
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 2026: ЕҰУ студенттеріне 100-ден астам компания мансаптық мүмкіндіктер ұсынды













Еуразия ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында 100-ден астам жұмыс беруші ұйым студенттерге мансаптық мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушылар қатарында ірі холдингтер мен инвестициялық топтар, мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттары және халықаралық ұйымдар бар.
Атап айтқанда, «ҚТЖ», РМК «ҚазСтандарт», ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Астана электротехникалық зауыты, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі, Астана қаласының Полиция департаменті, Астана қалалық соты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және өзге де мекемелер қатысты.
Іс-шараға университеттің жүздеген студенттері, магистранттары, докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамы жиналды.
Ашылу салтанатына ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Астана электротехникалық зауытының техникалық директоры Олжас Қаирбаев және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің гендерлік саясатты үйлестіру басқармасының басшысы Ақмарал Бозшаева қатысты.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов еңбек нарығында табысқа жету тек дипломмен шектелмейтінін, өндірістік ортаға бейімделу, жауапкершілік пен кәсіби дағдылардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Еуразия ұлттық университетінде білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен тығыз байланыста әзірленіп келеді. Бүгінде түлектеріміздің 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасуда, бұл – білім сапасының және мамандарымыздың сұранысқа ие екенінің айқын көрсеткіші. Білім беру бағдарламаларымыз ұлттық және халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – формальды шара емес, бұл студенттердің алғашқы кәсіби қадамын жасауына, ал жұмыс берушілердің білікті мамандарды табуына мүмкіндік беретін маңызды алаң», – деді ректор.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің гендерлік саясатты үйлестіру басқармасының басшысы Ақмарал Бозшаева да сөз сөйлеп, жәрмеңкенің айрықша маңызға ие екеніне тоқталды.
«Бүгін Еуразия ұлттық университетінде студенттер мен жұмыс берушілерді біріктіретін маңызды іс-шара өтіп жатыр. Мен осы университеттің түлегімін және жұмыс берушілер кеңесінің мүшесімін. Барлық студенттерге ЕҰУ түлегі деген мәртебені әрдайым абыроймен алып жүрулерін тілеймін. Әрқайсыңыз өз кәсіби бағытыңызды табасыздар деп сенемін», – деді ол.
Студенттер де өз әсерлерімен бөлісті. «Халықаралық қатынастар» мамандығының 3-курс студенті Жансұлтан Молдахмет жәрмеңке арқылы өзіне қызықты бағыттарды анықтағанын айтты.
«Мен өзіме жақын салаларды анықтау үшін келдім. Кеңестерден кейін ҚСЗИ мен ҚМА сияқты ұйымдар қызықты екенін түсіндім. Университетке осындай ауқымды жәрмеңкелер ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Бұл бізге саналы түрде кәсіби жолымызды таңдауға көмектеседі», – деді студент.
«Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандығының студенті Айлин жұмыс іздеудің онлайн форматынан гөрі жәрмеңкелерге қатысу әлдеқайда тиімді әрі қызықты екенін атап өтті. Ол бірнеше компанияға түйіндемесін тапсырып, супервайзер лауазымына қызығушылық танытқан.
ЕҰУ-да жыл сайын өтетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі академиялық орта мен экономика секторы арасындағы өзара байланысты нығайтатын ірі алаңдардың бірі болып қала береді. Іс-шара қорытындысы бойынша жүздеген студент тағылымдамадан өтуге және сұхбатқа шақырту алды. Бұл университет түлектеріне еңбек нарығында жоғары сұраныс бар екенін тағы да дәлелдейді.
