
Болашақ IT мамандар бәсекесі: ЕҰУ-да республикалық олимпиада мәресіне жетті













2026 жылғы 24 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына орай IT-мамандықтары мен телекоммуникация студенттері арасында «Huawei негізіндегі желілік технологиялар» атты республикалық жоғары оқу орындары арасындағы олимпиада өтті.
Олимпиаданың ашылуында Huawei компаниясының өкілі Zhai Yu және Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бұл олимпиада – студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған маңызды алаң. Қатысушылар теориялық білімін тәжірибеде сынап, заманауи желілік технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын көрсетеді. Осындай білім сайыстары болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың салалық деңгейде қалыптасуына үлкен серпін береді», - деп атап өтті Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин.
Өз кезегінде Huawei компаниясының өкілі – Түйінді клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі директоры Zhai Yu олимпиаданың жас мамандардың кәсіби дамуына ықпалы жайлы сөз қозғады.
«Бұл олимпиада студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Huawei компаниясы үшін жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсету – маңызды бағыттардың бірі. Біз осындай алаңдар арқылы болашақ IT мамандарын даярлауға үлес қоса береміз», - деді Zhai Yu.
Бірінші кезеңде студенттер желілік хаттамалар мен архитектуралар бойынша теориялық тест тапсырды. Ал екінші, негізгі кезеңде қатысушылар Huawei eNSP платформасында желілік құрылғыларды баптап, берілген техникалық тапсырмаларды орындады.Түс қайта қазылар алқасы жұмыстарды бағалап, жеңімпаздарды анықтады. І, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар қатысушылар мен оқытушыларға сертификаттар беріліп, демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар ұсынылды.
Білім бәйгесінің жабылу салтанатында Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин қорытынды сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға алғыс білдірді және олимпиаданың ресми түрде жабылғанын жеткізді.
Сондай-ақ олимпиада аясында оқытушылар мен нұсқаушыларға арналған семинар ұйымдастырылып, «Сигналдан байтқа дейін: деректерді цифрландырудың практикалық тәсілдері» тақырыбында дәріс оқылды. Қатысушыларға сертификаттар табысталды.Қонақтар мен қатысушылар университеттің оқу-ғылыми зертханаларымен танысып, арнайы экскурсияларға қатысты.
Айта кетейік, бұл олимпиада студенттердің кәсіби білімін шыңдап, заманауи желілік технологиялар бойынша тәжірибе алмасуына мүмкіндік берген маңызды білім алаңына айналды.
