
ЕҰУ «Digital Almaty 2025» цифрлық форумында







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институтының зерттеушісі Нурзада Амангелді «Digital Almaty 2025: Industrial AI: Жаңа дәуірге арналған технологиялар» халықаралық цифрлық форумында адамдардың мүмкіндігі шектеулі жандармен коммуникациясын жақсартуға арналған интеллектуалды сурдоресурстар кешенін әзірлеу бойынша стартапын таныстырды. Оның қатысуы Инновациялар дамыту департаментінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Алматыда өткен цифрлық форумға академиялық, кәсіпкерлік және бизнес құрылымдарының өзара әрекеттестігін дамыту мақсатында «ENU-LAB» ҒӨО директоры Марат Конканов пен ЕНУ Инновациялар дамыту департаментінің бас маманы Салтанат Бектұрғанова да қатысты. Олардың айтуынша, инновациялық технологияларды тиімді енгізу және Қазақстандағы IT-экожүйені дамыту үшін академиялық орта мен бизнес құрылымдарының интеграциясы өте маңызды.
Айта кетейік, 2025 жылғы 31 қаңтар – 1 ақпан аралығында Алматыда жасанды интеллект технологияларын өнеркәсіпке енгізуге арналған «Digital Almaty 2025» халықаралық цифрлық форумы өтті. Форумның басты тақырыбы – өнеркәсіптік жасанды интеллект (Industrial AI) шешімдерін енгізу, яғни күрделі өндірістік процестерді автоматтандыру мен оңтайландыруға мүмкіндік беретін озық технологиялар болды.
Форум барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен келген сарапшылар, кәсіпкерлер және технология саласының мамандары тақырыптық талқылауларға қатысты.
Сондай-ақ, Industry 4.0 AI Battle байқауы өтті, онда жасанды интеллект саласындағы стартаптар өз категорияларында үздік атану үшін бақ сынасты.
Форум аясында Қазақстанның ірі жер қойнауын пайдаланушылары, өнеркәсіптік стартаптар, технопарктер мен технологиялық компаниялар IT-экожүйе бағытындағы өз әзірлемелерін таныстырды.
