
ЕҰУ-дің Тұрақты даму орталығы Алматыда климаттық тәуекелдерге арналған семинар өткізді











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұрақты даму орталығы Satbayev University-мен бірлесіп және Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен «Сумен байланысты климаттық қауіптер: құрғақшылық, су тасқыны және аптап ыстық» тақырыбында семинар өткізді.
Іс-шара IKI / GIZ «DIAPOL-CE - Климатты қорғау стратегиялары саласындағы саясат пен білімді басқару жөніндегі диалог» атты жаһандық жоба және «Климаттың өзгеруіне бейімделу және білім беру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Семинар ғылыми қауымдастық өкілдерін, халықаралық ұйымдардың сарапшыларын, сондай-ақ Қазақстан, Түркіменстан және Тәжікстан жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарын біріктірді. Қатысушылар Орталық Азиядағы климаттық қауіптерді және оларды азайту жолдарын талқылады.
Негізгі мәселелер:
- ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымға әсер ететін құрғақшылық пен су тасқыны;
- аптап ыстық пен оның еңбек өнімділігіне және халық денсаулығына әсері;
- шекарааралық су ресурстарының тәуекелдері;
- климаттық жобаларды жүзеге асырудағы құқықтық және беделдік тәуекелдер.
Ұсынылған жобалық идеялар:
- Органикалық қалдықтарды өңдеу жүйесін құру – метан шығарындыларын азайту және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамыту.
- Орталық Азия сирек кездесетін өсімдіктерінің генетикалық банкін қалыптастыру – биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді қалпына келтіру мақсатында.
- Экотуризм нысандарында суды қайта пайдалану жүйесін енгізу – табиғи ресурстарға түсетін қысымды азайту үшін.
- Дарваза кратерін зерттеу және консервациялау жобасы – экологиялық және әлеуметтік қауіпсіз шешімдерді табу мақсатында.
Семинар нәтижелері Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ұлттық жоспарды әзірлеуде ескерілетін болады.
Келесі кезең - 16 қазанда өтетін онлайн-семинар, онда қатысушылар жобаларын толықтырып, олардың өңірлік стратегияларға интеграциялану мүмкіндіктерін талқылайды.
