
ЕҰУ ректоры шығармашылық емтихан аудиторияларын аралады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов талапкерлер үшін жасалған жағдаймен танысып, шығармашылық емтихан өтетін аудиторияларды аралады.
Шығармашылық емтихандар 2026 жылғы 8–15 шілде аралығында бекітілген кестеге сәйкес өткізілуде. Биыл университетімізде мамандар даярланатын шығармашылық бағыттағы 7 білім беру бағдарламасы бойынша барлығы 821 өтініш қабылданды.
Атап айтқанда:
В005 – Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау – 106 өтініш;
В029 – Аудиовизуалды құрылғылар және медиа өндірісі – 83 өтініш;
В031 – Сән, дизайн – 68 өтініш;
В033 – Дінтану және теология – 64 өтініш;
В042 – Журналистика және репортер ісі – 194 өтініш;
В073 – Сәулет – 196 өтініш;
В142 – Қоғаммен байланыс – 110 өтініш.
Аудиторияларды аралау барысында университет ректоры емтихан үдерісінің ұйымдастырылу барысын бақылап, талапкерлер үшін жасалған жағдайларды бағалады.
«Университетте шығармашылық емтихандарды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Емтихан үдерісі әділдік, ашықтық және барлық талапкерлер үшін тең мүмкіндік қағидаттарына сәйкес ұйымдастырылуда.
Барлық талапкерлерге шығармашылық емтихандарын сәтті тапсырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін толық көрсетуге тілектеспін», – деді Ерлан Сыдықов.
Талапкерлер мен олардың ата-аналары да емтихан үдерісінің ұйымдастырылуына оң пікір білдірді.
«Баламыз үшін маңызды кезеңдердің бірінде университет тарапынан жасалған қолдауды, ұйымдастыру деңгейін көріп, көңіліміз толды. Емтихан алаңдарында талапкерлерге қажетті жағдай жасалғаны, үдерістің жүйелі ұйымдастырылғаны ата-аналар үшін үлкен сенім береді. ЕҰУ ұжымына талапкерлерге көрсетіп отырған қамқорлығы мен жауапкершілігі үшін алғыс айтамын. Барлық талапкерлерге сәттілік тілеймін», – деді талапкердің анасы Айжан Кәрісбекқызы.
