемдік аренаға шығарған ақын, белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов дәріс оқыды.

Дәріс оқуға арналған кездесуді ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов ашып, Олжас Омарұлының әдебиет пен тәуелсіз Қазақстанға сіңірген ерен еңбектері жөнінде әңгімеледі: тарих пен халық тағдырының мәнін түсінуде Олжасқа дейінгі ұлы қайраткерлердің жетістіктері аз болмағанымен қазақ әдебиетін әлемдік аренаға алып шығу Олжас Сүлейменовтің еншісіне тигенін, оны қазақ елінің халықаралық деңгейдегі ақыны деп мойындау "Адамға табын жер, енді!" атты поэмасының жарыққа шығуымен тығыз байланысты екенін баса айтты.

– Тұңғыш Президент күнінен кейін университетімізде Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған іс-шаралар бүгін Олжас Омарұлымен басталды. Олжас Сүлейменов – маңызды әрі теңдесі жоқ құбылыс, -деді Ерлан Бәтташұлы. – Оны ақынның әдеби еңбектерінің жоғары деңгейде бағалануы ғана дәлелдеп қоймайды, сонымен қатар Олжас – ақын, ойшыл, ғалым, саясаткер. Ол әдебиетке ерекше дауыспен енді. Оның шығармалары әу бастан-ақ ұлттық әдеби құбылыстарға толы болды, сонымен қатар сөз қадірін түсінер жұрттың көңілінен шықты және бүгінге дейін сол деңгейін жоғалтқан жоқ, - дей келіп, сөз тізгінін ақынға берді. Ақын әңгімесін поэзиядан емес, дәріс оқудан бастады.

«Біз үшін бүгін тарихи күн, біз үшін Олжас Сүлейменовпен кездесіп, дәрісін тыңдау үлкен бақыт»- дейді кездесуде сөз алған Еуразия ұлттық университетінің студенттері. Сөз арасында кештің жүргізушісі, журналистердің атасы, публицист-ғалым Ғаділбек Шалахметов те Олжастың сонау «Жас тұлпар» ұйымында жүрген кездері мен одан кейінгі өмір жолдарынан сыр шертіп қана қоймай, оның өлеңдері қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын айғақтайтынын, ақынның жырын оқып отырып бір ұлттың сан ғасырлық салихалы тарихын аралағандай болатыныңызды, немесе Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы сіңірген еңбегі жайлы әдемі жеткізді.

Олжас тілтанушы ретінде көбінекей көне түркі тілін зерттеді, әсіресе шумерлер және шумер тілі туралы зерттеулері батыс ғалымдарының көне тіл үнді-еуропа тілдерінен бастау алады дейтін қасаң теориясына пәрменді соққы берді.

Ақын өткізген сабақта 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я», жазу мен таңбаның тарихы туралы «1001 сөз», «Жазу тілі», «Тaрихқа дейінгі түркілер», тіпті Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты мен ЮНЕСКО жайлы тәлімі мол дәріс болды.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы, Қазақстанның Халық жазушысы атағы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегерінен дәріс тыңдаған студенттер жүректеріне от тұтана келіп, Олжас ағаларының өлеңін алма- кезек оқыды. «Тұлпардың дүбірі жатқан құлынды оятады» дегендей, Олжас Омарұлы да «сабақтың» уақыты бітіп қалғанына қарамастан, сағынып қалған оқырмандарына жыр арнады.

«Мен қайғырам, Зәбір көріп қай халық

Қасіретке батар болса қайғы алып.

Айналайын, О, Қара Жер, айналшы,

Мен өлейін бірге өзіңмен айналып...»

Дәл осылай жырлаған ақынның бұл өлең жолдары Олжас Омарұлының да, кездесуге келген барша оқырман қауымның да есінде ерекше қалыпты.

Шынында да ақын қазақтар туралы көп жазды және сол жазғандарымен бүкіл әлемді қызықтыра алды. Олжас өлеңдері қазақ пен орыс арасында ғана емес, Еуропа елдері, Кіші Азия, Қытай, Америка елдері арасында өзінің асқақ қазақы үнін аспандата саңқылдатты. Ақын туындыларынан қазақ халқы бастан өткерген жарқын жылдардың қуанышқа толы сәттері мен қайғыдан көңілі қалған ұлы өмірінің беттерін құрауға болады. Қанша ғасырлар бойы үлесіне тиген көптеген ауыр сынақтарды басынан өткере отырып, өзіндік төл мәдениетін толық дерлік алғашқы қалыпта сақтай алған таң қаларлық және бірегей қазақ елі тағдырының куәсі болады. Кездесу барысында ақынның өзі қазір өлеңді көп жазып жүрмегенін, бірақ жақында Қорқыт ата туралы жақсы жаңалық болып қалатынын жеткізе келіп, дәрісін аяқтады. Ал кездесу соңында студенттер ақынды ортаға алып, естелік суретке түсті.

"Нұр Отан" партиясы Астана қаласындағы "Нұр" филиалы "Жас Отан" ЖҚ қолдауымен , Тайбасарова Арайлымның жетекшілігімен "Көшбасшылар мектебі" жобасы "Әлемдегі заманауи көшбасшылық" атты тақырыпта алғашқы сабақтарын ойдағыдай өткізді. Сабақты психолог, гештальт консультант, коуч, бизнес - жаттықтырушы, Психологиялық орталықтың директоры - Асанова Гүлзат жүргізді.Сонымен қатар, көшбасшылар мектебінің оқушылары жобаның құрылымымен танысып, командалық ойындар ойнап, жаттықтырушымен тайм - менеджмент, көшбасшылық жайлы әңгімелесіп, қажетті ақпараттар алып, видео жазбаларды тамашалады.

Көшбасшы дегеніміз - адамдарды жандандырады, мақсатқа жетуде болашақты көру қасиеті арқылы адамдарды ортақ мақсатқа бағыттайды. Джон Вон Эйкен : "Жетістік – бұл бүкіл әлемде қалыптасқан стандартқа сай болмау. Бұл үздіксіз даму және өз жеке мақсаттарына жету үшін ұмтылыс" деген.

Алдағы уақытта еліміздің ірге тасын одан әрі дамытатын, Отанымыздың басты байлығы - тәуелсіздігімізді сақтайтын, арландай мықты көшбасшылар көбейеді деген ойдамыз. "Көшбасшылар мектебіне" сәттілік тілейміз!

Партиялық билеттер табысталды

Бүгін "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалында «Нұр Отан» партиясына қабылданған мүшелерге партия билетін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты түрде партия билетін Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахметов Сапар Қайратұлы табыстады. Партияның 15 жылдығына орай, партия билеттерінің жаңа нұсқасына, билетін жаңартушылар да қалыс қалмады.Жиынға Астана қаласы мәслихатының депутаты Егінбаев Төкен Жылқайдарұлы, «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Оралов Асхат Раздықұлы мен әр саладағы маман иелері және Еуразия ұлттық университетінің белсенді студент жастары қатысты.

Айта кетейік "Нұр Отан" партиясы - қоғамды ұйымдастыратын және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін басым саяси күш. Партияның мақсаты - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.

Дәл осы партияға кіретін адамдар саны күннен күнге арта түсуде. Жаңа партия билеттері табысталған партия мүшелеріне «Нұр Отан» партиясының доктринасы мен жазушы Алдан Смайылдың «Тарих таңдаған Астана» атты кітабі сыйға тартылды. Студенттер атынан Орманша Заңғар cөз бастап, Сапар Қайратұлына алғысын білдірді. Сапар Қайратұлы нұротандықтарға өзінің жылы лебізін жеткізіп, алдағы уақытта партия мүшелерінен үлкен үміт күтетінін тілге тиек етті.

Қарашаның жиырма алтысы күні әдеттегідей кешкі сағат алтыда "Нұр Отан" партиясы Астана қаласының "Нұр" филиалы "Жас Отан" ЖҚ ұйымдастыруымен, «Зерде» қазақ тілін жетілдіру алаңының танымдық сағаты өтті. Онда «ң» әріпінің емлесі түсіндірілді. Кештің тілді жаттықтыруға, есте сақтау қабілетін дамытуға арналған жаттығулары ойды сергітіп, тың білім сыйлады. «Ң» әріпі бар сөздер жиі ұшырасқан ән айтылып, мәтін оқылды. Бүгінгі дәріс барысы тек қазақ тілін үйренушілерге ғана емес, білетін жандарға да еш артықтық етпес еді. Өйткені «ң» әріпі қазіргі кездегі мектеп бағдарламасында да өзекті тақырыптың бірі болып саналады. Осындай сабақтардың жалғасы табыла берсе екен дейміз...

- Правильное произношение и красивое звучание- вот без чего невозможно говорить на казахском языке. Сегодня на тренинге организаторы продемонстрировали нам навыки правильного произношения и скорочтения слов со специфическими буквами казахского алфавита.

Как было предложено на одном из тренингов концепция « Две звезды», действительно работает. Гораздо результативней работа в команде, где идет диалог на двух языках.

Как принято в изучении любого языка- это вовремя выполненная домашняя работа. Это уже половина успеха! Поэтому в конце каждого тренинга обучающиеся демонстрируют свою работу, и внимательно выслушивает критику организаторов. Что несомненно идет на пользу.

26.11.14 г. В главном корпусе в 303 аудитории состоялся очередной тренинг по изучению казахского языка, при поддержке МК "Жас Отан" Астанинского городского филиала "Нур" партии "Нур Отан". Для тех ,кто не знает- данные тренинги направлены на целевую аудиторию, т. е. все желающие свободно и грамотно говорить на государственном языке, и те кто хочет усовершенствовать свой разговорный навык. Мы ждем вас каждую неделю в главном корпусе 303 аудитории.

 

«Нұр Отан» партиясы «Нұр» филиалы

«Ұрпақтар сабақтастығы» акциясы аясында жастардың

Елбасының әріптесі Мырзатай Жолдасбековпен кездесуі өтті.

«Елі сүйген, елін сүйген елбасы».

Қарашаның жиырма бесінші жұлдызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалының ұйымдастыруымен «Атаның сөзі – ақылдың кені» жобасының аясында «Елін сүйген, елі сүйген елбасы» тақырыбында қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбекұлы мен елордадағы «Жас Отан» жастар қанатының қуаты қарымды, жігері жалынды жастары Еуразия ұлттық университетінде түйіп алар тағылымы мол кездесуге жиналды.

Кездесу барысына «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Оралов Асхат Раздықұлы, "Нұр" филиалы "Жас Отан" Жастар қанатының атқарушы хатшысы Мұхамеджан Болысбек және "Жас Отан" ЖҚ белсенді мүшелері куә болды.

Мырзатай Жолдасбекұлы атаулы оқу орнының тізгінін ұстаған басшы болғаны белгілі. Сондықтан болар, кездесудің ең алғашқы минуттарынан-ақ ескі естеліктермен көмкерілген университет бөлмесінің қабырғаларындағы батыр бабамыз Күлтегін мен Қазақстандай енді-енді қанаты қатайып келе жатқан бүркіт бейнелерінің ілінуі бекер еместігінен бастады. Осы жерге еліміздің президенті келіп жоғарғы оқу орнының ашылуына куә болғанын айтып, сөзін «сендер де көшбасшымыздай болыңдар» деген бата тілектен бастады. Елбасының тектілігін тілге тиек ете, лидеріміздің ұстазы болғанын, кейіннен ағалы-інідей араларындағы ізет пен құрметке толастаған қарым-қатынасты, осынау дәреже-даңққа бірліктің бекемдігімен жеткенін, кез келген кезеңдегі арадағы ажырамас түсіністікті көңіл теңізінің терең тұңғиығынан төгілте берді. Кеш қонағы оған бұйырған жоғарғы биліктің тізгіні де президенттің қырағы көзіндегі сейілмес сенімінен басталғанын баяндап, мемлекеттің босағасын берік еткен, билік пенен бірлікті серік еткен «Нұр Отан» партиясының асқақтығын айтты. Соңғы кездері алаштың ар-намысына қозғау салып жүрген Жириновскийдің «қазақта мемлекеттік болмаған» деген жалған сөзін жік-жікке талдай, дұрыс еместігін дәлелдеп кетті.

Мырзатай ағамыз тұңғыш президент күніне орай өткізілген ең алғашқы жиында жиналыс залындағы көк байрағымыздың оқыстан құлап бара жатқанын көрген Н.Назарбаевтың туды ұстап қалғанын еске алып, оның өзін жақсылыққа жорығанын айтып, бұйыртса болашақта Қазақстан Республикасының тұғырлы туының мәңгі тік болуына сенеді. Күлтегінді жаңғыртуға көп күш салған Мырзатай Жолдасбекұлы Нұрсұлтан деген атына заты сай сәулелі тұлғаны тарихтағы Абылайдың арманын орындаушы деп бағалайды. Себебі, дүниеден өтер алдындағы өсиетінде айтып кеткен Абылай ханның: «үш жүздің басын қоссам, көшпенділерді біріктіріп ел етсем, қала салсам», - деген үш арманын да жүзеге асырған хан тек Нұрсұлтан.

Кеш барысында Мағжанның «Мен жастарға сенемін» дегеніне сабақталған саралы да, саналы ақыл-кеңестер көптеп айтылды. Оның тобықтай түйіні егеменді елдің жастарының жан-жағына жалтақтамай, ақылдың айдынына шомып, ұлттық намысты кемел болашаққа қайық қылуы керектігіне саяды.
Жалпы бүгінгі кездесудегі руханилықтың қайнары Мырзатай ағамыздың айтқан ақылдарында ғана емес, тәуелсіздіктің арайлы ақ таңына арналған «Қос басар» деген күйі мен осынау өр тұлғаның жүрген жолын таныта түсетін «Бедел-ай, бөпем-ай», «Сағыныш» әндерінің орындалуында да болды. Кездесу кешінің соңында қонағымыз «Кіндігімді кескен жыр» атты кәдесін сыйға тартып тұрып дүние жинамай кітап жинау, қазіргі тірліктің электронды жүйесіне қарамастан руханилықты жоғалтпау жайлы сөз қозғап, «Жасасын «Нұр Отан», жасасын «Нұрсұлтан», жасасын «Қазақстан!»» - деген ұранды сөзімен аяқтады. Ал біз, өз кезегімізде бір жарым сағаттың ішінде ғана көкейімізге оралған қаншама ойларды елегімізден өткізе, осынау мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына зор үлесін қосқан Мырзатай ағамыз заңғар азаматтарымыздың керуен көші жалғаса берсе екен деп тіледік.

Нұрлан Сыдықовпен жастар арасында еркін форматта кездесу өтті.

Қарашаның 20 жұлдызында, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Нұр Отан» партиясы Астана қаласындағы «Нұр» филиалы "Жас Отан" Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы, елінің патриоты, өз ісінің шебері - Нұрлан Ерболатұлы Сыдықовпен еркін форматта кездесу кеші өтті. Кештің модераторы «Нұр» филиалы төрайымының бірінші орынбасары Асхат Раздықұлы Оралов болды. Кездесу барысына "Нұр" филиалы "Жас Отан" Жастар қанатының атқарушы хатшысы, саясаттану мамандығының магистранты, жас маман Мұхамеджан Болысбек және "Жас Отан" ЖҚ белсенді мүшелері куә болды.

«Бүкіл адамзаттың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» деп қазақтың ұлы жазушысы Ғ.Мүсірепов айтқандай, жастар бүгінгі қоғамның басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Нұрлан Сыдықов мырзаның кездесуге өте жоғарғы дайындықпен келгені кештің өз деңгейінде өтуінің бірден-бір себебі болды. Бұл кездесу ерекше форматпен, Нұрлан Ерболатұлы өз сөзінде «Білім мен ақпаратқа келгенде тілге бөлінбеу керек» деп қазақ-орыс тілдерінде тең дәрежеде ой қорытып, әңгіме өрбітті. Біз ертеден әзіл-қалжыңға жақын халықпыз, сондықтан да әңгіме тұздығы ретінде орынды қалжыңдар да өз орнын тапты. Нұрлан Ерболатұлы жастарға “Жас Отан” болмаса не болады? - деген сұрақ қою арқылы кездесудің шымылдығын ашты. Жастар “Жас Отанның” қажеттілігі мен маңыздылығы тұрғысында әр түрлі пікірлерін ортаға салды. «Жас Отанның қоғамдағы, жастар арасындағы басты қызметін тиімді жүргізу үшін бізде нақты миссия болу керек » - деді Нұрлан мырза. Жастармен ортақ пікір алмаса отырып, Нұрлан мырза “Жас Отанның” миссиясын жіпке тізгендей етіп нақты мысалдармен тұжырымдады. Кездесудің ең маңызды сәті де осы болды. “Жас Отанның миссиясы – жастардың аудиториясының ішінде мемлекет партиясы жақтастарының санын арттыру, сол арқылы еліміздің бас партиясы «Нұр Отанға» қолдау көрсету” деп Сыдықов мырза жастарға «Жас Отанның» ең жанды, ең маңызды құндылығын ашып берді. «Жас Отанның» мақсаты - өзінің cоңынан белсенді, отансүйгіш жастарды ерте отырып, қабілетті,мықты және абыройлы саяси жастар ұйымын құрумен қатар, мемлекетке адал қызмет ету.

«Жас Отанның» бүгінгі қоғамдағы беделі мен маңыздылығының артып келе жатқаны баршаға аян. Алғашқы құрылған сәттерде «Жас Отан» тек қана қоғамдағы жастардың тәрбиесімен, уақытын тиімді пайдаланумен ғана айналысады деген жаңсақ пікірлердің болғаны анық. Осы кездесуде бұл жаңсақ пікірдің алдына үлкен тосқауыл қойылды десем артық болмас. Бұл пікірді Нұрлан мырзада : «Біз бүгінде бұрынғыдай шар үрлеумен, футболка киюмен айналыспаймыз. Біз қазір қарапайым жұмыс түріне көштік. Қандай форматта, болмасын біздің мақсат елге адал қызмет ету» деп «Жас Отанның» бүгінгі келбетін айқындады. Кездесудің орта тұсында жастар тарапынан біршама сұрақтар қойылды. Сұрақтар әртүрлі мәселелер төңірегінде көтерілді. Сондай сұрақтардың бірі «Жас Отанның» қазіргі көрермен көзайымына айналған жастар арасындағы әзіл сайыстарын, яғни «Жайдарман» ойындарын қолдау тұрғысында болды. Бұл сұраққа Нұрлан Ерболатұлы: «Біз жастарды қолдаймыз. Оларға барлық мүмкіндікті жасаймыз. «Жайдарман» ойындарын қолдау ол жастарды саясатқа тарту емес» - деді. Кездесу барысында көптеген ұтымды ойлар мен пікірлер айтылды.

Нұрлан Ерболатұлы қорытынды сөзін Елбасының «XXI ғасырдың ең үздік партиясы – құрамында жастары көп партия » деген отты пікірімен аяқтады. Олай болса, «Нұр Отанның» ең үздік партия болуы «Жас Отандықтардың» қолында деп ой түюге болады. «Жас Отанның» мәні мен маңызына, мақсаты мен міндетіне кездесу барысында әбден қанық болған жастардан нәтижелі жұмыстар күтілетіні сөзсіз.

Сәрсенбінің сәтті күнінің әр кеші сайын әдеттегідей «Зерде» қазақ тілін жетілдіру алаңының жиыны өтті. Бүгінгі күн тілді жаттықтыратын ойлы ойындарға арналды. "Қолтырауын" (Крокодил) ойынының барысы бір зат не құбылысты атауын айтпай бір минут аралығында сипаттау, сонымен қатар, жасырын сөзді тек бір сөзбен басқа қатысушыларға айту дұрыс ойлап, дұрыс тұжырымдауға бағытталған қиындай беретін кезеңдерден тұрды. Кеште алуан түрлі тақырыптар қозғалып, үй тапсырмасы ретінде қазіргі замандағы мейірімділік жайлы ойтолғау берілді. Форматын кездесу сайын кемелдендіріп, түрлендіре түсетін орталықтың тартылымдылығын бағалайтын зерделік қауым келесі кездесуді асыға күтеді.

Астана қаласында «Жеңіс туы, желбіре!» акциясы өтті

Бүгін Астана қаласының «Қазақстан» орталық концерттік-залында «Ұлы Отан» соғысының 70-жылдығына арналған «Жастар - Отанға!» жобасы аясында «Жеңіс туы, желбіре!» атты әскери-патриоттық акциясы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты жастар арасында ұлттық, рухани құндылықтарды тәрбиелеу, өз еліне, мемлекетіне деген сүйіспеншілікті ояту, жастардың бойында патриоттық сана-сезімді жоғарлату, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

Акция барысында «Қазақстан» орталық концерт-залының алдындағы алаңда жастарды Қарулы күштер қатарында қызмет жасауына үгіттеу мақсатында дөңгелекті әскери техника, атыс-қару-жарақтары, әскери киім үлгілерінің көрмесі, әскер түрлерін таныстыру көрмесі ұйымдастырылды.

Іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхтаров Талғат, ҚР Парламенті Мәжiлiсiнiң депутаты, «Халық қаһарманы» - Ертаев Бақытжан, ҚР Парламенті Мәжiлiсiнiң депутаты, II дәрежелі «Айбын», «Құрмет», «За заслуги» ордендерінің кавалері - Смағұл Бахытбек, Астана қаласы әкімідігінің өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері, кадет мектебінің оқушылары және қаланың белсенді жастары қатысты.



Copyright © www.enu.kz 2012. Все права сохранены.

Исходный URL (загружено - 03.06.2020 / 02:00 ): www.enu.kz/studenttik-omir/zhas-otan/sharalar.php?print=Y