
ЕҰУ жастары Директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары, докторанттары, жас ғалымдары мен студенттері Директорлар кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбаймен кездесті. Ашық пікір алмасу форматында өткен басқосуда оқу үдерісін жетілдіру, жастардың бастамаларын қолдау, ғылыми зерттеулерге қолайлы жағдай жасау және университеттің даму стратегиясына студенттерді белсенді қатыстыру мәселелері талқыланды.
Жиынның басты мақсаты – жастарды толғандыратын мәселелерді тікелей тыңдап, олардың ұсыныс-пікірлерін университетті дамыту барысында ескеру.
Дархан Мыңбай өз сөзінде Директорлар кеңесінің университетті басқару жүйесіндегі маңызды алқалы орган екенін атап өтті. Кеңес оқу орнының даму стратегиясын айқындауға, стратегиялық міндеттердің орындалуын бақылауға және университет қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылдауға қатысады.
Кездесу барысында жастардың қоғамдағы орны, білім мен ғылымның маңызы, ұлттық құндылықтар, рухани тәрбие және ел дамуына үлес қосу, ғылыми зерттеулер жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар мен зертханаларға қолжетімділік, жобаларды қаржыландыру, халықаралық байланыстар орнату және ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру бағыттары сөз болды. Директорлар кеңесінің төрағасы жас ғалымдармен өмірлік және кәсіби тәжірибесін бөлісіп, қазіргі жастарға артылатын жауапкершіліктің зор екенін атап өтті. Ол бәсекеге қабілетті маман болу үшін сапалы біліммен қатар ізденіс, еңбекқорлық, отаншылдық және азаматтық ұстаным қажет екеніне назар аударды. Сондай-ақ жастарды уақытты тиімді пайдаланып, қоғам өміріне белсенді қатысуға шақырды.
«Сана сөзгермей, қоғам өзгермейді, қоғам жақсы болмай, жетістікке жете алмаймыз. Жастарға айтарым – уақыттың қадірін біліп, үнемі ізденісте болыңыздар. Терең білім мен табанды еңбек қана адамды биік мақсаттарға жеткізеді. Қай саланы таңдасаңыздар да, ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, ұлттық құндылықтарды бойларыңызға сіңіріңіздер. Кітап оқып, дүниетанымдарыңызды кеңейтіңіздер, жаңашылдықтан қорықпаңыздар. Кешегі Президент Жолдауында айтылғандай, білімдеріңізді туған елдің дамуына жұмсап, адалдық пен жауапкершілікті басты қағида етіңіздер», – деді Дархан Мыңбай.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жүздесуде жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, елдің қоғамдық-саяси және рухани дамуы, жастар саясаты, кәсіби бағдар мен тұлғалық қалыптасуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
«Алдағы уақытта ЕҰУ студенттері үшін Студенттер сарайын немесе студенттік бастамаларды жүзеге асыруға арналған арнайы кеңістікті қарастыруды ұсынамын.Бұл орын дебат турнирлерін, түрлі мәдени- танымдық іс-шараларды, студенттік кездесулер мен ұйымдардың жобаларын өтізуге қолайлы болар еді», - деді Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 4 курс студенті Арайлым Шандоз.
Директорлар кеңесінің төрағасы әр қойылған сұраққа жауап беріп, көтерілген мәселелерді назарға алып отырды.
«Дархан Мыңбаймен өткен кездесу біз үшін тағылымды әрі мазмұнды болды. Әсіресе оның білімді үздіксіз жетілдіру, уақытты тиімді пайдалану және ашық, достыққа адал болу, елге мінсіз қызмет ету туралы айтқан ойлары ерекше әсер қалдырды. Осындай кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп, болашаққа деген сенімін нығайтады. Бүгінгі жүздесуден өзіме пайдалы кеңес алып, жаңа мақсаттар белгіледім», – деді филология факультетінің 2 курс студенті Әзімхан Бекарыс.
Тағылымды кездесу ЕҰУ жастары үшін тәжірибе алмасып, жаңа ой түюге мүмкіндік берген мазмұнды алаңға айналды. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
