
ЕҰУ қызметкерлері ISO 14001 халықаралық сертификатынан өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері «CT PK ISO 14001-2019 стандарты бойынша экологиялық менеджмент жүйелерінің ішкі аудиторы» курсын сәтті аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды.
Capital Training Center ұйымдастырған оқыту бағдарламасы экологиялық менеджмент саласындағы құзыреттерді дамытуға және халықаралық тұрақты даму стандарттарын практикалық тұрғыда қолдануға бағытталды. Курстың барысында қатысушылар ISO 14001 стандартының негізгі қағидаттарымен, ішкі аудит жүргізу әдістерімен, экологиялық тәуекелдерді бағалау тәсілдерімен және экологиялық үдерістердің тиімділігін арттыру құралдарымен танысты.
CT PK ISO 14001-2019 стандарты - халықаралық ISO 14001:2015 стандартының ұлттық бейімделген нұсқасы болып табылады. Ол ұйым қызметінің экологиялық аспектілерін басқарудың жүйелі тәсілін қамтамасыз етеді және қоршаған ортаға кері әсерді азайтуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, сондай-ақ университеттегі экологиялық мәдениетті нығайтуға мүмкіндік береді.
Алынған білім мен дағдылар университет қызметкерлеріне ішкі аудит жүргізуге, экологиялық талаптардың орындалуын бақылауға және үдерістерді тұрақты даму қағидаттарына сәйкес жетілдіруге мүмкіндік береді.
Қызметкерлердің сертификатталуы ЕҰУ-дың Тұрақты даму саясатын іске асырудағы және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі маңызды қадам болып табылады, атап айтқанда:
ТДМ 4 «Сапалы білім беру» - персоналдың экологиялық құзыреттерін арттыру арқылы;
ТДМ 12 «Жауапты тұтыну мен өндіру» - экологиялық тиімді тәжірибелерді енгізу арқылы;
ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» - университеттің қоршаған ортаға әсерін басқару арқылы.
ЕҰУ-да экологиялық менеджмент жүйесін енгізу – университеттің ұзақ мерзімді стратегиясының ажырамас бөлігі. Бұл бастамалар университетті тұрақты даму қағидаттарын барлық қызмет салаларына интеграциялайтын экологиялық жауапты жоғары оқу орны ретінде нығайтуға бағытталған.
