Цзянси провинциясының әкімшілігі ЕҰУ-мен ынтымақтастық орнатуға мүдделі
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Цзянси провинциясының (ҚХР) халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ху Шичжун бастаған делегация келді. Сапар мақсаты – Цзянси провинциясы мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
Қытай делегациясымен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов кездесті. Ол аспан асты елінің қонақтарына университет туралы, оның халықаралық білім беру кеңістігіндегі жетістіктері және әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштері туралы қысқаша айтып берді.
Е.Сыдықовтың айтуынша, ЕҰУ Қытайдың 20 университетімен ынтымақтасады, университетте Конфуций институты жұмыс істейді және қытай филологиясы кафедрасы ашылған, қытай тілін оқытуға Қытайдан шетелдік мамандар тартылуда. Әр түрлі мамандықтарда Қытайдан 100-ден астам білім алушы, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Сиань шет тілдер университеті мен Шанхай шет тілдер университетінен 10-ға жуық студент оқиды.
«Қазір біз «Биология», «Химия» және «Қолданбалы химия» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру аясында Наньин Педагогикалық Университетімен жұмыс істеп жатырмыз, сонымен қатар «Экономика», «Халықаралық сауда» және «Қаржы» бағдарламалары бойынша Нанкай университетімен магистратурада ынтымақтасуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарламаларды аяқтаған соң түлектер ЕҰУ дипломын алады. Біз қытай тілін үйренуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз, бүгінде қытай тілі халықаралық қатынастар және филология факультеттерінде оқытылады», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры.
Ерлан Сыдықов Цзянси провинциясының өкілдерін академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ынтымақтастыққа және профессорлар мен оқытушыларды ЕҰУ-ға жұмысқа, сондай-ақ қытайлық ғалымдарды бірлескен ғылыми жұмыстар мен басылымдарға тартуға шақырды.
ЕҰУ ректорының ұсыныстарын Цзянси провинциясы халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ху Шичжун қолдап, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
«Біз білім беру мәселесіне үлкен көңіл бөлеміз. Біздің провинцияда 45 миллион халық, 19 ЖОО бар, білім алушылардың деңгейі 57,7 пайызды құрайды. 47 ЖОО шетелдік студенттерді қабылдауға құқылы. Қазір бізде халықаралық ынтымақтастық бойынша 87 жоба бар, әртүрлі елдерде 14 Конфуций институты ашылды.
ЕҰУ мен Цзянси провинциясы арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар деп санаймын. 1901 жылы құрылған Юцзян университетінде әртүрлі салаларда 88 бакалавр бағдарламасы бар. Университет өзінің ауқымды халықаралық ынтымақтастығымен белгілі және қытай тілін оқыту орталықтарының бірі ретінде танымал. Осыған байланысты бүгінгі сапардың мақсаттарының бірі – кәсіби байланыстар орнату және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Сіздің университетіңіздің де студенттерді даярлауда мол тәжірибесі бар екеніне көзіміз жетіп отыр, сондықтан біз белсенді түрде тәжірибе алмасуымыз керек», - деп түйіндеді сөзін Ху Шичжун.
Кездесу нәтижесінде тығыз ынтымақтастық және одан әрі жоғары оқу орындары арасында меморандумдарға қол қою туралы шешім қабылданды.