
«Заң және тәртіп»: Астананың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ЕҰУ оқытушылары мен студенттерімен кездесу өткізді












Қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында ЕҰУ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің бастамасымен Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің орынбасары Жігер Байділдиннің және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың қатысуымен университеттің студенттерімен және оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.
Жігер Байділдин өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың және мемлекеттік органдар мен жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол өз кезегінде білім беру процесінде құқықтық сананы қалыптастыру қажеттігіне назар аударып, оқытушылар мен студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ерікті Әлібек Молданиязов шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, сыбайлас жемқорлық және оның алдын алу жолдары туралы тәжірибесімен бөлісті. Волонтер сонымен қатар жастардың өмірдің түрлі салаларында ашықтық пен адалдықты арттыруға бағытталған қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ университет жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Әділет» клубының белсендісі оқу орнының қабырғасында ұйымның ағымдағы қызметін таныстырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері талқыланды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша идеялар ұсынылды. Барлық ұсыныстар ескеріліп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет назарына алынды.
Кездесуді аяқтай келе, қатысушылар білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімді қалыптастыру саласында одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді, бұл елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдың маңызды қадамы болады.
