
ЕҰУ-да мұнай-газ химиясы және полимерлік материалдар зертханасы ашылды











Республика күні қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мұнай-газ химиясы және полимерлік материалдар зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Зертхана заманауи талдамалық және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген, жалпы құны 300 миллион теңгеден асады. Бұл жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруы арқылы жүзеге асты. Сонымен қатар, зертхананың ашылуына Энергетика министрлігі, Қазақстанның Мұнай-газ химиясы қауымдастығы, «ҚазМұнайГаз» АҚ және басқа да компаниялар қолдау көрсетті.
Жаңа ғылыми алаң ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы көпірге айналмақ. Мұнда жүргізілетін зерттеулер нақты сектордың міндеттерімен тығыз байланысты – көмірсутек шикізатын қайта өңдеуден бастап жаңа полимерлік композиттер мен қайта өңдеу технологияларын жасауға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Іс-шараға ЕҰУ-дің Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, ҚР Энергетика министрлігінің Техникалық реттеу және интеграция басқармасының басшысы Әлия Дүйсебаева, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдықтарды басқару департаментінің бас сарапшысы Айнұр Батырханова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Әлия Сембаева, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу басқармасының бастығы Олжас Қайдағұлов және ғалымдар қатысты.
«Жаңа зертхананың құрылуы – зерттеу университеттерінің алдына қойылған басты міндетті орындауға бағытталған нақты қадам. Бұл – зерттеулердің қолданбалы сипатын арттыру, өнеркәсіп кәсіпорындарымен ынтымақтастықты дамыту, жаңа өнімдер мен технологияларды өндіріске енгізу арқылы ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін күшейту», - деді Жанна Құрманғалиева.
Бүгінде зертханада 30-дан астам жас ғалым ғылыми жұмыстар жүргізуде. Полимер өндіретін отандық компаниялармен тәжірибелік байланыс орнатылған. Зертхананың ғылыми нәтижелері өңдеу өнеркәсібін дамытуда, салалық стандарттар мен регламенттерді әзірлеуде, сондай-ақ кадрлар даярлауда қолданылмақ. Бұл өз кезегінде мұнай-газ химиясы саласында технологиялық дамуына негіз қалайды.
«Біз тек зертхана ашып жатқан жоқпыз – жаңа материалдар, технологиялар мен идеялар туындайтын кеңістік қалыптастырып отырмыз. Бұл бастама қазақстандық өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосады», - деді зертхана жетекшісі, қауымдастырылған профессор Гайни Сейтенова. Ол - «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі және мұнай өңдеу, мұнай-химия және полимерлік материалдар саласындағы халықаралық сарапшы.
Іс-шара қатысушылары зертхананың студенттер үшін тәжірибелік базаға айналатынын атап өтті. Онда олар теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға және ғылыми зерттеулерге қатысуға мүмкіндік алады.
«Бұл зертхананың ашылуы - өте маңызды қадам. Өйткені адами капитал – еліміздің дамуының негізгі қозғаушы күші. Білікті мамандарсыз ешбір өнеркәсіп саласы өркендемейді. Мемлекет пен ұлттық компаниялар тарапынан сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіледі», - деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай өңдеу басқармасының бастығы Олжас Қайдағұлов.
