
Дана Нұржігіт пен Тамара Дүйсеновамен ашық кездесу: студент кәсіби жолын қалай қалыптастыра алады?

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Саяси менеджмент - мемлекеттік қызмет» тақырыбында «Әділет» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова мен журналист, тележүргізуші Дана Нұржігіттің қатысуымен ашық диалог өтті.
Іс-шара академиялық қауымдастық өкілдері мен студенттердің басын қосты.
Кездесуді ашқан ЕҰУ-дың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы іс-шараның жастарға кәсіби бағдар беретін маңызды диалог алаңы екенін атап өтті. Ол елордада студенттердің сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндіктер жасалғанын айтты. Сондай-ақ проректор жастарды еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуге, жаңа білім мен дағдыларды үздіксіз меңгеруге шақырды.
«Бүгін сіздер тәжірибелі мамандардың құнды пікірлерін тыңдап, кәсіби болашақтарыңызға қатысты маңызды бағыт-бағдар аласыздар. Университет сапалы білім беруге ерекше көңіл бөледі, ел дамуына үлес қосатын бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары кадрларды тәрбиелейді. Бұл кездесу сіздерге жаңа серпін беріп, жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін», - деп атап өтті спикер.
Ашық диалог қатысушыларға елорданың жастарға білім алу, кәсіби даму және жұмысқа орналасу салаларында ұсынатын мүмкіндіктерін, сондай-ақ мемлекеттік қызметшіге қажетті қасиеттер мен кәсіби тәжірибенің маңызын талқылауға мүмкіндік берді.
Тамара Дүйсенова мансапты дұрыс жоспарлаудың, жаңа дағдыларды меңгеру арқылы үздіксіз білім алудың маңызын атап өтті.
«Еңбек нарығы жас маманнан диплом мен теориялық білімді ғана емес, өзгерістерге тез бейімделу қабілетін, жауапкершілік пен бастамашылдықты талап етеді. Астана – өз білімі, қабілеті мен идеяларын жүзеге асыруға ұмтылатын жастар үшін үлкен мүмкіндіктер қаласы. Ең бастысы – алдыға нақты мақсат қойып, үнемі дамуға ұмтылу», – деді мемлекет қайраткері.
Дана Нұржігіт жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуының, ұлттық құндылықтарды сақтаудың және азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығы туралы ой бөлісті. Ол студенттерді өз мамандығын жетік меңгеруге және адал еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
«Жастар біліммен қатар ел тағдырына жанашырлық сезімі мен қоғамдық жауапкершілікке ие болуы тиіс. Қазіргі жастар нәтижеге тез қол жеткізуге ұмтылады. Әрбір адам өз саласының кәсіби маманы болуға және қоғамға пайда әкелуге ұмтылуы керек... Мен әскери киімнің базарда сатылуына қарсымын. Намысы бар адам өзінің әскери киімін базарда сатпайды... Жасанды интеллект адамның қолы мен жүрегін алмастыра алмайды... Ал Астана – батыл бастамалар мен жаңа идеяларға жол ашатын қала», – деп атап өтті журналист.
Кездесу барысында спикерлер студенттердің жұмысқа орналасу, мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қолдау, жастар кәсіпкерлігі және кәсіби даму туралы сұрақтарына жауап берді.
Қатысушылар мұндай диалог алаңдары жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдарын анықтауға және болашаққа сеніммен қарауға көмектесетінін атап өтті.
«Кездесу мазмұнды әрі пайдалы болды. Спикерлердің кәсіби жолды дұрыс жоспарлау, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу және жаңа дағдыларды меңгеру туралы кеңестері бізге болашаққа бағыт-бағдарымызды анықтауға көмектесті. Мұндай кездесулер өз күшімізге деген сенімді арттырады және ынталандырады», – деп бөлісті ЕҰУ Экономика және туризм жоғары мектебінің төртінші курс студенттері Жұмаділ Нұрдәулет пен Ахметжан Төлегенов.
Кездесу соңында проректор Ләззат Төлегенқызы Экономика және туризм жоғары мектебінің оқытушыларына «Мемлекеттік және жергілікті басқару менеджменті» білім беру бағдарламасын дамытуға қосқан үлесі, ғылым мен білім саласындағы жемісті қызметі, сондай-ақ білікті кадрлар даярлаудағы кәсіби жұмысы үшін алғыс хаттар табыстады.
Сонымен қатар іс-шараның құрметті қонақтары Тамара Дүйсенова мен Дана Нұржігітке «ЕҰУ- ға 30 жыл» мерекелік медальдары табысталды.
