
«1+2 моделі» бойынша волонтерлерге оқыту курсы





ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығы «1+2» моделі бойынша мүгедектігі бар жандарды сүйемелдеу жөніндегі волонтерлерге арналған оқыту курсын ұйымдастырды.
Мақсаты – университеттің инклюзивті білім беру ортасын дамытуға қатысатын волонтерлердің әлеуетін арттыру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді қолдау дағдыларын қалыптастыру.
Оқыту үш модульден тұрды. Бірінші модуль инклюзия мен волонтерлік қызметке кіріспеге арналды. «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің спикерлері қатысушылармен инклюзивті ортадағы волонтерлердің рөлі, этикалық қағидаттар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен өзара әрекеттесудің шекаралары, сондай-ақ «1+2» моделі бойынша сүйемелдеу қағидаттарын талқылады. Шағын топтардағы жұмыс барысында қатысушылар вербалды және вербалды емес қолдау тәсілдерін меңгерді.
Екінші модуль практикалық бағытта өтті. «Асыл амал» қоғамдық қорының мамандары студент-волонтерлерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетіп, практикалық жаттығулар өткізді. Сабақ барысында волонтерлер білімдерін бекітіп, төтенше жағдайларда сабырлы әрі үйлесімді әрекет етуге үйренді.
Үшінші модульді әлеуметтану кафедрасының оқытушысы Жұлдыз Сембина таныстырды. Ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен волонтерлік қызметте тиімді коммуникация мен эмоционалды интеллект дағдылары туралы егжей-тегжейлі айтып, сондай-ақ физикалық, коммуникативтік және әлеуметтік кедергілер мен оларды еңсеру жолдарын талқылады.
Курс аяқталған соң қатысушыларға ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығы әзірлеген «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен қарым-қатынас мәдениеті мен этикасы» нұсқаулығы табысталды.
Оқыту нәтижесінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқитын студенттер мен ЕҰУ колледжінің өкілдерін қоса алғанда, 57 студент-волонтерге оқу курсын аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Алынған білім мен дағдылар оларды ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді тиімді сүйемелдеуге және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
